Қарияларға концерт қойып, құрмет көрсетті
Елордалық қарияларға мерекелік концерт ұйымдастырылып, құрмет көрсетілді, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Астанадағы IT университетінде “1 қазан – Халықаралық қарттар күніне” орай Есіл ауданы әкімі аппаратының, Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің және «Ұзақ өмір сүру» орталығының ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті.
Іс-шараға 100-ге жуық зейнеткер мен студент жастар қатысты. Сонымен қатар концерттік бағдарламада этно-мәдени ансамбльдер мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін паш етіп, қонақтарды қуантты.
Ұйымдастырушылар Халықаралық қарттар күніне орай өткізіліп жатқан бұл концерттің орны ерекше екенін айтады.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген халықпыз. Бүгін сол қарттарымыздың мерекесін арнайы атап өту мақсатында қаламыздың ардагерлеріне арнап концерт қоюымыздың өзі де – үлкендерге деген құрметіміздің бір белгісі. Осы кісілер арқылы тәрбие алған жас ұрпақ ертеңгі халқымыздың болашағына жұмыс жасайды. Сондықтан да біздің қарпттармыз – жастардың қашанда жол сілтеушісі және қамқоршысы. Біз оларды сыйлап, құрметтеуді қашанда бірінші орынға қоюымыз керек деп ойлаймын», – деді Астана қаласы Есіл ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Назгүл Ахметова.