Бүгін – халықаралық қарттар күні
Бүгін әлем Қарттар күні мерекесін атап өтіп жатыр, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Қарттар күні – халықаралық мереке. Ол 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында ресми бекітілген.
Бүгінде елімізде зейнет жасындағы 2,3 миллионнан астам қарт бар. Аталған мейрамның мақсаты – қарттардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеу, тану, олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сапасын арттыруға назар аудару және қамқор болу.
Осыған орай, Қарттар күні қарсаңында ҚР ПІБ құрылымының ведомстволық бағынысты кәсіпорындарының қызметкерлері ұзақ жыл жемісті қызмет атқарған, қазіргі таңда зейнет жасына жеткен әріптестерінің, сондай-ақ соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйіне барып, құрмет көрсетті.
«Қазқұрылысжүйесі» ЖШС ұжымының өкілдері 101 жастағы ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері Рзағұл Байкешевке зор қуаныш сыйлады. Ғасырдан астам уақыт жасаған қарияға сый-сияпат жасап, шағын концерт ұйымдастырылды. Ардагер қуаныштан көзіне жас алып, өнерпаздардың өнерін тамашалады. Әнші жігіт ақсақалдың өтініші бойынша жастық шағы туралы әндерді шырқады.
Рзағұл аға 1943 жылы майданға аттанған. Польша, Румыния және Венгрия жерін азат еткен, Ржев қаласының маңындағы шайқастарға, Великолук шабуылы операциясына қатысқан. Ардагер әлі де тың, жадын жоғалтпаған, күн сайын серуендегенді ұнатады.
ҚР Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясының қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагері 98 жастағы Василий Антонович Сердюковтің үйіне арнайы барды. Ардагер үйіне қонақ келгенді жақсы көреді. Төл мерекесіне орай, ұжым атынан кадр қызметінің өкілдері ардагерге сауда желілерінің сертификаты мен тәтті сыйлықтар табыстады.
«МТҚБ әкімшілік ғимараттар дирекциясы» РМК кәсіпорнының ұжымы кезінде жемісті еңбек етіп, бүгінде құрметті еңбек демалысына шыққан 12 зейнеткерге, сондай-ақ өзге де тыл еңбеккерлеріне гүл және басқа да сый-сияпат жасады. Қошемет көрсетілгендердің қатарында тыл ардагерлері – 1935 жылы туған Тұрсын Мағзұмқызы Меңдіқұлова мен 1937 жылы туған Хайдар Амантайұлы Меңдіқұлов бар. Олар бүлдіршін шағынан аналарымен бірге колхоз егістіктерінде жұмыс істеген, балалық шағын соғыс ұрлаған.
«МТҚБ Автошаруашылығы» РМК ұжымы зейнет жасындағы 30 еңбек ардагеріне дастархан жайды. Жас жүргізушілер аға буын өкілдеріне концерт қойып, сыйлықтар берді. Ардагерлер архив фотосуреттері қойылған қабырға газетін көріп, ерекше әсер алды. Қабырға газетінде олардың бойында күші тасыған жас кездеріндегі, жұмыс мезеттеріндегі кадрлар көрініс тапқан-ды.
Дастархан басында әдемі әңгіме айтылды. Еңбек ардагерлері елордадан Астанаға көшкен тұстағы кезең мен Автошаруашылық құрылған кездегі қиындықтарды еске алып, жұмыстағы қызықты оқиғалар туралы баяндады. МТҚБ Автошаруашылығындағы осындай кездесулер дәстүрлі түрде өтіп тұратынын айта кеткен жөн.
«МТҚБ Инженерлік орталығы» РМК қызметкерлері өздерінің 8 еңбек ардагеріне арнап мәдени іс-шара ұйымдастырғанды жөн көріпті. Сөйтіп, барлығын «Астана опера» театрындағы «Бахшасарай фонтаны» балетіне шақырып, құшақтарын гүлге толтырды.
Ал «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» Мемлекеттік мекемесінің 10 зейнеткері ұжым өкілдерін әрқайсысы өз үйінде қарсы алды. Мол дастархан жайып, жаңалықтарын жеткізді.
«Мен 78-ге келдім. Зейнетке шыққалы жыл сайын әріптестерім келеді. Ұжымның көп жылдық еңбегімізді, ортақ іске қосқан үлесімізді бағалайтыны қуантады. Осындай жағдайда кәсіпорын туралы көп жаңалықтардан қанығып қаласың. Үлкен ұжымның мүшесі болғанымды сезіну, сіздердің қамқорлықтарыңыз бен қошеметтеріңізді көру мен үшін үлкен қуаныш. Көп рахмет», – деген Сапиолла Жолдасбекұлы Мұсақанов қимай қоштасты.
Суреттер: ҚР Президентінің Іс Басқармасы