Қоғам

Елімізде мопедтерді тіркеу міндеттеледі

Қазақстан жолдарындағы қауіпсіздік мәселесі қоғамда басты назарда. Жол-көлік оқиғаларының жиілеуі, әсіресе мопедтермен байланысты апаттар және жылдамдықты асырудан туындайтын қайғылы жағдайлар халық арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдарының қозғалысын ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Парламентаризм институтының сарапшысы Нуржан Саулен жаңа реформаларға түсінік берді. Бұл заң жобалары жол қозғалысын ұйымдастыруды жақсартуды және көлік құралдарына қатысты әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру және интеллектуалдық жүйелерді енгізу арқылы жол қауіпсіздігін арттыру қажеттігін атап өтті. Осы реформалар аясында мопедтерді тіркеуден бастап, жылдамдықты бақылау жүйелерін енгізуге дейінгі нақты шаралар қарастырылып отыр», – дейді сарапшы.

Жаңа заң жобаларының басты жаңалықтарының бірі – мопедтерді мемлекеттік тіркеу. Мопед жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбеюі қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызуда. Биылғы жылдың алғашқы сегіз айында мопедтермен 962 жол апаты тіркелген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28%-ға артық.

«Мопедтер мемлекеттік тіркеуден өтпейді, ал бұл оларға жол ережелерін бұзуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл мәселе тек мопед жүргізушілеріне ғана емес, барлық жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіреді», – дейді Нуржан Саулен.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, 50 куб. см-ге дейінгі қозғалтқышы бар мопедтерді тіркеу міндеттеледі. Сонымен қатар, мопед жүргізушілері енді «А1» категориясындағы жүргізуші куәлігін алуы тиіс. Бұл талап олардың жол ережелерін сақтап, жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

Жылдамдықты бақылау жүйесі: Жолдардағы қауіпсіздік басты назарда

Жылдамдықты асыру – жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы жылдамдықты асыру салдарынан 4512 жол апаты тіркелген. Бұл барлық апаттардың 28 пайызын құрайды Бұдан бөлек, осындай апаттарда қаза тапқандардың 41 пайызы және жараланғандардың 29 пайызы нақ осы жылдамдықты арттыру нәтижесінде орын алған оқиғаларға тиесілі. Тек биылғы жылы ғана жылдамдық режимін бұзу салдарынан 1051 адам көз жұмып, 5642 азамат түрлі жарақат алды.. Саладрынан 1051 адам қаза тапқан, ал 5642 адам түрлі жарақат алған.

Жаңа заң жобасы жолдағы жылдамдықты бақылау жүйелерін енгізуді көздейді. Халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда арнайы техникалық құралдар орнатылып, көлік құралдарының орташа жылдамдығы автоматты түрде есептеледі. Егер жылдамдық белгіленген нормадан асса, жүргізушіге әкімшілік шаралар қолданылады.

Техникалық байқау: бақылау күшейеді

Көлік құралдарының техникалық жағдайы да жаңа заң жобасының назарында. Қазіргі уақытта техникалық байқау операторлары қызметін бастау үшін хабарлама беру тәртібі қолданылып келсе, енді бұл процесс рұқсат алу тәртібіне ауыстырылады. Бұл өзгеріс техникалық байқау операторларының қызметін қатаң бақылауға алып, олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

«Техникалық байқауды формалды түрде өткізген операторларға қатысты қатаң шаралар қабылданады. Айыппұлдар мөлшері ұлғайып, тіпті лицензияларынан айыру мүмкіндігі де қарастырылған», – деп түсіндірді Саулен.

Әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты жаңалықтар

Жылдамдықты асыруға қатысты жауапкершілік дифференциацияланады. Егер жүргізуші жылдамдықты 40-60 км/сағ-қа дейін асырса, әкімшілік жаза қолданылады. Ал жылдамдықты одан жоғары асырған жағдайда айыппұлдар мөлшері айтарлықтай артады.

Сонымен қатар, жолдағы жарық құралдарын немесе дыбыстық сигналдарды дұрыс қолданбағаны үшін алғаш рет құқық бұзушыларға тек ескерту беріледі. Ал қайталанған бұзушылықтар үшін айыппұл салынады. Бұл шаралар жол ережелерін сақтауды жеңілдетуге және құқық бұзушыларға екінші мүмкіндік беруге бағытталған.

Қазақстан жолдарындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған бұл заң жобалары маңызды реформалар болып табылады. Мопедтерді тіркеуден бастап, жылдамдықты бақылаудың жаңа жүйелерін енгізуге дейінгі шаралар елдегі жол қозғалысын қауіпсіз етіп, тәртіпті нығайтуға септігін тигізеді. Нуржан Саулен атап өткендей, жол қозғалысын цифрландыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бұл заң жобалары Қазақстанның жолдарындағы тәртіпті нығайтуға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға үлкен үлес қосады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button