Астанада Мәуліт кеші өтті
Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Пайғамбар – ізгі қоғам жаршысы» атты Мәуліт кеші өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Мәуліт кеші Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сөзімен салтанатты түрде ашылды. ҚМДБ төрағасы елорда жұртшылығын Мәуліт айымен құттықтады.
«Қасиетті Мәуліт баршамызға мүбарак болғай! Біздің жыл сайын асыға күтетін Мәуліт мерекесінде қауышып, көріскенімізге шын жүректен қуаныштымыз».
Кеште қасиетті Мәуліт жыры оқылып, елдің амандығы үшін дұға жасалды. Сондай-ақ әсерлі жыр — термелер орындалды. Сол сияқты кеш көрермендері үшін арнайы көрме де ұйымдастырылды.
Айтулы кеште белгілі әнші, композитор Құрмаш Махан ән шырқап, «Номад» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
Сондай-ақ Аstana Musical театрының актерлері түрлі тақырыптарда қойылымдар ұсынды.
Мәуліт кешінің билеттерінен түскен қаражат толықтай қайырымдылыққа арналып, кеш соңында 10 адамға «Мәуліт сыйлығы» берілді.
ҚМДБ осы жылды дін саласында «Ислам және дәстүр құндылығы жылы» деп жариялады.