«Барыс» қатарынан бесінші мәрте жеңіліп қалды
Қазақстандық «Барыс» командасы кеше Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Автомобилист» (Екатеринбург) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Кездесуді қазақстандық клуб сәтті бастады. Ойынның бірінші кезеңінде олар қатарынан екі шайба соғып кетті. Қазақстандық Максим Мухаметов 8-минутта есеп ашса, 10-минутта Майкл Маклауд басымдықты арттырды. Одан кейін ресейлік клубтан Ник Эберт 14-минутта мергендік танытты.
Командалар екінші кезеңде бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Үшінші кезеңде «Барыс» хоккейшісі Станислав Бочаров 46-минутта гол соққанымен, одан кейін ресейлік клубтан Семён Кизимов 46, Анатолий Голышев 52, Брендан Лайпсик 54-минутта үш шайба енгізді.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 3:4 есебімен есе жіберіп, жаңа маусымдағы 12-ші жеңілістің ащы дәмін татты. Команда бесінші ойын қатарынан жеңіске жете алар емес.
Қазақстандық команда бұдан кейінгі екі ойынын елордада өткізеді. Алдымен 10 қазанда Ресейдің «Авангард» (Омбы) клубымен кездессе, одан кейін 16 қазанда «Салават Юлаев» (Уфа) шеберлік байқасады.