Қатерлі ісіктен қалай қорғанамыз?
Адам папилломавирусы (HPV) – адам ағзасының әртүрлі мүшесіне әсер ететін тері мен шырышты қабықтарды жұқтыруға қабілетті кең таралған вирус. Медициналық зерттеулерге сәйкес, HPV-нің 200-ден астам түрі белгілі. Онкогендік қаупі жоғары санатқа жататын 14 түрі ерекше алаң тудырады, олар шырышты қабаттар арқылы беріліп, жатыр мойны обыры сияқты қатерлі ісікті, сондай-ақ басқа да қатерлі ісіктерді тудыруы мүмкін.
Көбіне HPV инфекциясы асимптоматикалық болады. Алайда вирустың кейбір түрлері созылмалы түрге айналуы мүмкін, бұл қатерлі ісікке әкеп соқтырады. Әдетте, процесс 15-20 жылға созылады. Неге назар аудару керек? Негізгі алаңдаушылықтың бірі – онкогендік қаупі жоғары HPV тудыратын жатыр мойны обыры. Бұл ауру Қазақстандағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орында тұр. Жыл сайын 600-ден астам әйел қайтыс болады. Негізінен, 20-45 жас аралығындағы әйелдерде кездеседі. Жатыр мойны обырының тиімді скрининг бағдарламалары жоқ елдерде мұндай жағдайларды анықтау ықтималдығы жоғары.
Вакцинациядан кейін дене HPV инфекциясына иммундық реакцияны күшейтетін антиденелер шығара бастайды. 9 жастан бастап вакцинация ұсынылатынын ескере отырып, қатерлі ісікке әкелуі мүмкін онкогендік қаупі жоғары HPV түрлерінің көпшілігінен қорғауды қамтамасыз етуге болады. Дегенмен вакцинация аурудың барлық түрінен толық қорғауға кепілдік бермейтінін есте ұстаған жөн. Сондықтан жатыр мойны обырына скрининг әйелдер үшін өте маңызды.
Скрининг – жатыр мойны обырын ерте анықтауға мүмкіндік беретін қайталама алдын алу шарасы. Тұрақты медициналық тексеру мен мамандардың ұсынысын орындау ұзақ және салауатты өмір сүру мүмкіндігін арттырады. Денсаулығыңызға қамқорлық жасап, әл-ауқатыңыз үшін жауапкершілікті ұмытпаңыз!
Гүлмайра БАЛТАБЕК,
№13 қалалық емхананың акушер-гинекологы