Саябақтар мен гүлзарлардан не көрдік?
Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында бас қалада саябақтар мен гүлзарларды кешенді көгалдандыру, абаттандыру жұмысы қаралды. Оның алдында осы іс-шараға дайындық мақсатында мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері қалада орналасқан саябақтар мен гүлзарларды аралап, көшпелі жиындар өткізді.
Аралау барысында олардың басым көпшілігінде плиткалар мен брусчаткалары бұзылып, тұрғындардың еркін жүріп-тұруына қиындық туғызып жатқаны анықталды. Кейбір саябақтарда үй жануарларын серуендетуге арналған жабдықталған аймақтардың жоқтығы да байқалды.
Қала тұрғындарының серуеніне жағдай жасау үшін саябақтарда жаңбырдан, күннен және желден қорғайтын шатырлар болуы керек. Ал ауа райының күрт өзгеруіне бейім елордада ондай жабдықтар қарастырылмаған.
Саябақтарда орналасқан әртүрлі дәмханаларға, павильондарға және дәретханаларға нұсқайтын навигациялардың аздығы көзге түсті.
Елордада 1,9 млн ағаштар және 14,6 млн екпе жасыл белдеуде өсу үстінде. Соңғы 5 жылдық көрсеткішке қарасақ, елорданың аумағына 3,6 миллионнан аса жасыл желек отырғызған. Оның ішінде қала бойынша – 1,1 миллион, жасыл белдеу аумағында 2,4 миллион ағаш отырғызылған.
Қазіргі уақытта «Қазақ елі» алаңын, «Бейбітшілік және келісім» саябағын, Президенттік саябақты, «Керуен» саябағын және басқаларын абаттандыру және реконструкциялау бойынша жобаларды іске асыру жүргізілуде. Бұған қоса, жол бойындағы жасыл желектерді байланыстыра отырып, саябақ аймақтарын ұлғайту арқылы 5 жыл ішінде 14 шаршы метрден 19 шаршы метрге дейін аумақты көгалдандырып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсаты қойылды.
Суаруды жақсарту үшін автоматтандырылған жергілікті суару жүйесі ұйымдастырылды. Қала бойынша 72 саябақ пен скверлерге 242 га алаңға жергілікті суару жүйелері орнатылады, олар 12 100 м3 суды тәулігіне суаруды қамтамасыз етеді. Суды үнемдеу және суару тиімділігі үшін тамшылатып суару жүйесі де қолданылатын болады.
Жалпы Астана қаласында саябақтар мен гүлзарларды кешенді көгалдандыру, абаттандыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Қала бойынша жасыл желектердің сапасы артып, жаңа гүлзарлар салынуда.
Кендебай Адамбек,
Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы