Руханият

Ұлт мүддесін ту еткен

Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында жазушы, журналист, оңдасыновтанушы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Гүлсім Оразалықызымен кездесу өтті. «Ұлт мүддесін ту еткен тұлға» атауын иеленген бұл жүздесу биыл туғанына 120 жыл толып отырған аса көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен қызметіне арналды.

Нұртас Оңдасынов 1938-1951 жылдары Қазақстан үкіметін басқарды. Осы қызметке тағайындалғанда ең алдымен қолға алған ісі сауатсыздықты жою болды. Сол мақсатта еліміздің әр аймағында мектептер ашты.

«Сөйтіп 1-2 жылдың ішінде бүкіл Қазақстанды сауатты мемлекетке айналдырды. Сауаттылық жағынан ең соңында жүрген қазақ мемлекеті 1939 жылғы санақ бойынша бесінші орынға көтерілді. Бұдан Нұртас Оңдасыновтың қыруар еңбегін көруге болады. Бұл кісі «Білімді ел – биік ел» деп өзі айтатын» деді Гүлсім Оразалықызы.

Оның тұсында мектептермен қатар жоғары оқу орындары да ашылды. Соның бірі – Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық институты. «Сондағы Оңдасыновтың ойы «ауылда жатқан қазақтың қарагөз қыздары оқысын» болды». 3-4 жыл бұрын осы оқу орнының қабырғасына оны Нұртас Оңдасыновтың құрғанын танытатын тақта ілінді» деді кітап­хана қонағы.

Қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы да Нұртас Оңдасыновтың үкіметті басқарған жылдары есігін айқара ашты. Гүлсім Оразалы­қызының айтуынша, қайраткердің сондағы мақсаты – одан бұрын елде ашылған драма және опера театрларына маман даярлау еді. Бұған қоса, сол жылдары шет тілдер институты, дене тәрбиесі инс­титуты ашылды.

«Нұртас Оңдасыновтың ең бас­ты қолға алғаны ғылым академия­сын ашу болды. Сонда ғалымдарды шақырып, әңгімелескенде ешқайсының білімі, өресіне көңілі толмады. Ойланып жүріп, алдында «Социалистік Қазақстан» газетінен Қаныш Сәтбаевтың мақаласын оқығаны есіне түсті. Онда проблема сауатты көтерілген, қазақ геологиясының барлық мәселелері ашылып жазылған еді. Көмекшісі арқылы Сәтбаевты тауып, Қазақстанда Ұлттық ғылым академиясының құрылуына, оның президенті болып Қаныш Сәтбаев­тың тағайындалуына мұрындық болды» деді Гүлсім Оразалықызы.

Нұртас Оңдасынов еліміздегі өндірістің аяққа тұруына да үлес қосты. Ұлы Отан соғысы жылдары темір, металлургия өнімдері керек болған соң, Теміртау қаласы құрылды. Сол жылдары Өскеменде өндіріс ошағы, Ақтөбеде хром зауыты, Шымкентте қорғасын зауыты бой көтерді. Ертіс – Қарағанды, Арыс – Түркістан арналары жобаланып, салына бастады.

«Нұртас Оңдасыновтың бітірген бір үлкен шаруасы – Мойынты – Шу теміржолы. Бұл теміржол көмір, тағы басқа да маңызды өндіріс өнімдерін діттеген жерге жеткізу жолын едәуір қысқартты» деді журналист.

Оның айтуынша, Нұртас Оңдасынов қазіргі Атырау, бұрынғы Гурьев өлкесін басқарғанда да аймақтың дамуына қыруар үлес қосты. Сол кезде КСРО басшысы Никита Хрущевтің алдында Мақат пен Ақтаудың ортасына теміржол салу, мұнай өндірісін дамыту мәселелерін батыл көтерді. Оңтүстіктегі үш ауданын Өзбекстанға беру жөніндегі Хрущевтің шешіміне ашық қарсылық танытты.

Нұртас Дәндібайұлы қазақтың салт-дәстүрлерінің, ұлттық ойын­дарының сақталуына мүдделі болып, жүрген жерінде соны айтатын. Бұл туралы көрнекті әдебиет­танушы ғалым Шерияздан ­Елеу­кенов өз естеліктерінде жазған.

Кездесуде журналист, белгілі қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ­Сейсенхан Махамбет Нұртас Оңдасыновтың қайраткерлік қырларына, мемлекетшілдігіне тоқталды. Оңдасынов туған жердің перзенті, оның атындағы ауыл мен мектептің түлегі, ­«Егемен Қазақстан» газеті бас редакторы орынбасарының міндетін атқарушы Орынбек Өтемұрат тұғырлы тұлғаның өзіне әсері туралы әңгімеледі.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button