Энергия – өркениет өрісі
Әлем төртінші өнеркәсіптік революция табалдырығында тұр. Заманауи озық технологиялар кезеңінің негізгі көзі – интернет пен энергия. Әсіресе екіншісінсіз мақсат негізсіз болады. Сондықтан «ақылды қалалар» концепциясын ілгерілетуді жоспарлаған мемлекеттер ең бірінші тұрақты электр энергия көзін шешуді басымдық етуде. Онсыз өнеркәсіптік революция іске аспайды. Міне, электр энергиясының маңызын осыдан-ақ түсінуге болады.
Энергия алудың қандай көздері бар? Біз білетін әрі тұтынып жүрген көмір және газ станциялары энергияның көзі болып отыр. Баламалы энергия көздеріне жел, күн, суды қосуға болады.
Елдегі ірі қалаларда жұмыс істеп тұрған ЖЭС-тердің басым көпшілігі 70-жылдары салынды. Жылу жүйелерін күрделі жөндеуді немесе жаңартуды талап етеді.
Кейінгі жылдары халық саны көбейіп, бизнес субъектілері мен ірі өндіріс орындарының қуаты артуда. Сондай-ақ төртінші өнеркәсіптік революциясының негізгі құралдары – IT, 3D, роботтехнология өмірімізге дендеп енуде. Ал ағымдағы жағдаймен энергетикалық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүлде мүмкін емес.
Бірнеше басқосуда атом энергетикасының перспективалары туралы талқылап, энергетиктермен пікір алмастық. Сонда энергетик инженерлер мен ғалымдар АЭС-тің маңызын жан-жақты түсіндіріп берді.
Әрине, бәріміздің бойымызда атом радиациясына байланысты үрей бар. Совет әскерилері мен ғалымдары Семей ядролық полигонында 460 ядролық, термоядролық және сутег қаруларды жерде, әуеде, жер астында және суда жарылыс жасады. Семей өңірімен бірге Павлодар облысының Май ауданы радиациядан біршама зардап шекті. Бірақ қарудың жөні бір бөлек, бейбіт атомның жөні бір бөлек екенін түсінуіміз керек. Энергиясыз қараңғы түнекте қаламыз. ЖЭС жаңартып, жаңғыртып, дамыта берсек, халықаралық міндеттерді орындай алмаймыз.
Қайбір жылы Екібастұздағы ЖЭС апат орын алып, қала тұрғындары жылусыз қалғанда қатты алаңдап, белсенді азаматтармен бірлесіп, сауда орындарынан электрмен жылытатын құралдарды іздеп, тапқанымызды кеншілер қаласына тасыдық. Ауыр күндер артта қалды. Егер жарықсыз қалғанда қалай болар еді. Қақаған қыста қала тұрғындарын эвакуациялау керек болады. Шүкір, Үкіметтің қамқорлығы мен ел-жұрттың ауызбіршілігінің арқасында қиындықты еңсердік. Енді мұндай жағдай қайтып қайталанбасын.
Бізге келешектегі қиындықтарды болдырмау үшін жаңа энергия көзін іздеп, қазірден іске қосудың қамын жасау керек. «Жасыл» энергияға жататын атом энергетикасын сол себепті дамыту керек. Көрші Өзбекстан АЭС салуды бастап кетті. Тіпті, шөл далада Біріккен Араб Әмірлігі атом энергетикасының игілігін көруде. Оңтүстік Африка Республикасы АЭС-тен энергия алып отырса, Египет іске қосуға ниетті. Яғни әлемдік қауымдастық атом энергетикасынан жарық алып отырғанда, көштен қалып кетуіміз өзімізге сын болады.
Біздің түсінгеніміз, энергетикалық тәуелсіздік – нағыз тәуелсіздіктің қайнары. Өйткені энергия – өркениет өрісі, энергиясыз өркениет көшіне ілесе алмаймыз.
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ,
Парламент Мәжілісінің депутаты