Басты ақпаратҚала мен сала

Нұраның негізгі мәселелері талқыланды

Астана қаласының бесінші ауданы болып 2022 жылы құрылған Нұра ауданында өзекті мәселелер баршылық. Кеше аудан халқымен кездескен қала әкімі Жеңіс Қасымбек олардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, сұрақтарына жауап берді.

Кездесуде алдымен Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков аудан көлемінде жасалып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Ауданды абаттандыру мәселесі қашан да өзекті. Сондықтан ол жыл басынан бері 22 аула толықтай абаттандырылып, 41 аулада жөндеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Бұл жұмыстар тек ойын алаңдарын жаңартумен шектелмей, тротуар желілері, демалыс аймақтары, көлік тұрағы, ағаштар отырғызу және шағын қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарымен де толығып отырған.

– Жағалау ықшам ауданында 18 га аумақта 7 аула және 7 спорттық алаң абаттандырылып, 30 мың м² асфальт жабыны, 12 мың м² жаяу жүргіншілер жолы жаңартылды, 100-ден аса орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Биыл ауданда 4 гүлзар абаттандырылды. Жаңа қоғамдық кеңістіктерде 14 мың м²-тен аса тротуар желісі абаттандырылды, 3 мың м² гранит плита жаңартылды, 900-ден астам ағаш, 13 мың көпжылдық өсімдіктер отырғызылды, – деді аудан әкімі.

Қоршаған ортаны қорғау басқармасы іске асыратын экопарк салу жобасы Кіші Талдыкөл тобына кіретін шағын көлдерді сақтау үшін түзетуден өтуде. Түзету келесі жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Ағаш отырғызу, жаяу жүргіншілер аймақтарын жайластыру және су бетін сақтау жоспарлануда. Әйтеке би көшесін аяқтау да жоспарланған. Келесі жылы асфальт пен тротуарлар жаңартылып, тұрғындардың қатысуымен көгалдандыру көзделуде.

– Биыл ауданда 6 300-ден астам ағаш, 130 мыңнан астам көпжылдық гүлдер мен бұталар, 12 500 м2 аймақта біржылдық гүлдер отырғызылды. Бұл іс-шаралар арқылы ауданның жасыл желек қорын айтарлықтай ұлғайтамыз. Жасыл желектерді күтіп ұстау және уақытылы суару үшін жергілікті суару жүйесін салдық. Биыл автоматтық жүйе 5 нүктеде қондырылған. Олардың ортақ ұзындығы 7 км асады, ал суару аумағы 45 мың м2 қамтиды, – деді аудан басшысы.

Ауданды жарықтандыру бойынша инфрақұрылымды жақсарту шеңберінде жаңа скверлерде, жаңартылған қоғамдық кеңістіктерде, жаңа тротуарлар бойында және жағалауда 388 жарықтандыру тіректері орнатылды, 519 шам ауыстырылды. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биыл 2 жаңа жайлы мектеп қолданысқа берілді. Осы қарқынмен 2025 жылдың соңына дейін ауданда тағы 10 мектеп ашылып, 15 800 балаға орын қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта 2 мемлекеттік балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр, оның бірі биылғы жылдың соңында ашылса, екіншісі келесі жылы ашылады. Жол инфрақұрылымы бойынша биыл аудандағы 13 жаңа көше салынып, 10 көшенің құрылысы жүргізілуде. 9 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл ұзындығы 8,1 км 13 жаңа көшенің құрылысы аяқталып, барлық инженерлік желілері бар 10 көше салынуда. «Сат Сити» тұрғын үй кешені аумағында 14 мың м2 тротуар салынды. 2 км-ден астам тозған төсеніштер ауыс­тырылды. 9 км жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар жаңартылды. Оның 6 км-і Қабанбай батыр даңғылында орналасқан, онда бұрын тротуар желілері болмаған. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін 8 жылы аялдама және 6 ашық аялдама орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 2 жылы және 14 ашық аялдама орнатылады. Олардың бір бөлігі демеушілер есебінен қойылады.

– Үркер тұрғын үй алабының дамуы – біздің ерекше бақылауымызда. Биыл мұнда 4 спорт алаңы жөнделді, 120 шам ауыстырылды, демеу­шілердің арқасында 19 аялдама орнатылды, сондай-ақ 100-ден астам контейнерлік алаң жабдықталды. Ағымдағы жұмыс­тардан бөлек инфрақұрылым салу және дамыту жұмыстары жүргізілуде. Биыл коммуналдық шаруашылық басқармасы тұрғын үй массивінде 3,2 км көшені салуды аяқтап, 17 мың м2 тротуарды абаттандырды және 2 бағдаршам орнатты. Массив электрмен және сумен қамту жабдықтарымен 100 пайыз қамтамасыз етілген, – деді Р.Тұрдыбеков.

Кездесу барысында Астана қаласының әкімі Жеңіс ­Қасымбек аудан тұрғындарын мазалаған ең өзекті сұрақтарына жауап берді. Соның бірі ауданда емхана салуға қатыс­ты болды. Тұрғындар емделу үшін Р.Қошқарбаев көшесі бойындағы емханаға немесе Көкталдағы медициналық ұйымға баруға мәжбүр. Сондықтан олар ауданда барлық құрал-жабдықтары бар, жаңа  емхана салынса екен деген тілегін айтты. Елорда әкімі бұл мәселенің оң шешімін табатынын жеткізді.

– 20 тамызда Мемлекет басшысы қаладағы медициналық нысандарды аралаған болатын. Президент сол сапарында Рес­публикалық онкологиялық аурухананы, Республикалық Жедел медициналық көмек көрсету орталығын ашты. Сондай-ақ біз «Самұрық-Қазына» АҚ көмегімен №3 қалалық көпсалалы емхананы жаңадан салуға рұқсат алып, құрылысын бастадық. Бұған қоса Көкталда жаңа перинаталды орталық құрылысы жүргізіліп жатыр. Көктемде тағы біреуін саламыз. Қалада медициналық нысандар құрылысы қарқынды жүруде. Елорда болғасын аурухана кереуеттерінің 25 пайызы Қосшы, Талапкер, басқа да аудандардан, тіпті еліміздің түкпір-түкпірінен келетін нау­қастарға ұсынылып отыр. Өйткені елордада еліміздің озық медициналық ұйымдары жұмыс істейді. Сондықтан бұл жұмыстар жалғаса бермек. Келесі жылдан бастап бірнеше мемлекеттік емхана салынатын болады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Қала әкімі аудан тұрғындарының кәріз, су, жылу жүйесі, абаттандыру, жол, мектеп салу, қоқыстан тазалау, көгалдандыру, «Сергек» қондырғысын қою, Талдыкөлдің жағдайы, жеке мектептердегі оқушыларды тамақтандыру және басқа да мәселелері бойынша сауалдарына осы салаларға жауапты басқарма басшыларын қатыс­тыра отырып жауап берді.

– Аудан бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Әсіресе, Тұран көшесі бойында көшелер мен жолдарды жөндеу жұмыс­тары жоспарлы түрде орындалды. Биыл Сығанақ көшесі толығымен жөнделді. Нысандар айналасы, спорттық нысандар маңайы абаттандырылды. Бұл ауданда сонымен қатар өте көп мектептер салынуда. Қалада жалпы 24 «жайлы мектеп» салынып жатыр. Солардың ішінде 7 мектеп осы ауданда бой көтеруде. Осы оқу орындарының арасынан 9 мектеп 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Балалар саны көп, бұл ауданда беріліп жатқан тұрғын үйлер де аз емес. Сол себепті білім ошақтарының үштен бірі осы жерде. Жылдың соңына дейін тағы 4 жайлы мектеп осы ауданда ашылады. Қалған үшеуі келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұл жұмыстар жалғасын таба береді, – деді қала әкімі.

Әкім тұрғындардың жекелеген мәселелері бойынша жеке қабылдауға дайын екенін жеткізді. Бірқатар мәселелердің шешімін қаланың басқарма басшыларына тапсырды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button