Басты ақпаратҚоғам

Зейнеткерлердің сүйікті ортасы

Астанада құрметті еңбек демалысына шыққан зейнеткерлердің басын біріктіретін бірегей орталық бар. Ол – «Бәйтерек» монументінің жанында, Достық көшесі, 13 мекенжайындағы «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінің астыңғы қабатында орналасқан Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» коммуналдық мекемесі.

Орталықтың ­аш­ыл­ғанына аса көп уақыт өте қойған жоқ. Қала әкімдігінің жа­нынан ашылған мекеме 2022 жылдан бастап құрметті де­малысқа шыққан егде адамдардың қоғамнан шет қалмауы үшін бос уақытын белсенді де тиімді өткізу мақсатында жұмыс істеп келеді. Саналы ғұмырын ел игілігі жолында еңбек етуге арнап, бүгінде зейнетке шыққан қарияларға бұл орталықта әлеуметтік-сауықтыру, әлеу­меттік-медициналық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-еңбек, бос уақыт өткізу бағытында әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі.

– Бүгінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 14 мыңға жуық зейнеткер қызмет алуда, ең үлкен жастағы қызмет алушы 92 жаста. Жыл басынан бері орталыққа 3388 адам келіп тіркелді. Әр қызмет алушы бір мезгілде үш үйірмеге жазылып, үш ай көлемінде тегін қызмет ала алады. Жақсы ой, сергек қимыл, белсенді өмір сүру адамдардың өмірін ұзартады, жалғыздықтан, күйзелістен құтқарады. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы – осындай жақсы ниеттен туған бастама, – деді орталық директоры Мұхтар Еркетаев.

Айтуынша, бұл жерде аға буын өкілдері өздерін сергек, белсенді әрі өмірге толы сезінеді. Жылдам өзгеріп жатқан заман үлкендерге ерекше көңіл бөлуді талап ететінін ескерсек, мекеме қызметкерлерінің бас­ты мақсаты –қызмет алушылардың денсаулығын сақтап, физикалық белсенділік пен әлеуметтік байланысты нығайту. Орталықтың қызметкерлері мен еріктілері әрбір қатысушының өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуіне үлкен көңіл бөле отырып, олардың сыртқы бет-әлпеті мен қимылын жақсартып қана қоймай, сонымен қатар олардың өмірін мәнді етуге тырысады.

Ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуге орталықта мол мүмкіндік жасалған. Мұнда зейнеткерлер үшін жаттығу терапиясы, йога, «Цигун» тыныс алу жаттығуы, айкүне, кунг-фу, би, скандинавиялық жүріс, арт-терапия, еңбек терапиясы, ағылшын, қазақ тілдері, компьютерлік курстар, шахмат, тоғызқұмалақ, вокал үйірмелері жұмыс істейді. Олар өзара әңгімелесе отырып, спортпен, йогамен айналысып, қолөнер мен шығармашылық шеберлік сабақтарына қатыса алады.

Елордадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мекемесі медициналық мекемелермен тығыз жұмыс істейді, үнемі денсаулық тексеруін ұйымдас­тырып, қатысушыларға қажетті кеңестер мен ем-домды ұсынады. Сонымен қатар дұрыс тамақтану, аурулардың алдын алу және өзін-өзі күту әдістері туралы білім беру дәрісі жиі өтеді.

Орталық директоры мұнда келетіндердің көпшілігі сыр­қатына ем іздеп емханаларға бармайтынын, орталықта сауық­тыру, әлеуметтік және экономикалық қызметтер алатынын атап өтті. Егде жастағы адамдар Альцгеймер, Паркинсон, қант ­диабеті, гипертония, тірек-қимыл ­аппаратының ауруларымен жиі ауырады. Сондықтан орталықтың медициналық ұйымдардан ­айырмашылығы ең алдымен осы аурулардың алдын алуға назар аударады.

– Біздің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткерлермен әлеуметтік қызметкерлер, психолог және жалпы тәжірибелік дәрігерлер жұмыс істейді. Олар оңалту гимнастикасымен, қарттарға арналған фитнеспен, йогамен, айкүнемен, скандинавиялық серуендеумен, «Цигун» тыныс алу гимнастикасымен, бимен және үстел теннисімен айналысады. Бұл сабақтар кейде орталыққа балдақпен келген зейнеткерлерге де көмектеседі және олардың арасында ауруынан сауығып кететіндер де бар. Себебі олар мәдени-бұқаралық іс-шараларға, концерттерге қатысып, театрларға барады, біздің орталықта елорданың тарихи орындарына экскурсиялар өтеді, соған қатысады. Қысқасы, бізге келген зейнеткерлер қарап отырмайды. Белсенді өмір салтын ұстанады, – деді М.Еркетаев.

Орталықтың басты ерекше­лігінің бірі – ақпарат технология­ларын күнделікті өмірге енгізу. Компьютер мен интернетті меңгеру курстары арқылы қарт адамдар цифрлық кеңістікке оңай бейімделіп, жақындарымен және дүниемен байланыста бола алады. Бұл мекеме тек белсенді ұзақ өмір сүрудің орталығы ғана емес, бұл жерде қарттықтың толыққанды, қуанышқа толы және мағыналы болуы үшін барлық жағдай жасалған. Келушілердің әр күні жаңа мүмкіндіктер мен жаңалықтарға толы.

– Мен мұнда күнделікті жұмысқа барғандай асығып, жүгіріп жетемін. Балалар таңертеңнен кешке дейін жұмыста, немерелер сабақта. Пәтерде ұзақ күнге жалғыз отырғанша осында келіп, қатарластарыммен бірге уақытымды пайдалы өткізудемін. Қазіргі ешкім де үйде отырғысы келмейді, жұмыс істегісі, жаңа нәрселерді үйренгісі келеді. Ал біздегі орталықтар зейнет­керлерге үнемі қозғалыста, заман талабына сай болуға көмектеседі, – деді ғимаратқа кіреберісте бізбен жолыққан зейнеткер.

Астанадағы 5 ауданда орталықтың 5 филиалы бар. Олар Алматы ауданы бойынша Р.Қош­қарбаев көшесі 29/1-үйде, Байқоңыр ауданы бойынша Абай көшесі 46-үйде, Есіл ауданы бойынша Достық кешесі 13-үйде, Сарыарқа ауданы бойынша Бейбітшілік көшесі 25-үйде және Нұра ауданы бойынша Төле би көшесі 44-үйде орналасқан.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button