Болашақты айқындайтын жобаны бірігіп жүзеге асыруға жол салынды
Қазақстанда кеше өткен референдум нәтижесін қазақстандықтардың атом электр стансасына сенімі және жаңа ірі технологиялардың елге келуін қолдайтындығының бір көрінісі ретінде қабылдауға болады. Ядролық физика институты жетекші ғылыми қызметкері Данияр Жансейітов маңызды шешім туралы өз ойын осылай білдірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
-Қазақстандықтар энергетика қауіпсіздігін ойлап, елге АЭС керек деген шешімді қолдады. Деректерге көз жүгіртсек, АЭС салар алдында ешбір ел ол жайлы өз халқымен ақылдаспаған, референдум өткізбеген. Сол себепті біздің елдегі бұл оқиға, АЭС салу немесе салмау туралы өзінің елінен сұрауы – біздің Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалуының көрінісі.
Бұл референдум – үлкен саяси жеңіс деуге болады. Себебі мемлекет пен халық бірігіп жаңа деңгейде елдің болашағын айқындайтын жобаны жүзеге асыруға жол салды. Барлық БАҚ-та, бүкіл әлеуметтік желілерде референдум қалай өтетіні және АЭС бойынша ақпарат беріліп, оның қауіпсіздігі, тиімділігі, болашақта қандай мәселелер туындауы мүмкін екендігі талқыланды. Халықтық штаб үздіксіз жұмыс атқарды, ел-елді аралап, көптің көкейде жүрген сұрақтарына жауап берді.
Мен де өз елімнің азаматы ретінде референдумға барып, даусымды бердім. Міне бәріміз барып дауыс берген референдум нәтижесінде АЭС салынатын болды. Әрине бұл жұмыстың бергі жағы ғана. Болашақта бізді үлкен жұмыстар күтіп тұр. Енді үміткер болып отырған 4 компанияның технологиялық түбі, жұмыс істеу принципі бір реакторларының әрқайсысы сараланып, қаралады. Қайсысы Қазақстанға ұтымды, қайсысы талапты орындайды, сол ел әрине болашақта АЭС салады. Бірақ кеше Мемлекет басшысы орынды ой айтты. Ол АЭС-ті халықаралық консорциум салғаны дұрыс деген пікір білдірді. Бұл пікірмен келісемін, себебі аталған 4 ел бірігіп салса, ең бірінші халықаралық қауіп әлдеқайда азаяды. Әр мемлекеттің ең ұтымды шарттарын, артықшылықтарын алуымызға мүмкіндік болады. Бұл халықаралық тәжірибеде де бар. Халықаралық консорциум арқасында әлем елдерін атом бағдарламасына біріктіріп, жаңа үлкен мегажобалар жасауға жол саламыз.
Райхан Рахметова