«Адал адам – Адал еңбек». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында еңбек адамдарына қатысты адал азамат ұғымына назар аударды. Мұндай азаматтар ұлттық құндылығымызды арттырып қана қоймай, қоғамға бағдар бола алады. Сондай еңбегі адал жанның бірі – елордалық балалар хирургі Ринат Байгиреев.
Ринат Мұхаметқалиұлы Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер әулетінде дүниеге келген. 1996 жылы Семей медицина университетін тәмамдап, балалар хирургі мамандығын алған. Сол жылдан бастап Өскемен қаласында Ана мен бала орталығында қызмет атқарған. Ал 2012 жылы түбегейлі елордаға қоныс аударады. Медицина саласында 30 жылға жуық еңбегі сіңген ақ халатты абзал жан бүгінде № 2 қалалық балалар ауруханасында хирургиялық блоктың жетекшісі әрі Астана қаласының штаттан тыс бас хирургі.
«Бүгінде елордамызда халық саны күннен күнге көбейіп келеді. Демографиялық көрсеткіш, көші-қон саласында айтарлықтай даму бар. Бас қаланың әрбір үшінші адамын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Осыған қарап-ақ біздің қызметтің ауқымын бағамдауға болады. Сол үшін кезінде хирургиялық бөлімді жедел және жоспарлы бөлім қылып құруға бастама көтердім. Жоспарлы хирургия – дұрыс хирургия. Ол жедел хирургияның жұмысын әлдеқайда жеңілдетті. Себебі аурудың асқынған түрімен күрескенен гөрі, жоспарлы түрде алдын алған, профилактикалық жұмыстар жүргізген маңызды» дейді дәрігер. Оның айтуынша, ауруханада 18 жасқа дейінгі балаларға жоғары медициналық көмек көрсетеді. Күніне орташа есеппен алғанда 30-40 ота жасалады. Атап айтқанда, мойынның, кеуде қуысының, өкпенің, өңештің, асқазан-ішек жолдарының, тоқ ішектің, бауырдың, өт жолдарының туа біткен және жүре пайда болған ауруларын, сондай-ақ кеуде және іш қуысының қатерсіз ісіктерін емдейді. Жыл сайын 1600-ден астам бала ем алады екен. Хирургияның минималды инвазивті әдістері қолданылады. Жоғары санатты дәрігердің пікірінше, бүгінде құр алақанмен ешқандай жетістікке жету мүмкін емес. Технологияның соңғы үлгілері дамыған заманда мұндай құралдар, әсіресе хирургия саласына ауадай қажет. Бұл ретте аурухана тек елордалықтарға ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келетін балаларға көмектесуге қауқарлы.
«Біздің жұмыстың өзіндік күрделі тұстары бар. Мәселен, 18 жасқа дейінгі балаларға ота жасаймыз. Қазір ғана кішкентай 1 айлық сәбиге ота жасасақ, артынша салмағы бар, 15 жастағы жасөспірімге де жасаймыз. Екеуінің ағзасы екі түрлі. Алдыңғысы микрохирургия. Хирургтар әр жастағы балаларға ота жасайтын деп арнайы бөлінбегендіктен, біздің мамандар кез келген отаны жасай береді» дейді Ринат Байгиреев.
Әңгіме барысында балалар арасында жиі кездесетін аурулар туралы айтып берді. Әсіресе, тыныс алу жолдары арқылы балалардың түрлі зиянды заттарды жұтып қоюы әлі күнге дейін өзекті. Естеріңізде болса, осыдан екі-үш жыл бұрын 100-ден аса магнит жұтып қойған кішкентай қыз туралы ақпарат тараған еді. Яғни, ауруханаға түскен 7 жасар қызға ота жасаған да осы дәрігер болатын.
«Егер бала бір магнит жұтып қойса, ол негізінен, табиғи жолмен сыртқа шығарылады. Мәселе, оның көп жұтқанында. Олар асқазан-ішек жолдарының әртүрлі аймақтарына жабысады. Ал жабысқан жерде некроз перфорация мен перитонитке дейін алып келеді. Магнит бір-біріне жабысып, жинала берген. Біз сол уақытта 100-ден астам кішкентай магниттерді шығардық» деп еске түсірді дәрігер. Тағы жасалған бірегей отаның бірі – асқазаннан алынған түк. Атырау облысынан келген 15 жастағы қыз сирек кездесетін жағдаймен ауырған. Яғни, адамның шашын жұта берген. Бұл өз кезегінде асқазанда шаш ісігін тудырады. Бүгінгі кейіпкеріміз балалар хирургі Ринат Байгиреев дәл осы қызды да аман алып қалған.
Жалпы, балалардың биіктен құлауы, жол апаты секілді жағдайлардан көп жағдайда балалар зардап шегеді. Сондықтан ата-аналарды балаға келгенде барынша жауапкершілікпен қарауға шақырады.
«Біздің ауруханада асқазан-ішек жолдары ауруларын диагностикалауға ерекше назар аударылады. Зерттеудің ең озық әдісі асқазан-ішек жолдарының капсулалық бейнеэндоскопиясы еліміз бойынша алғаш рет балада бізде ғана қолданылды. Мен мұны ең алғаш Израильде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алғанда таныстым. Бұл – кішкентай ғана жұтатын капсула. Оған миниатюралық камера орналасқан. Бала жұтқаннан кейін асқазан-ішек жолдарының барлық жағдайын анық көруге мүмкіндік береді. Бұл әдіс, әсіресе, кішкентай науқастар үшін өте маңызды. Өйткені ешқандай инвазивті араласу мен анестезияны қажет етпейді. Стационар аясында 30-дан астам бала осындай капсулалық бейнеэндоскопия процедурасынан сәтті өтті. Бұл ауруларды уақтылы диагностикалауға және тиімді емдеуге көмектеседі» дейді дәрігер. Алдағы уақытта дәл осы капсуланың дәріханада сатылғанын, оған халықтың қолжетімді болғанын қалайды. Себебі аурудың салдарымен емес, әрқашан алдын алған маңызды дейді алтын қолды дәрігеріміз. Әңгімелесуге небәрі 20 минутын бөлген дәрігердің әр сағаты, минуты санаулы. Бөлімге жедел түрде болсын, жоспарлы түрде болсын қаншама бала қабылданып жатыр. Жүктемемен жұмыс істейтін аурухананың дәрігеріне тек қана адал еңбектің жемісін көруді нәсіп етсін деп тілейміз.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ