Жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді
Бүгін Астана қаласындағы №34 Барлыбек Сырттанұлы атындағы мектепте спорт алаңының ашылуы өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Қаланың шеткі бөлігінде орналасқан мектепте қазіргі сәтте 374 оқушы білім алып жатыр.
Байқоңыр ауданының әкімдігінің демеушілігімен 3 ай ішінде жаңа спорт алаңы салынды.
Іс-шараға Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» басшысы, Білім басқармасының әдіскерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар, мектеп түлектері қатысты.
«Мектеп оқушыларының білімді де, білекті де болғаны біз үшін өте маңызды. Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан біз әрқашан да білім мен спортты қатар алып жүруіміз керек», – деді мектеп директоры Мұрат Ахметов.
Ресми ашылудан кейін спорт алаңында мектеп оқушылары эстафеталық ойындар, асық ату, арқан тартыс, кермеге тартылу, футбол, шахмат бойынша өздерінің спорттық дағдыларын көрсетті.