Басты ақпаратҚала мен сала

Қосымша қаржы қай жұмыстарға бөлінеді?

Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің отырысында елорданың 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті нақтыланды. Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың қатысуымен өткен жиында қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев маңызды жұмыстарға қосымша қаржы бөлінгенін баяндады.

– Ағымдағы жылы Астана әкімдігі қаланы дамытудың негізгі индикаторларының өсу серпінін қамтамасыз етті. Мәселен, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 пайызға өсті. Экономикаға салынған инвестиция көлемі 958 миллиард теңгені құрап, 19,2 пайыз­ға артты. Құрылыс жұмыстары да 41,6 пайызға ұлғайды. Еңбек нарығында 32,3 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Экономиканың негізгі салаларында бұл динамика жергілікті бюджет кірістерінің өсуіне ықпал етіп, 2024 жылдың қаңтар-тамызында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37 пайызға ұлғайды. Атап айт­қанда, салықтық түсімдердің жиналуы 35,4 пайызға өсті. Соның есебінен жеке кірістер бойынша жоспарды 99,5 миллиард теңгеге ұлғайту резервтері анықталды. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес қосымша қаржы ең бастысы, әлеуметтік салаға бөлінді. Бұл салаға қосымша 12 миллиард теңге қарастырылған. Нақты секторды дамытуға және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысына 921,7 миллиард теңге бөлінеді, – деді Евгений Глотов.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың айтуынша, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге, міндетті гигиеналық құралдармен және инватакси қызметімен қамтамасыз етуге қосымша 2 млрд 29 млн теңге қарастырылды. Білім басқармасына «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынған 8 мектеп қажеттіліктеріне, еңбекақы төлеуге, коммуналдық төлемдерге, стипендиялар мен гранттарға қосымша 5 млрд 962 млн теңге бөлінді. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына вакциналар мен дәрілік заттарды сатып алуға қосымша 183,3 млн теңге қарастырылды.

Мәдениет басқармасына мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру және кітапханаларды қамтамасыз етуге қосымша қаржы бөлінді. Атап айтқанда, 4 жаңа кітапханаға компьютерлер мен ұйымдастыру техникасын, интерактивті панельдерді сатып алуға 1 млрд 831 млн теңге қарастырылған. Дене шынықтыру және спорт басқармасына спорт түрлері бойынша құрама командалары мүшелерін даярлауға, жарыстарға қатысуға, балалар мен жасөспірімдерге қосымша білім беруге қосымша 1 млрд 377 млн теңге бөлінді. Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамытуға қосымша 50,9 млн теңге қарастырылды. Ішкі саясат басқармасына мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге қосымша 146,7 млн теңге бөлінді.

Сонымен қатар мына мемлекеттік мекемелерге тиісті жұмыс­тарға қосымша қаржы қарастырылды. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына көлік инфрақұрылымын дамытуға, жолдарды орташа және ағымдағы жөндеуге, жолаушылар тасымалын субсидиялауға және жол белгілерін орнатуға, Энергетика басқармасына жылу энергетикасы жүйесін дамытуға, жылыту маусымын үздіксіз өткізу үшін отын сатып алуға, энергия өндіруші ұйымдардың шығындарын субсидиялауға, Құрылыс басқармасына инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысын жалғастыруға, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты шеңберінде жатақхана құрылысын қоса қаржыландыруға, сатып алынған пәтерлер үшін берешекті өтеуге, Коммуналдық шаруашылық басқармасына сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің жұмысына, нөсер кәрізінің тазарту құрылғылары құрылысын жалғастыруға, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына тиісті шараларға, абаттандыруды дамытуға, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына жер телімдерін сатып алуға, лифттерді ауыстыруға қосымша қаржы бөлінді.

Сондай-ақ Активтер және мемлекеттік сатып алу, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту, Цифрландыру және мемлекеттік қызмет, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармаларына, аудандардың әкімдіктеріне, Полиция департаментіне, Жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс басқармасына тиісті жұмыстарға қосымша қаржы қарастырылды.

– Осылайша, Астана қаласының 2024 жылға арналған бюджетінің жалпы көлемі 1 триллион 309 миллиард 548 миллион теңгені құрады, – деп түйіндеді Қайсар Маңқараев.

Қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Юсуп Келигов бірқатар мектепке қосымша ғимарат салу, Екібастұз көшесінің жөнделуі, «Қазбек» қосалқы стансасы құрылысының аяқталуы туралы сұрақтарды қойды. Оның әріптесі Төлеген Қуанышев Күйші Дина көшесіндегі 200-300 метр аумақтың жөнделуі, кеңес мүшесі Марат Мұстафин коммуналдық тарифтер, кеңес мүшесі Рамзия Өмірбаева оқушылардың қауіпсіздігі, емханалардағы кезек, денсаулық сақтау нысандарын салу мен жөндеу, қарттарды қолдау мәселелері бойынша ұсыныстары мен пікірлерін жеткізді.

Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов 1959 жылы салынған «Теміржол» ауруханасының мәселелерін шешу қолға алынғанын, биыл мұндағы хирургиялық бөлімде жөндеу жүргізіліп жатқанын жеткізді.

– Келесі жылы Сарыарқа ауданындағы «Көктал» саябағы аумағында салынып жатқан перинаталды орталықтың жанында жаңа көпсалалы аурухананың құрылысы басталады. Тиісті қаржыландыру көздері анықталды. Онда заманауи медициналық кластер құрылады. Бұл жобаны 2,5 жылда аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Биыл «Нұрлы жол» вокзалы аумағында «Аспан» емханасы ашылады. Бұл – үлкен емхана. Бұған қоса, Республика даңғылында «Сити» емханасының жаңа ғимараты салынды. Бұл нысан осы күзде ашылады. Есіл ауданындағы Орталық жедел жәрдем стансасы маңында үлкен емхананың ашылуы жоспарланған. Аталған емханалар – жекеменшік. Ал жергілікті бюджет қаржысына мемлекеттік 2 емхана салу жоспарланды. Оның біріншісі Есіл ауданында, Ботаникалық баққа қарама-қарсы бой көтереді. Себебі осы аудандағы №9 емхана толып кеткен. Екінші емхана Байқоңыр ауданында салынады, – деді Евгений Глотов.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button