Халықтың келісімі – маңызды жобаға сенімі
Кеше еліміздің болашақтағы экономикалық, экологиялық және энергетикалық жағдайы қандай болатынын анықтаған маңызды оқиға – АЭС бойынша рефрендум өтті. Осы орайда ҚР Ұлттық ядролық орталығы бас директорының кеңесшісі Мәжит Шәріпов атом электр стансасын салуға қатысты халықпен ашық пікірталастың болуын өте дұрыс жасалған қадам деп санайтынын айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
-Қазақстан Республикасының азаматы және атом саласының маманы ретінде АЭС бойынша өткен референдум әрине мен үшін де өте маңызды оқиға болды. Референдум нәтижелері еліміздің алдағы даму бағытын айқындап, Қазақстанның болашағына сөзсіз айтарлықтай ықпал ететін шешім боларына сенемін.
Жалпыұлттық референдум қазіргі жағдайда Қазақстан үшін дұрыс шешім болды деп санаймын. Біріншіден, соңғы айлардағы АЭС тақырыбын қоғам болып қызу талқылау біздің азаматтарымыздың мұндай жалпымемлекеттік міндеттерді шешуге қатысудағы жоғары белсенділігін көрсетті. Екіншіден, АЭС салу ерекшеліктерін, яғни оның жоғары технологиямен, ұзақмерзімге қызмет ете отырып салынатынын ескере келе көптеген азаматтар атом саласында ізденіп, білімін кеңейтуге қатты қызығушылық танытты.
Халықтың басым бөлігі АЭС салуды қолдайтын болса бұл мен үшін олардың тарапынан осындай өзекті мәселеге қатысты сенім білдіргенін көрсетеді. Бұл жағдайда әрине, бәрі еліміз бен азаматтарымыздың мүддесі үшін ұзақ мерзімді, кәсіби және тиімді жұмыстардың жүргізілуін күтетін болады.
Райхан Рахметова