Қалам мен құрмет
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Ақши ауылында журналист, публицист, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиа зерттеуші, ҚР Президентінің 2024 жылғы БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, «Astana aqshamy» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубайдың «Ақшиім – алтын бесігім» атты шығармашылық кеші өтті. Қаламгердің 50 жылдық мерейтойына арналған жүздесуді ауыл әкімі Мейірбек Мәкенбаевтың бастамасымен Кежек ауылдық округінің мәдениет үйі ұйымдастырып, өткізді. Кешті айтыскер ақын, ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің доценті Айтбай Жұмағұл жүргізді.
Мектебім – қастерлі мекенім
Салтанатты кештің алдында Ақши негізгі орта мектебінде арнайы бұрыш ашылды. Онда Төлен Тілеубайдың балалық және студенттік шағы, шығармашылық жетістіктері бейнеленген фотосуреттер, газет-журналдардағы мақалалары, шыққан кітаптары қойылыпты. Кеш иесі қонақтармен бірге өзі білім алған алтын ұясын аралады. Мектеп партасына отырып, баспасөз бен кітаптардың пайдасы туралы әңгіме өрбітті. Төлен Тілеубай 33 жыл бұрын, осы білім ордасынан түлеп ұшты. Балалық шақтағы аппақ арманы биік шыңдарға жетеледі. Кітап оқуға, шығарма жазуға деген қызығушылығы да мектепте оқыған кезінде басталды. Әдебиет пәнінен сабақ берген Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Сәбира Құлпейісова баланың жүрегіндегі шығармашылыққа, әдебиетке деген сүйіспеншілігінің оянғанын тап басып таныған.
Балалық шақтағы әдебиет сабағында жазған шығармалары, студенттік шақтағы күнделіктері қаламгерлікке жетеледі.
Шығармашылық жолының бастауы болған «Жаңа Астанаға қош келдің, қазақ жасы» атты фантастикалық әңгімесі 2003 жылы Астанада өткен «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің әдебиет байқауында үздік деп танылып, дипломант атанды. Байқаудың қазылар алқасының мүшесі болған Халық жазушысы, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова Төленнің шығармашылығы туралы: «Менің түсінігімде журналистер саясаткерлерден де, ақын-жазушылардан да, басқа да ғылым, өнер салалары өкілдерінің бәрінен де биік тұрады. Сондай журналистердің бірі – ойлы, ұлттық мүдде хақында жасты да, жасамысты да ойландыратын мақалалары үшін 2003 жылы «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при жүлдесін жеңіп алған, кейін «Аласапыран Америка» атты тұңғыш кітабын шығарған аса дарынды Төлен Тілеубай. Өз басым Төлен алдағы уақытта да сүйсінуге тұрарлық шығармаларымен оқырмандар көңілінен шыға береді деген сенімдемін» деген пікірін айтыпты. Осы пікірдің дәлеліндей, Төлен Зәрубайұлының әр жылдарда жазған «Қайта түлеген рух», «Ақбөкен жылаған түн» (деректі әңгіме), «Мен саған ғашық едім!», «Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» атты әңгімелері оқырманның көңілінен шықты.
Ауылым – алтын бесігім
Клуб үйінде мерекелік кештің иесін ауылдың үлкендері шашу шашып, қарсы алды. Мерейтойлық жүздесуге арнайы безендірілген сахнада мектеп оқушылары автордың «Анаға хат», «Жүрегімде – Желтоқсан», «Жүрегімде бір мұң бар» атты өлеңдерін, «Ақбөкен жылаған түн» атты деректі әңгімесінен үзінділер оқыды. 2006 жылы Алматыдағы «Өлке» баспасынан жарыққа шыққан «Аласапыран Америка» атты тырнақалды туындысында қаламгердің АҚШ сапарынан жазған жолжазба очеркі, әңгімелері мен өлең-жырлары топтастырылған.
Т.Тілеубайдың тағы бір қыры – ақындығы. Өзі шығармашылық байланыста болған «Тамшылар», «Есіл ағады» және тағы басқа көптеген халықтың сүйікті әндерінің авторы, композитор марқұм Ахмедияр Есмұхановтың Төлен Тілеубайдың «Көктемгі элегия», «Сенің бейнең» сияқты өлеңдеріне әуен жазғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл әндерді әнші-термеші, халықаралық ән байқауларының лауреаты Алихан Дүйсенбай жұртқа насихаттап жүр. Кеште көрермендер осы әндерді тыңдап, қол соқты.
Кеш тізгінін қолына ұстаған айтыскер ақын Айтбай Жұмағұл жырдан шашу шашты. Автордың өзі қолына домбыра алып, Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін әуелетті. Шығармашылық кездесуге Қарағандыдан арнайы келген Төленнің рухани ұстазы Жанар Төселбаева 1991 жылы аудандық «Жігіт сұлтаны» байқауында бозбала Төленнің өзін халыққа таныстырған өлең-жырын оқып, жұртқа тамаша көңіл-күй сыйлады. «Ауылға барам» атты тамаша әнді көрермендермен қосылып шырқады.
Рухани кеште Кежек ауылының әкімі Мейірбек Мәкенбаев мерейтой иесіне Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжоловтың құттықтау хатын тапсырды. «Бүгін, міне, ауылымыздан шыққан бір азаматымыздың шығармашылығына құрмет көрсетіліп жатыр. Осының бәрі – адал еңбектің жемісі. Журналистік қызметіңізбен қатар, публицистік, жазушылық рухани дүниелеріңіз жас ұрпақ, қоғам дамуы үшін құнды болып табылады. Қаламыңыз мұқалмасын, алдағы уақытта да шығармашылық табыстарыңыз көп болуын тілеймін» дей келе, ауылдастарының атынан иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Ақши орта мектебінің ұжымы атынан сөз алған Төленнің рухани ұстазы, аудандық мәслихат депутаты Дулат Ізбасаров кеш иесінің шығармашылық жетістіктерін ауылдастарының әрқашан қуана қабылдайтынын, алдағы уақытта бұдан да биік шыңдарды бағындыруына тілектестігін білдіріп, ат мінгізді.
Одан кейін сөз тізгінін алған Кеншоқы ауылдық округінің әкімі, Төленнің бала күннен бірге келе жатқан досы Алмас Күлейменов: «Төлен досым, құрдасым ердің жасы 50-ге үлкен жетістіктермен келдің! Журналистикада 25 жыл қызмет етіп, қарапайым қарашаның мұңын билікке жеткізіп келесің. Журналистикамен қатар публицистика, әдебиет салаларына өзіңше қалам сілтеп, өлмейтін дүниелер жаздың. Бұл – шығармашылық толысуыңның бастауы ғана. Үш кітаппен шектелмей, алда жазатын, оқырмандарыңды қуантатын кітаптарың көптеп шығатынына сенімдімін! Деніңе саулық, отбасыңа амандық, еңбегіңе табыс тілеймін!» деп жүрекжарды лебізін айтып, иығына шапан жапты.
Ауылдың үлкендері, мектеп мұғалімдері мерейтой иесіне алғаусыз алғысын жеткізіп, жүректен шыққан тілектерін ақтарды. Кеш иесі залдан сұрақ қойған оқушыларға өзінің кітаптарын сыйға тартты. Айтбай Жұмағұл мектеп кітапханасына Бұқар жыраудың, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арнайы шығарылған кітаптарын тарту етті.
Аяулым ЕРЛАН,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу
университетінің IV курс студенті