Тарих және тұлға
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Нұртас Оңдасынов» қоғамдық қоры мен «Қазақ газеттері» бірлестігі бірлесіп ұйымдастырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған «Нұртас Оңдасынов: тарих және тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, ҚР Журналистер одағының мүшесі, оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалиева және «Нұртас Оңдасынов» қоғамдық қорының президенті Серік Тәукебаев, сонымен қатар басқа да ғалымдар, Нұртас Оңдасыновтың ізбасарлары мен студенттер қатысты. Конференцияны Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Қазақ газеттерінің» Бас директоры Дихан Қамзабекұлы жүргізді.
Ал Н.Оңдасыновтың өмір жолын және оның республиканың әлеуеті мен экономикасын дамытуға, қазақ ғылымы мен мәдениетін, қазақ тіл білімін насихаттауға қосқан үлесін кеңінен насихаттауға бағытталған конференцияның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, академик Бауыржан Омарұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
«Құрметті қауым! Сіздерді аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына арналған республикалық конференцияның ашылуымен құттықтаймын. Н.Оңдасынов – мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тарихи тұлға. Ол аса күрделі кезеңде ел басқарып, көптеген игі бастамаларға ұйытқы болып, халқының мүддесін бәрінен биік қойып, экономика, білім-ғылым, мәдениет саласында ауқымды өзгерістер жасап, қиын-қыстау кезеңнен кейін елімізді дамытуға, ұлтымыздың еңсесін тіктеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Нұртас Дәндібайұлы мемлекет басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Ол қазақ қоғамын өркендетіп, ұлтжанды азаматтардың тұтас буынын тәрбиелеуге ден қойды. Сондай-ақ Н.Оңдасыновтың шығыстану саласына қатысты түсіндірме сөздіктері әлі де талай ұрпақтың кәдесіне жарай беретіні сөзсіз. Оның ғимаратты ғұмыры, отаншылдығы мен жұртына деген жанашырлығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Бүгінгі жиында тұғырлы тұлғаның өмір жолы жан-жақты зерделеніп, оның еселі еңбегі туралы салмақты ой-пікірлер айтылады деп сенемін» деп жазылған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзінде.
Іс-шара барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің де мінберден құттықтау сөздері оқылып, Н.Оңдасыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндамалар жасалды.
Сенатор Нұртөре Жүсіп Астанада, сондай-ақ оның туған қаласында Нұртас Оңдасыновқа ескерткіш орнату және оның құрметіне көше беру туралы ұсынысын айтса, Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов Нұртас Оңдасыновтың мемлекетті 13 жыл басқарғанын, сондай-ақ оның басты қасиеті – еңбекқорлығы екенін баса айтты.
Міне, осылайша 1922-1927 жылдар аралығында Ташкент орман шаруашылығы техникумында оқып, 1938-1951 жылдары Қазақстан үкіметін басқарып, 1954-1955 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болып сайланып, қазақ үшін аянбай еңбек еткен қайраткердің артына қалдырған мұрасын елге жеткізу мақсатында ұйымдастырылған конференцияның кейінгі ұрпаққа берері мол екені кеңінен насихатталды.
«Біріншіден, сонша жыл ел басқарып, біреуден бір сом пара алған емеспін. Қолым таза. Екіншіден, 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде бір қағазға қол қойған емеспін. Арым таза. Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін, жүзім таза» деп артына сөз қалдырып кеткен Н.Оңдасыновтың өмірі жас ұрпаққа қашанда жол нұсқаушы бағдаршам болып тұра бермек.
Шапағат ӘБДІР