Референдумда жастардың белсенділігі өте маңызды
«Қазақстан студенттер Альянсы» республикалық студенттер қозғалысы атқарушы директоры Аружан Бахитова АЭС салуды қолдау немесе қолдамау – әр жастың өз таңдауы және ең бастысы бұл референдумнан тыс қалмау маңызды екенін айтады. Ал атом энергетикасының қажеттілігі халықтық штаб мүшелерінің жастармен кездесулерінде кеңінен түсіндірілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
-Қазіргі уақытта Астана қаласының студенттері арасында АЭС бойынша референдумға қатысу мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл референдумға қатысу арқылы жастар өздерінің демократиялық сипаттағы мемлекетті қолдауын көрсетеді, құқықтық нормаларын орындайды, азаматтық белсенділігін танытады. АЭС-ті қолдау немесе қолдамау – олардың өз таңдауы. Ең бастысы бұл референдумнан тыс қалмау маңызды.
Ал атом электр стансасына келетін болсақ, АЭС – бұл тұрақты және қауіпсіз энергия көзі. Атом энергетикасы арқылы электр қуатын өндіргенде қоршаған ортаға парниктік газдар бөлінбейді, ол өте үнемді электр көзі. Жастар тарапынан да көптеген сұрақтар қойылады. Оларды атом электр стансасының қауіпсіздігі мәселесі қатты толғандырады. Алайда елімізде АЭС салу қолдау табатын болса ол халықаралық стандарттардың сақталуын қадағалап отыратын МАГАТЭ ұйымының бақылауымен салынатын болады. Сол арқылы ішкі және сыртқы қауіпсіздік толық қамтамасыз етіледі.