Тұтынушылар құқығы қалай қорғалады?
Астанада тұтынушылардың құқығын қорғау жұмысы заңнамада көрсетілген талаптар бойынша жүргізіледі. Елорданың коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрғали Егембердиев осы бағытта қандай шаруалар жүзеге асырылып жатқаны туралы мәлімдеді.
Департамент басшысының айтуынша, тұтынушылардың құқығы мен оларды қорғау мәселелері 2010 жылғы 4 мамырдағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңымен реттеледі.
– Тұтынушының құқығы мен заңды мүддесі бұзылған жағдайда, тұтынушы сатушыға құқықтар мен заңды мүдделердің бұзылуын жою және тұтынушыға тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтердің) кемшіліктері салдарынан осы бұзушылықтармен келтірілген залалды ерікті тәртіппен өтеу туралы шағыммен жүгінуге құқылы. Тұтынушының сатушыға шағымы, егер мұндай мекенжайды бұрын сатушы көрсетсе, қолма-қол тапсырылады не тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтімі нысанында не сатушының электрондық поштасының мекенжайы бойынша жіберіледі. Сатушы тұтынушының шағымын қарауға және тұтынушының талаптарымен келіспеген жағдайда тұтынушының шағымын алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде жоғарыда баяндалған тәсілдермен дәлелді жазбаша жауап беруге міндетті, – деді ол.
Айтуынша, сатушының күнтізбелік 10 күн мерзімде тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою туралы шағымға жазбаша жауап беру жөніндегі міндеттерді орындамауы ҚР ӘҚБтК-нің 190-бабы (6-бөлігі) бойынша «ескерту» түріндегі әкімшілік жауапқа әкеп соғады.
– Тұтынушының шағымына жазбаша жауап бермеу бөлігінде құқықтар мен заңды мүдделерді бұзғаны үшін «ескерту» түрінде 73 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда жеке тұлғаларға – 10, ЖК субъектілеріне – 20, ОК субъектілеріне – 30, ІК субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, – деді департамент басшысы.
Тұтынушылардың құқығын қорғау саласында департамент ӘҚБтК-тің 190 (бесінші және алтыншы бөліктерінде), 193-баптарында (бірінші бөлігінде) көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды. Н.Егембердиевтің айтуынша, сатып алушылардың өтініші негізінде 14 кәсіпкер Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– ӘҚБтК-нің 193-бабының 4-бөлігі бойынша Қазақстан Республикасының аумағында бағалар жапсырмасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарында қойылған тауарды бағасын теңгемен көрсетпей өткізу не Қазақстан Республикасының аумағында құны бағалар жапсырмасымен ресімделген бағадан асатын, сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарында қойылған тауарды өткізу не Қазақстан Республикасының аумағында жария шарт талаптары бойынша тауарды өткізген кезде оның бағасын теңгемен көрсетпеу шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 6, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 10, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Осылайша, айыппұлдың жалпы сомасы 343400 теңгені құрады, – деді ол.
Осы бап бойынша әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 65, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 120, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Ведомство басшысының айтуынша, сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес, сауда базарының жұмыс регламенті бекітілген, онда:
– сауда базарының жұмыс режимі және ішкі сауда субъектілерінің, сатып алушылар мен сауда базары әкімшілігі қызметкерлерінің сауда базарына қол жеткізу тәртібі туралы мәліметтер; сауда базары ұсынатын қосымша қызметтер тізбесі; ішкі сауда субъектілеріне сауда орындарын беру тәртібін, олардың сипаттамаларын, мүліктік жалдау шартының талаптары көрсетіледі.
– сауда базарының қызметін ұйымдастыру жөніндегі «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін сауда базарының әкімшісі бекіткен сауда базарының регламентінің болмауы үшін ҚР ӘҚБтК-нің 204-2-бабы бойынша 7 сауда базары «ескерту» түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы бап бойынша әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда, 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, – деді Н.Егембердиев.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ