Қазақстан ең қауіпсіз атом стансасын таңдайды
Қазақстанның Азаматтық альянсы бір жарым жылдай АЭС салу мәселесі туралы іздене келе ең дамыған мемлекеттерде атом энергетикасы экономикаға жұмыс істейтініне көз жеткізген. Бұл туралы Альянс президенті Бану Нұрғазиева баяндап, Қазақстан АЭС салар болса ең қауіпсізін таңдайтынын айтты.
-Атом энергиясы – бүгінгі кезеңде ең таза қуат көзі. Бұл жасыл экономиканы дамытуға септік етеді. АЭС арқылы ауаға зиянды қалдықтар бөлінбейді. Тәуелсіз ел болғанмен энергия жағынан тәуелді болуымыз дұрыс емес. Оған қажетті отынды өзіміз шығарып отырмыз. Шығыс Қазақстанда Үлбі зауытында уран таблеткалары Қытайға, шетелдерге сатылады. Сол мүмкіндікті пайдалануымыз керек.
Өзім басқаратын салада, яғни ҮЕҰ-дар тарапынан да сұрақтар көп қойылды. Әлемдік тәжірибедегі 3 ірі АЭС апаты біздің халқымыздың қорқынышын қалыптастырған. Сол қорқынышты сейілту үшін айтарым – Семейдегі полигон шын мәніндегі сынақ алаңы болған. Басқа апаттардың да қазіргі біздің жағдайға қатысы жоқ. Бүгінде біздің айтып жүргеніміз бомба немесе полигон сынағы емес, бейбіт атом стансасы туралы. Қазақстанда қазіргі таңда электр энергиясының 70 пайызы көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-лар өндіреді. Ал көмірді жағудан бөлінетін парниктік газдан ауа-райы өзгерістерге ұшырауда. Атом стансасы уран таблеткасымен жұмыс істейді. Одан бөлек елімізде 46 күн, 59 жел стансасы бар. Солардың күшімен 6,5 пайыз электр энергиясы өндіріледі. Бұл тым аз. Осыншама стансаны салғаннан гөрі бәрінің орнына бір АЭС салу әлдеқайда тиімді. Әрине, қалған энергия көздері де қосымша дами береді, оларды ешкім тоқтатпайды.
Әлемдік деңгейді алсақ, АҚШ атом стансасы бойынша бірінші орын алады. Алып елде 94 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Қазақстан аумағына бес Франция сияды деп мақтанамыз. Сол бір Францияда 56 АЭС бар. Осы елдерді үлге ете отырып, үміткерлер қатарындағы мемлекеттердің ішінен Қазақстан ең қауіпсіз атом стансасын таңдайды. Себебі бізге экономикамыз тұрақты дамуы үшін экологиялық таза әрі қауіпсіз, үздіксіз күшті қуатпен энергия беретін көз керек.