Төрт кітапхана ашылады
Елордада биыл 4 жаңа кітапхана ашылады. Бұл жаңалықты қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желі арқылы жариялады.
– Балаларды ерте бастан кітап оқуға баулудың маңызы зор. Бұл баланың сауатын арттырып, сөздік қорын көбейтіп қана қоймай, көкірек көкжиегін кеңейтуге де әсер етеді. Қаламыздағы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» 18 кітапханадан тұрады. Биыл 4 кітапхана ашылады. Олардың 2-еуі қазірдің өзінде ашылды. Бүгін балаларға арналған жаңа кітапханаға бардым. Жалпы ауданы 340 шаршы метрді құрайтын кітапхана балаларға қызмет көрсетуге арналған. Ересектер де кітапхана қызметін пайдалана алады. Бұл кітапхананың қоры 3 мыңға жуық жаңа кітаптан тұрады, – деп жазды қала әкімі.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының кітап оқитын халық қана нағыз интеллектуалды бола алатынын айта келе, «Жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятуымыз керек» деп баса айтты.
«Жуырда Астанада тағы 2 кітапхана ашамыз. Осылайша қаланың кітапхана желісі 22 кітапханаға жетеді. Олардың арасында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана да бар. Қолданыстағы кітапханаларды жаңғырту жұмысымен де айналысамыз. Өткен жылы 4 кітапхананы, биыл 4 кітапхананы жаңарттық. Қалалық желінің кітап қоры 800 мыңға жуықтап, кітапхана қорына берілген кітаптар саны өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артты. Кітапхана – білім орталығы әрі демалыс орны» деп жазды Жеңіс Қасымбек.