Басты ақпаратРуханият

Ғибратқа толы ғұмыр

Әу баста жүрек қалауымен таңдап алған мұғалімдік мамандығын журналистикамен ұштастырып, қайраткерлігімен танылған Сайраш Әбішқызының есімі қалың қазаққа жақсы таныс. Қазақстан білім беру саласының құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің, Журналистер одағы сыйлығының иегері, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы. Абырой-атағы осылайша тізбектеліп кете береді. Бұл, әрине, ел мұраты жолында тынбай ізденіп, төккен терінің жемісі.

1944 жылы 13 мамырда бұ­рынғы Семей, қазіргі Абай облысы Ақсуат ауданының Ерназар ауылында қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүние­ге келген қыздың тағдыры да ерекше. Сегіз айлығында әжесі бауырына басып, ауыз әдебиеті­нің, ертегілер мен жыр-аңыз­дардың сиқырлы әсеріне бөлеп, ұлттық педагогикамен сусындап өсіреді. Сол тәрбие Сайраш Әбішқызын қазақ елінің көркеюі жолында тынбай еңбек етемін деген мақсатқа жетеледі.

Әжеден алған ұлағат

Бала Сайраш кішкентайы­нан өзіне сенімді, мейірімді де көпшіл болып бой жетті. Бұған қоса, әжесі ерлік пен өрліктің аражігін ашып берді, ауыз әдебиетінің құнарын сіңіріп, батырлар жыры арқылы ширатты, белін буып, нық қадаммен болашаққа аттандырды. Жасына қарай білуі керектің бәрін, алғашқы әліппені де үйреткен сол кісі – Рахима әже еді. Ақыл-парасаты мен өмір тәжірибесі бір басына жетерлік жанды жұрт ерекше сыйлайтын. Соларға еріп Сайраш та оны «апа» дейтін.

Әкесі Әбіш Сталинград шайқасында жараланып, ұрысқа қайта кіргенмен, Дондағы ­Ростов майданында шынтақтан ауыр жарақат алып, бірнеше ай емделіп, бірінші топтың мүгедегі болып, 1943 жылдың ақпанында елге оралады. Келесі жылы, 42 жасында сәбилі болған ұлының қуанышы ұзаққа созылса екен, соғыста жүрген екі ағасы аман-есен оралып, сайрандап жүрсін деген ниетпен тұңғыш немересіне апасы Сайрангүл деп ат қойыпты. Ке­йін еркелетіп Сайраш деп кеткен көрінеді.

1951 жылы мектеп табалдырығын аттаған ол 15 жасқа де­йін 1959 жылдың жазында апасы көз жұмғанша бес сыныпты Көкжырада, үш сыныпты Ақсуат­та оқыды. Бастауыш сыныпта оқитын кезінде иелігіне ескі іс машинасын беріп қойып, оны қажетіне қолдануды үйреткен де, үсті-басын таза ұстауды, киімдерін шашып тастамауды, ең бастысы, дұрыс пайдалануды үйреткен де сол апасы болатын. «Сәкентай, бос уақыт жоқ. Өзің ойлашы, ұйықтасаң – күш жинап, тынығып, ертеңгі іске дайын боласың. Ойнасаң – дос­тарыңмен тіл табысуды, құрбыларыңмен қарым-қатынас жа­сауды үйренесің. Ал оқу – атқаратын қызметің. Жақсы оқысаң, есейгенде ел мақтайтын үлкен азамат боласың. Жақсы оқу – міндетің» деп отыратын апасы. Сабаққа дайындығын да қалт жібермей қадағалайтын.

– Мен хат тани бастағаннан-ақ маған «Батырлар жырын» оқытып, өзі рахаттана тыңдайтын. Қатарластарымен дастархандас бола қалса, «менің Сәкентайымдай «Батырлар жырын» ешкім оқи алмайды. Апаларыңа оқып берші» деп мені орталарына алып отыратын. Сөйтіп, мені кітап оқуға, көпшілік алдында жасқанбай сөйлеуге, ойымды еркін жеткізуге үйретті. Апамның «Сәкентай, сен не дейсің? Қалай ойлайсың?» деп мені сөзге тартып, кеңескен сыңай танытатыны да нағыз тәрбие мектебі екен. Төсек тартып, жатып қалған қыста Ақсуатта Нұршағи тәтемнің үйінде едік. Төсектің аяқ жағында тұрған маған қарап қойып, Нұршағи тәтеме «Мына Сайрашқа ұрыспаңдар. Мен олай-бұлай болып кетсем, қайда барарын өзі біледі, өз еркінде» деп айт­қан соңғы қоштасу сөзі өмір бойы жадымнан кетпейді. Апамның «өзі біледі» деген сенімі өмір жолымда талай тығырықтан абыроймен алып шығып келеді, – деді Сайраш Әбішқызы.

Аудандағы мектеп-интернатты ойдағыдай тәмамдағаннан кейін Алматыға аттанады. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих-­филология факультетіне оқуға түсіп, үздік студент атанғандықтан, көтеріңкі стипендия алады. Студенттердің ғылыми-­практикалық конференция­ларының бел ортасынан көрінеді. 1965 жылы мемлекеттік емтиханды да үздік тапсырып, институтты қызыл дипломмен бітіреді.

Алматыдан оқу бітіріп, туған ауылына келгеннен кейін еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған жас маманға үйіп-төгіп берілген жүктеме, қосымша жұмыспен қоса, мектептің комсомол ­ұйымы­ның хатшылығы да міндеттелді. Ал келесі жылы оған аудандық комсомол комитетінің хатшысы болуды ұсынды. Айналасы бір жылдың ішінде Сайраш Әбішқызы аудан жастарының танымал жетекшісі бола білді. Газет бетіне жастарды жалынды іске шақырған, жағымсыз көріністерді сынаған мақалалары жиі шығып тұрды.

Журналистік жолы – өмірлік баспалдағы

Бұрынғы Семей облысының Ақсуат аудандық «Еңбек туы» газетінде 1967 жылы 21 қазанда аудан жастарының саяси оқу жылы туралы жазғаны жарық көрді. Бұл журналистікке ұмтылған алғашқы қадамы еді. Кейін «Социалистік Қазақстан» – қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде 6 жыл еңбек етіп, ­секретариатта ҚазТаг лентасын оқитын кіші әдеби қызметкерден еңбекшілер хаттары және спорт бөлімінің әдеби қызметкері, ғылым және оқу орындары бөлімінің аға әдеби қызметкері сатысынан өтіп, ­Алматы қалалық журналистік шеберлік ­институтын бітіріп шықты.

«Сайраштың есімі аталса, ең әуелі 1970 жылдардағы «Социалистік Қазақстан» газетінің қыз-келіншектер мен аналарға арналған «Қаламқас» айдарымен берілетін арнаулы беттері көз алдыма келеді. Аталған үлкен газеттің айына 2-3 рет жарық көретін беттерінің жүргізушісі Сайраш Әбішқызы еді. Міне, сол жылдары мен Сайраштың журналистік қаламының қарымдылығына, әсіресе, ұйымдастырушылық қабілетіне, үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысып, шүйіркелесе жөнелетін, қағылез, кішіпейіл мінезіне ерекше сүйсінетін едім. Көзі шоқтай жайнап, айналасына шуағын шашып, мейірімін төгіп жүретін. Орынды уәж, орнықты мінезімен көпшілікті бау­рап, айналасына үйіре білетін. Ара-арасында көпшіліктің көңілін көтеріп, жанын сергітетін әзіл-қалжыңын да аямайтын. Оған іскерлік пен жауапкершілік, табандылық пен қайсарлық қосылғанда, сол кездегі отызға толмаған жап-жас Сайраштың бәріміз айналып-үйіріліп қасынан шықпау­шы едік. Айтқанын екі етпеуге тырысатынбыз… Сол жылдардың өзінде-ақ мен Сайраштың белгілі журналист әрі қоғам қайраткері деңгейіне жететініне нық сенімді едім…» деп жазды «Қазақ әдебиеті» газетінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА және РФ Білім академиясының академигі Күләш Құнантаева.

Кейін сол «Қаламқас» беттерін жүргізуде жинақтаған журналистік тәжірибесі «Қазақстан әйелдері» журналында жалғасын тапты. Орталық Комитеттің ауыстыруымен 1983 жылы республикалық ғылыми-педагогикалық «Қазақстан мектебі» журналы бас редакторының орынбасары – «Бастауыш мектеп» қосымшасының редакторы қызметіне кіріседі. Ахмет Байтұрсынұлы мен Смағұл Сәдуақасұлы негізін қалаған журналдың бас редакторы зейнет демалысына шығып, 1987 жылдың шілде айын­да «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы қыз­­метіне тағайындалады. Ширек ғасырдан астам уақыт осы басылымда қызмет атқарып, сол басылымнан құрметті демалысқа шығады. Журналистік еңбек белестерінде өзінен үлкен-кіші көп адаммен қызметтес болып, адал дос, жанашыр, жақын туған-туыстардың ортасында жүргендей ыстық ­ықыласқа кенеледі.

Қоғамдық еңбектен қол үзбеді

Ел-жұрт оны журналист деп қана емес, қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі. Өзінің айтуынша, оны сол дәрежеге жеткізген қазақ тілінің киесі болса керек. Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы; Алматы қалалық кеңесінің депутаты; Қазақстан Республикасы шетелдермен достық және байланыс қоғамы «Ағайын-­бауыр» қауымдастығының басқарма мүшесі; «Қазақстан-Қыр­ғызстан» бауырластығының төрайымы; 2005-2011 жылдары Алматы қалалық тіл саясаты жөніндегі қалалық жұмысшы тобының мүшесі; 1974 жылдан КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі бола жүріп, отаршыл жүйенің салып кеткен сансыз кедергісіне қарамастан, қаланың ірі мекемелері мен ұйымдарында, ­зауыт-фабрикаларда қазақ тілін оқыту курсының ашылуына, өнер мен мәдениет кештерінің ұйымдастырылуына мұрындық болды. Сайраш Әбішқызы сол тұстарда орыс тіліндегі басылымдарға да өткір мақалалар жазып, ұлт мүддесін ашық айтты, батыра жеткізді. Қазақ мектептері мен балабақшаларының санын көбейтіп, оларды қазақ ұлтының шын мәніндегі бесігі, ана тілінің ордасы ету үшін қаншама қажыр-қайрат жұмсады десеңізші?!

«Қазақ тілі үшін күрес – бұл менің өмірлік қызметім. Сол жылдары қол жеткізген бір табысым – «Қазақ тілі мен ­әдебиеті» журналын ашу болды ғой деймін. 1958-1959 жылдары ашылып, қайтадан жабылған, репрессияға ұшыраған осы басылымды дүниеге қайта әкелу үшін министрліктің алдына қайта-қайта мәселе қойдым. Ақыры 1990 жылы осы журнал қайта ашылды» деді С.Әбішқызы.

Ол – «Нұрлы жол», «Жыр арқауы – бейбітшілік», «Оттай ыстық он жыл», «Шығармашылық шырағым – бақ жұлдызым» кітаптарының авторы. Республикалық әртүрлі мерзімді басылымда 100-ден астам мақала, очерктері жарық көрген. 2004 жылы 60 жылдық мерейтойына орай «Еңбегі мен қайраты екі жақтап» тақырыбымен әріптестерінің, замандастарының жылы лебіздері мен жемісті еңбек жолы бе­лестерінің өмірбаяндық деректі жинағы басылып шықты. 2011 жылдан республикалық ғылыми-педагогикалық 4 журналдың («Тәрбие құралы», ­«География және табиғат», «Химия мектепте», Биология және салауаттылық негізі») бас редакторлар кеңесінің төра­йымы қызметінде еңбек жолын жалғастырып келеді. Бүгінде республикалық ғылыми-педагогикалық «Қазақстан мектебі» журналының бас кеңесшісі.

Тағдырына тұңғыш болу жазылғандай

Құрметті демалысқа шық­қаннан кейін денсаулық жағ­дайымен Сайраш Әбішқызы Астанаға көшіп келеді. Қаламын бір сәтке қолынан тас­таған емес. Қоғамдық ортада да өз орны бар. Сонау 1971 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде штаттан тыс тілші болса, бүгінде сол «Егемен Қазақстан» газетінде штаттан тыс тілші қызметін жал­ғастырып, Отанына, халқына, туған ұлтының мүдде­сіне қарым-қабілетін аямай жұмсап, қызмет етуде.

Бір қызығы, Сайраш Әбіш­қызы қай істе де алдыңғы шепте жүреді. Қарап отырсақ, отбасының тұңғыш перзенті, «Қазақстан мектебі» журналының тұңғыш әйел редакторы, қазақ тіліндегі жеке пәндерге арналған тұңғыш журналдарды дүниеге әкелуші.

1997 жылы шетел сапарларында жазылған жолжазбалары үшін Мұхаметжан Сералин атындағы сыйлықтың тұңғыш иегері атанды. 2000 жылы алыстағы Ұлыбританияның үздік жетістіктер мәліметтерін тіркейтін Кэмбридж әлемдік ғұмырнамалық орталығының энциклопедиясына білім беру және журналистика ретінде есімі еніп, арнайы дипломмен марапатталған тұңғыш қазақ әйелі.

Үкімет тарапынан педагог-журналист ретінде Ыбырай Алтынсарин атындағы медалімен, білім беру ісінің үздігі атақтарымен де тұңғыш марапатталғандардың қатарында. Сайраш Әбішқызы – «Құрмет» орденін алған тұңғыш ұстаз әрі журналист.

Қысқасы, қазақ елінің көркеюі жолында тынбай еңбек етемін деген мақсаты үнемі алға жетелеп, қай жерде жүрсе де көш басында болды. Тұңғыш болу тағдырына жазылғандай. Жан-жағына ­шуағын шашып, шарапат-­шапағатын жаудырып, ағайын­ға ғана емес, айналасына қамқор болып, адал еңбегімен елінің сүйіктісіне айналған жанның ғұмыры ғибратқа толы, өмірі ұрпаққа өнеге.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button