Дарынды оқушыларға арналды
Атом саласы қызметкерлері күніне орай елордалық оқушылар Ядролық физика институты Астана қалалық филиалының жұмысымен танысты. «Атом энергетикасының болашағы» аталған іс-шара оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттыруға бағытталды.
«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырған іс-шараға жаратылыстану ғылымдары бағытында бірқатар жетістікке жеткен оқушылар іріктеліп қатысты.
«Республика бойынша көп адам елімізде бірқатар электро-физикалық қондырғылар барын біле бермейді. Мысалы, біздің филиалда ауыр иондардың үдеткіші бар. Қатты дене физикасы зертханасы, ядролық физика зертханасы және технологиялық тіректі мембраналар зертханасы атты 3 зертханаларымызда оқушылар мектептен тыс уақытта білікті мамандармен бірге ғылыми жобаларын жасай алады. Жоба қорғап, оқуға түсіп, білімін әрі қарай жетілдірген жастарды, тіпті 1,2-курстан-ақ жұмысқа алуға тырысамыз. Біздің мақсатымыз – жас толқынды ғылымға тарту» деді өз сөзінде Ядролық физика институты Астана қалалық филиалы директорының орынбасары Дарын Бөргеков.
Іс-шара барысында оқушылар электронды микроскоп жұмысымен танысып, бірқатар құрылғыларда тәжірибелердің қалай жүзеге асып жатқанын тамашалады. Ерекше қызығушылық танытқандардың қатарында №103 орта мектептің 10-сынып оқушысы Дидар Таңат та бар.
«Кездесу маған қатты ұнады. Білікті мамандар теориялық тұрғыда оқығанымызды практика жүзінде жете түсіндірді. Болашақ – ядролық физикада. Мен өзімді инженер ретінде көргім келеді. Сондықтан мұндай кездесулердің маңызы айрықша» деп бөлісті оқушы.
Индира БЕРЖАНОВА