Қазыналы қарттарға қуаныш сыйлады
Астананың бірқатар аудандарында Халықаралық қарттар күні ерекше сипатта атап өтілді. Қарттарға құрмет көрсету мақсатында мерекелік концерттер мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, аға буын өкілдерінің еңбегі айрықша дәріптелді.
Айтулы күні қариялардың ерен еңбегін дәріптеп, оларға деген ыстық ықылас пен ілтипатты көрсетуде Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында мерекелік концерті өтті. Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық мәслихаттың төрағасы Ерлан Каналимов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, мәдениет қайраткерлері мен қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер және зейнеткерлер қатысты.
«Астанада 135 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері және әскери іс-қимылдарының өкілдері де бар. Үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан парызымыз. Халық арасында аузы дуалы, әңгімесі бәтуалы ақсақалдардың барында алауыздық болмайтыны, жастарымыз жөнсіз кетпейтіні белгілі» деді кешке арнайы қатысқан Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.
Концерт шымылдығы Құрманғазының атақты «Сарыарқа» күйімен ашылды. Мерекелік іс-шарада қазақ оркестрі, «Шалқыма» халық би ансамблі және филармонияның жеке орындаушылары көрнекті қазақ композиторларының шығармаларын орындады. Олардың ішінде Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», Сыдық Мұхамеджановтың «Қырманға кел, қалқатай», Исаак Дунаевскийдің «Заздравная», Түркештің «Көңілашар» сынды халық сүйіп тыңдайтын туындылар орындалды. Кеш барысында «Alem» заманауи би ансамблі мен филармонияның жеке солистері тыңдармандарға ерекше әсерлі музыкалық және хореографиялық қойылымдар ұсынды. Концерттің көрігін халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айтқали Жайымов, Арайлым Рахым, Ұлықпан Жолдасов, Майра Ілиясова және Гүлнұр Оразымбетова сынды өнер майталмандары қыздыра түсті.
Мерекелік іс-шара Байқоңыр ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында «Қарттарымыз – қазынамыз» атты концертпен жалғасты.
«Біздің «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына 3000-ға жуық зейнеткер келеді. Олар зияткерлік және шығармашылық даму, дене шынықтыру және сауықтыру сабақтарын өтіп, ең бастысы, жылы қарым-қатынас жасап, жан-жақты қолдауға ие болады. Зейнеткерлер біздің қоғамға және өскелең ұрпаққа не қажет екенін біледі, өйткені олар немерелерімен айналысып қана қоймай, конкурстарға, көрмелерге, концерттерге де қатысады» деді Байқоңыр ауданының әлеуметтік қызметтер көрсету бөлімінің басшысы Роза Байсалбаева.
Концерт қонақтарына елорда зейнеткерлері жасаған бұйымдар ұсынылды. Көрмеде кілемдер, кестелер және басқа да шығармашылық жұмыстар ұсынылды.
«Мен орталыққа алғаш рет 2022 жылдың желтоқсанында келдім және мемлекетіміздің қарттарға қамқорлық жасағанына өте қуаныштымын. Мұнда өте қызықты, көптеген түрлі үйірмелер бар. Мен тоқу, тігу, жамау, киіз тоқумен айналысатын халық шығармашылығын таңдадым. Мұндай сабақтар қолдың ұсақ моторикасын дамытуға және жағдайды жақсартуға көмектеседі. Біз осы жаста пайдалы бола алатынымызға, шығармашылықпен айналыса алатынымызға, жақындарымызға өз қолымызбен сыйлықтар жасай алатынымызға қуаныштымыз. Біз мұнда тату отбасы сияқтымыз. Мерекелерді бірге өткіземіз, үйдегідей емен-жарқын сөйлесеміз және осында асығып тұрамыз» деді зейнеткер Айман Асмаева.
Қалалық Есіл ауданы әкімі аппараты, Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің және «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының ұйымдастыруымен Астанадағы IT университетінің қабырғасында да мерекелік концерт өтті. Оған 100-ге жуық зейнеткер және қала тұрғындары қатысты. Ал концерттік бағдарлама аясында этно-мәдени ансамбльдер мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерімен қонақтарды қуантты.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген халықпыз. Осы кісілер арқылы тәрбие алған жас ұрпақ ертеңгі халқымыздың болашағына жұмыс істейді. Сондықтан да біздің қарттармыз – жастардың қашанда жол сілтеушісі және қамқоршысы» дейді елордалық Есіл ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Назгүл Ахметова.
Ал Алматы ауданы әкімдігі зейнеткерлер үшін қаланың көрікті жерлеріне автобус экскурсиясын ұйымдастырды. Алматы ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына келушілер үшін Red Bus екі қабатты автобуспен сапар ұйымдастырылды. Олар елорданың көрнекті жерлерін аралап, Тәуелсіздік алаңындағы «Қазақ елі» монументі, «Бәйтерек», «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы, бас республикалық мешіт, «EXPO» халықаралық көрме орталығында болды.