Үздік ұстаздар марапатталды
Бүгінде елорданың білім беру ұйымдарында барлығы 27 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Бас қалада Мұғалімдер күніне арналған «Ұстаз – ұлағатты ұғым» атты мерекелік концертте үздік педагогтар марапатталды. Оған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Құрметті ұстаздар! Сіздерді Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіздің арқасында ғылыми жетістіктерге жетіп, медаль алған, республикалық және халықаралық жарыстарда Астананың атынан сынға түсетін талантты және ынтасы жоғары балалардың жаңа буыны өсіп келеді. Өткен оқу жылының өзінде елордалық оқушылар 445 медаль жеңіп алды, бұл – сіздердің еліміздің болашағына қосқан үлестеріңіз. Сіздер ыңғайлы жағдайда жұмыс істеу үшін біз елорданың білім беру инфрақұрылымын дамытуды әрі қарай да жалғастырамыз. Биылғы оқу жылында 15 жаңа мектеп ашылды, ал жыл соңына дейін тағы 9 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Біз сіздердің жұмыстарыңызға ерекше назар аудару қажет екенін және қолдау көрсетуді қажет ететінін түсінеміз әрі осы бағытта жұмыс істеуді жалғастырамыз» деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.
Биыл Үздік оқу орындарының рейтингіне А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы мен ASTANA Polytechnic COLLEGE кірді. «Астана қаласының құрметті педагогы» атағы Ж.Аймауытов атындағы №24 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Тиынтайға, Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Сәуле Болатбаеваға, №43 қосымша білім беру мектеп-орталығының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұпаргүл Қалмұрзаеваға, №1 өнер мектебінің бейнелеу өнерінің оқытушысы Дәурен Бейсенбаевқа, №2 арнайы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Иманбаеваға берілді.
Концерт барысында саланың 38 ардагері Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаттарымен, тағы алты мұғалім қаланың Білім басқармасының грамоталарымен, ведомстволық наградалармен 2 825 педагог марапатталды. Соның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, Оқу-ағарту министрлігінің құрмет грамотасы тапсырылды.