Дүниежүзілік қарттар күніне концерт ұйымдастырылады
Астанада Дүниежүзілік қарттар күніне орай концерт ұйымдастырылады, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Елорда әкімдігінің ресми сайты таратқан мәліметке сәйкес, Дүниежүзілік қарттар күніне орай Астанадағы орталық саябақта мерекелік концерт өтеді.
1 қазан күні сағат 15:00-де басталатын іс-шарада №5573 әскери бөлімнің әскери оркестрі, «Парасат» ансамблі және «Үркер» аула клубының балалары өнер көрсетеді. Концерт алаңы Beeline Arena маңында орналасады.
Естеріңізге сала кетейік, 9 шілдеден бастап Қазақстанда мұқтаж жандарға көмек көрсетуге әрбір қазақстандықтың жеке қатысуы арқылы қайырымдылық және волонтерлік мәдениетін дамытуға бағытталған «Игі істер марафоны» жобасы басталды.
Сондай-ақ, www.qazvolunteer.kz платформасында «Мейірімділік көрсеткіші» тетігі орналастырылды. Ол «игі істердің» жалпы санын есептейді.
Бүгінгі таңда қазақстандықтар 2045 игі іс жасаған. Жалпы, іс-шараларға ел бойынша 24 мыңға жуық адам қатысты.
Марафон 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Желтоқсан айында белсенді қатысушыларды «Ең мейірімді өңір», «Ең мейірімді ұжым», «Ең мейірімді оқу орны», «Ең мейірімді ауыл» секілді 10 номинация, соның ішінде марафонды ақпараттандыруға белсенді қатысқан БАҚ өкілдері үшін де арнайы номинация бойынша салтанатты марапаттау рәсімін өткізу жоспарлануда. «Игі істер марафоны» жобасына қатысу үшін толық ақпаратты www.qazvolunteer.kz сайтынан алуға болады.
23 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Қарттар күніне арналған үшінші «Мейірімділік апталығы» өтуде.