Медиа-мәдениет және тіл
Жуырда Қарағандыдағы «Қасым үйінде» облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма осындай тақырыпта семинар өткізді. Жиынға БАҚ өкілдері, жас журналистер, тіл жанашырлары, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Семинарда Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов «Сөз (тіл) мәдениеті және журналистика»; әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиа-зерттеуші, «Astana aqshamy» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай «Тіл – адам санасына ықпал ету құралы» ; «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Ерсін Мұсабеков «Мерзімді басылымдардағы тіл тазалығы» деген тақырыпта баяндама жасады.
Сөз сөйлеушілер медиадағы тіл тазалығы, әлеуметтік желідегі этика мен тілдік агрессия, БАҚ-тағы мәтіндерде кездесетін қателер, сөйлеу мен жазу мәдениетін дамыту және тағы басқа қоғамдағы түйткілді мәселелерді әңгіме өзегіне айналдырып, өз ойларын ортаға салды. Журналистика профессоры Қойлыбай Асановтың пайымдауынша, қазір елімізде БАҚ саны өскенімен, сапасы тым құлдырап кетті. «Тәуелсіздік жылдарында әр облыс, қала мен шағын кенттерде ашылған ақпарат көздерінде журналистикадан хабары жоқ басқа маман иелері жұмысқа қабылданды. Бұл мамандардың көпшілігі ұлттық тілдің уызына жарымаған, әдебиет пен өнерден мақұрым нағыз «асфальтта» өскен азаматтар еді. Сол мамандардың журналистикаға бойлары үйренгені соншалық, қазір кейбіреулері редакторлық, директорлық қызметке дейін көтеріліп алған. Міне, сапаның күрт төмендеуінің басты себептерінің бірі осы. Кеңестік дәуірдің студенттері, ауылдан келген жастар жоғары оқу орындарына мол қазынамен келетін, қазақ әдебиетінен, яғни, көркем шығармалардан, ауыз әдебиеті үлгілерінен мол хабардар болатын. Біз қазір сол қазынадан айрылып қалдық. Тіл байлығының жұтаңдығы, сөздік қордың тұрмыстық деңгейден аса алмауы – болашақ журналистер үшін аса үлкен қауіп. Тіл тазалығы дегенде санаға түсер салмақ пен арға артар аманатты осы деңгейдегі жастарымыз болашақта қалай алып жүрмек?!.» деді ол. Расында да кітап оқымайтын ұрпақ тіл тазалығына қалай үлес қосады?
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабеков қазір әлеуметтік желі былай тұрсын мерзімді басылымдардағы «жаңа сөздерден» жағымыз қарыса жаздайтынын қынжыла жеткізді. «Шетелде білім алып келген мамандар өндіріске заманауи өзгерістер ендіреді»,-дейді әлдебір беделді басылым жариялаған ақпарат. «Енгізеді», «енгіземіз» дегенді естіп те жазып та жүрміз. Ал, «ендіреді» дегенді қалай түсінер екенбіз? Енді бір газет материлынан «тәуелдік» деген жаңа сөз оқыдым. «Есірткіге тәуелдікті жеңе алмаған» дейді. Біріншіден, мұның барлығы дәстүрлі БАҚ-қа әлеуметтік желіден «жұққан кесел». WhatsApp, Инстаграм, Facebook желілеріндегі ауызекі тілде жазылған жазбалар арқылы қалыптасқан тілбұзар дағдылардың әсері» деді ол.
Төлен Тілеубай әлеуметтік желілердегі кибербуллинг, жазу мен сөйлеудегі сауатсыздық тақырыбындағы ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі өшпенділік пен тілдік агрессия геометриялық прогрессиямен өсіп барады. «Өшпенділік тілі деген сөз тіркесін жиі қолданып жүрміз. Орысшаға аударсақ «ненависть» – біреуді жек көру, ал ненавистник – күншіл, қара ниет, қызғаншақ деген мағынаны білдіреді. Қоғамдағы ұлтшыл, мемлекетшіл тұлғаларды қаралауға, күндеуге ұмтылған мұндай жазбалар интернетте де, әлеуметтік желілерде де толып жүр. Бір алаңдатарлығы, бір ғана қара ниетті адамның жариялаған өшпенділікке шақырған жазбасы қоғамда таралып, тұрақсыздыққа ықпалын тигізуі мүмкін» деді ол. Медиа зерттеушінің пайымдауынша, қазір кез-келген адам аузына келген сөзді айтып-жазып, басқалардың тағдырына сөз-қарумен қауіп төндіріп, кейбір жағдайларда кибербуллинг арқылы өмірмен қош айтысуына себепкер болғанын аңдамайды. «Broadband Search зерттеу ұйымының мәліметтері бойынша, жер шары тұрғындарының 40 пайызға жуығы әлеуметтік желілерді ар-намысына тиетін іс-әрекеттерге тап болады екен. Жасанды интелллект технологиялары қарқын алған кезеңде бұл үрдістің ұлғая түсетіні даусыз. Әр адам бұл мәселеге өзінің ой-зердесімен қарап, саналы түрде өзін-өзі қорғаудың жолдарын назарда ұстағаны абзал» деп сөзін түйіндеді Т. Тілеубай.
Семинарға қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Райхан Бауыржанқызы