«Atamnyn Amanaty» футболдан турнир ұйымдастырды
Қорғаныс министрлігі «Atamnyn Amanaty» қоғамдық ұйымымен бірлесіп, Астана колледждерінің студенттері арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Спорттық іс-шараға «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ, «Застава тарландары» РҚБ және «Ауғанстан және жергілікті соғыстар ардагерлерінің одағы» ҚБ қолдау білдірді.
Спорттық іс-шара Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына, сондай-ақ кіші сержант Раджан Батырқановтың ерлігіне 30 жыл толуына орайластырылды.
Екі күн ішінде «Жетісу» мәдениет және демалыс саябағындағы футбол алаңы студенттердің иелігінде болады. Шағын футболдан өткен біріншілікке барлығы 13 команда қатысуда.
– Біздің ұйымның барлық қызметі жастарды жадын жаңғыртуға, оларды рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған, – деді «Atamnyn Amanaty» ҚБ басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев. – Ержүрек шекарашы ерлік жасағанда турнирге қатысушылардың жасында болатын. Кіші сержант Раджан Батырқанов Тәжік-ауған шекарасындағы дербес қазақстандық біріккен батальонның Күршім взводы құрамында қызмет атқарды. 1994 жылы 28 қыркүйекте ол содырлармен болған шайқаста ерлікпен қаза тапты.
Шекара бұзушы қарулы топпен шайқаста ол кеудесін оққа тосты. Сол шайқасқа қатысушылардың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданынан келген он тоғыз жасар жігіт өзінің көптеген әріптестерінің өмірін сақтап қалған.
2000 жылдан бастап Қазақстан, Ресей және Қытай шекараларының түйіскен жерінде орналасқан еліміздің ең биік шекара бөлімшесі Раджан Батырқановтың есімімен аталады. Қаза тапқаннан кейін ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бүгінде Катонқарағайдағы бір көше мен мектепке Раджан Батырқановтың аты берілген.