Су секторын дамыту бойынша Үйлестіру кеңесі құрылды
Астанада Қазақстанның су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Іс-шараны БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырды. Оған БҰҰ, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ шетелдік даму агенттіктерінің, дипломатиялық корпус пен бизнес өкілдері қатысты.
Отырысқа қатысушылар Қазақстанның су ресурстарын басқарудағы әріптестікті, сондай-ақ стратегиялық әріптестікті және еліміздің су секторындағы басым бағыттарды талқылады. Үйлестіру кеңесі өкілдерінің баяндамаларынан кейін ашық микрофон форматында талқылау өтті. Спикерлер қолданыстағы су бастамалары жайлы айтып, жоспарланған жобаларды талқылады және үйлестіру кеңесінің жұмысы бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті.
Сондай-ақ, отырыста БҰҰДБ Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп дайындаған 2024-2030 жылдарға арналған Су серіктестігі бастамасы жобасының тұсаукесері өтті. Құжат бірнеше бағыт бойынша нақты іс-шараларды қарастырады. Бұл су ресурстары бойынша ақпараттық жүйе әзірлеу, климаттық сын-тегеуріндерді ескеретін су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи ирригациялық жүйелерді енгізу және трансшекаралық су ынтымақтастығы.
«Үйлестіру кеңесі Қазақстанның су секторындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен серпін беретініне сенімдімін. Кеңес халықаралық серіктестермен білім мен тәжірибе алмасуда шешуші рөл атқарады. Бірлескен зерттеу, технология мен инновациялар сумен жабдықтау деңгейін және климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыра алады. Үйлестіру кеңесі мемлекеттік және жеке сектор арасында әріптестікті қалыптастырудың маңызды тұғырнамасы болады. Оны құру іске асыру үшін басым бағыттар мен ресурстарды неғұрлым нақты айқындауға мүмкіндік береді. Біз серіктестерімізді ротациялық негізде кеңесте бірлесіп төрағалық етуге шақырамыз. Биыл біз осы рөлді БҰҰ Даму бағдарламасына ұсынамыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
«Су мәселесінің күн тәртібі күрделілігін ескере отырып, ешбір ұйым немесе үкімет жалғыз шеше алмайтыны анық. Сондықтан бұл мәселелерді шешу ресурстарды, инвестицияларды, техникалық сараптама мен инновацияларды біріктіруді талап етеді. Бүгін БҰҰ Даму Бағдарламасы мен Су ресурстары және ирригация министрлігі ұсынған серіктестік бастамасы осы үдерісте маңызды қозғаушы күш болады деп сенемін», – деді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
Бұған дейін СРИМ Қазақстанда су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесі құрылғаны туралы хабарлаған еді. Оған Су ресурстары және ирригация министрлігінің, БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) және басқа да халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, донорлық қауымдастықтардың және басқа да бірқатар құрылымдардың өкілдері кіреді.
Үйлестіру кеңесінің негізгі міндеттері:
1. Ұлттық басымдықтарға сәйкес мемлекеттік органдардың, БҰҰДБ, халықаралық қаржы ұйымдары мен донорлық қоғамдастықтың келісілген іс-қимылын қамтамасыз ету. Кеңес алға қойылған мақсаттарға жету үшін қаржы және техникалық ресурстарды жұмылдырумен және тиімді бөлумен айналысады.
2. Негізгі стратегиялық құжаттарды: Су кодексін, Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын және Су саласын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді және іске асыруды қолдау, сондай-ақ су ресурстарын тұрақты басқарудың заңнамалық базасы мен институционалдық тетіктерін нығайту.
3. Су ресурстарын басқару саласында озық халықаралық тәжірибе мен инновациялық шешімдерді енгізу. Кеңес білім мен тәжірибе алмасуды қамтамасыз етеді, мамандардың әлеуетін арттырады және су ресурстарын тұрақты басқару қағидаттары туралы азаматтарды хабардар етеді.
4. Бірлескен күш-жігердің тиімділігін бақылау және бағалау тетіктерін әзірлеу мен енгізу.
5. Суды басқару саласындағы аймақтық ынтымақтастықты нығайту және климаттың өзгеруіне және құрғақшылық пен су тасқыны сияқты табиғи апаттарға төзімділікті арттыру.
«Үйлестіру кеңесін құру – Қазақстанның су секторы үшін маңызды қадам. Кеңес министрліктің, халықаралық ұйымдардың және донорлық қауымдастықтың күш-жігерін үйлестіре отырып, елдегі ұзақ мерзімді экологиялық тұрақтылық пен экономикалық дамуды ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Үйлестіру кеңесі ресурстарды жұмылдыруға, басқаруды нығайтуға, өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуге және су ресурстарын басқаруда тұрақты тәжірибелерді ілгерілетуге ықпал ететін болады. Ұжымдық күш–жігер күн сайын өзектілігі артып жатқан климаттық сын-қатерлерді шешуде және Қазақстан мен жалпы Орталық Азия үшін тұрақты болашақты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.