Вакцинация қажет
Елордада адам папилломавирусына (HPV) қарсы вакцинация науқаны басталды. Бұл шара қыздардың денсаулығын қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірінен қорғауға бағытталған.
Бүгінгі таңда қалада вакцинаның 12 мыңнан астам дозасы бар. Жоспарлы тәртіппен 11 жастағы 13 мың қыз вакцинациялауға жатады.
Вакцинация мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдердің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Ата-аналардың өтініші бойынша вакцинация тіркелген жері бойынша емханаларда да жүргізілуі мүмкін.
«Вакцина туралы біздің медбикеден алған буклет арқылы білдім. Содан кейін анамнан сұрадым, ол кісі келісімін берді. Бүгін вакцина алдым, ауырған жоқ, қорықпадым. Қазір өзімді қалыпты сезінемін» дейді №75 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Адел Уагизова.
Мамандар HPV вакцинасы өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін халықаралық деңгейде дәлелденгенін алға тартады. Бүгінде ол әлемнің 135 елінде қолданылады, соның арқасында бірқатар елдерде әйелдер арасында HPV таралуы 90%-ға төмендеген.
«11 жасқа толғанда қыздарға HPV-ге қарсы вакцинациялауды бастау – біздің өскелең ұрпақтың болашақ денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам. Біздің мақсатымыз – барынша қорғауды қамтамасыз ету және халық арасында сырқаттануды азайту. Біз ата-аналарды балаларын ықтимал қауіпті аурулардан сенімді қорғауды қамтамасыз ету үшін осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз» деп атап өтті елордалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ