Басты ақпаратСараптама

«Сақалды» жолдың сапасы қандай?

Ел жүрегі Астананы төңіректің төрт бұрышымен тұтастыратын негізгі күре тамырдың бірі – жол. Әрине, аспанмен ұшып, шойын жолмен жүйткіп жатқанымызбен, бас қаланы еліміздің барлық аймақтарымен тұтастыратын күре жолдардың орны әрқашан бөлек. Қазіргі таңда астананы басқа облыс аймақтармен жалғап тұрған 5 үлкен күре жол бар. Солардың арасында Қарағандыны басып, Балқаш, Бурылбайтал арқылы Алматыға жететін 1200 шақырымдық жолдың Астана үшін маңызы айрықша.

«Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал», Бурылбайталдан Алматыға дейінгі жолды жөндеу жұмыстары басталғанда бәріміз қуанып едік. Өйткені ұзақ уақыт жөнделмей, шұрқ-тесік болған көне жол Алматы мен Астана ортасында әрі-бері жүретін жүргізушілерді де, жолаушыларды да әбден қажытқан еді, сапасыз жолдың әсерінен жол апаты да жиілей түскен болатын. Мәселен, наурыз айында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан «Қарағанды – Алматы» бағытында жеңіл автомашина жүк көлігімен соқтығысып, 4 адам қаза тапты. Ал мамыр айында дәл осы жолда көлік апатынан тағы 5 адам қайтыс болды.

Президент айтса да бітпеген жол

2022 жылдың қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкімет «Қа­рағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруі керек» деп тапсырған еді.

Биыл жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы аталған жолдың құрылыс жұмысына тағы тоқталып: «Еліміз үшін айрықша маңызды «Астана – Балқаш – Алматы» тас жолы әлі күнге дейін жөнделіп біткен жоқ. Құрылыс 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Республикалық маңызы бар «Атырау – Астрахань», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Талдықорған – Өскемен» жолдарының жөнделіп жатқанына 5 жылдан асты. Биыл осы жұмыстар біржола аяқталуға тиіс» деп қайталай тапсырма берді. Бірақ Президент қайта-қайта қадағалап айтқанымен, жолға қатысты мәселелер шешіліп, құрылыс қарқыны бірден артты деп айту қиын. «Баяғы жартас – бір жартас» дегендей, біздің пайымымызша, жол салушы компаниялар Президент айтса салады да, аз күннен кейін қайта әуелгі әуеніне басады, яғни жолға қатысты мәселелерден әлі ештеңе өзгермеген. «Астана –Балқаш – Алматы» күре жолындағы сапардан біз осындай ой түйдік.

Автодәліздердегі жобалардың ортақ құны 603,9 млрд тг құрайды, бүгінгі таңда орташа есеппен 450 млрд тг жуық қаражат игерілді

Шала біткен жол

Биыл «Астана – Балқаш – Алматы» күре жолымен Алматыға екі мәрте барып қайттық. Шілде айында барғанымызда Қарағандыдан әрі қарайғы жолдың жөндеу жұмыстары әлі толық бітпегенін, жолдың көп бөлігінде төрт жолақты жолдың тек бір жағы ғана жасалып, екі бағытта жүретін автокөліктер бір бағытты жолдың ортасына сызылған ұзын сызықты шекара етіп, қойдай тізіліп жүріп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Жол ортасына төгілген қиыршық тастар жаңа жолдың бетіне шашылып жатыр. Сол жолы қарсы келген КамАЗдың доңғалағынан тас ыршып, көлігіміздің әйнегін де шағып тынды. Мұндай жағдай жиі болып тұратынын осы жолмен жиі жүретін Жеңісбек есімді азамат та растады.

– Мен осы жолмен жолаушы тасып жүргеніме 5 жылдан асты. Сенесіз бе, 5 жылда көлігімнің алдыңғы әйнегі 4 рет сынды. Бір бағытқа арналған жолда екі бағытқа жүретін көлік қаздай тізіліп жүрген соң жол апаты да жиі болады. Жолда жүк көліктері өте көп жүретіндіктен, көліктер біршама шақырымға дейін тізіліп жүреді. Ал істеліп жатқан жұмысқа келсек, жол салып жатқан техниканың жұмыс істегенінен тұрғаны көп. Жолдың әр бөлігінде жыбырлап бес-алты адам жүреді, бұлай істесе жұмыс қалай мандиды?! Бес-алты жылда бір жолды әлі толық бітіре алмай жатыр. Тіпті соңын жасап болғанша, ертеректе жасалған алдыңғы бөліктері тоза бастады, – дейді ол.

Жол бойы да «жұтап» тұр

Айтып-айтпай, бұл жолдың азабын Алматы мен Астана арасына көлікпен көп жүрген жандар біледі. Әсіресе, түнде жүру өте қатерлі. Қарсы бағыттан келген көліктің көз ұялтар жарығынан аса абайламасаң, жолдан шығып кетуің немесе қарсы бағыттағы көлікпен соқтығысып қалуың әбден мүмкін екен. Оның үстіне жаңа салынып жатқан жолдың бойында жолаушылар көліктен түсіп аяқ суытатын орындар, дәретханалар әлі салынбағандықтан, Балқашқа дейінгі аралықта дәрет қысса, бұта-бүргеннің түбіне дәрет сындырудан басқа шара жоқ. Біз осы сапардан келген соң, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне арнайы хат жазып, жолдың неге толық біт­пей жатқанын, жол бойында дәрет­ханалар, жолаушылар тынығатын орындар неге жолмен бірге салынбағанын сұрадық.

«Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, ағым­дағы жылы «Астана – Балқаш – Алматы»  жолын қамтыған жалпы ұзындығы 2 мың шақырым рес­публикалық маңызы бар автомобиль жолын аяқтау қажет. Бүгінгі таңда 2 мың ша­қырымның 1915 шақырымында автокөлік құралдарының қозғалысы жаңа асфальт қабатымен қамтамасыз етілген. «Астана – Балқаш – Алматы» бағытындағы тас жолда ағым­дағы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталып, толығымен көлік құралдарының қауіпсіз қатынауына қозғалыс ашылатын болады» делінген Министрліктің жауабында.

Тамыз айының соңында, БАҚ беттерінде «Қарағанды – Балқаш күре жолының алғашқы төрт жолағы ашылды» деген тақырыппен «Қарағанды қаласынан Ақбастау ауылына дейінгі аралықта жаңа асфальт төселді. Жол қозғалысы қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін тосқауыл қоршауы орнатылды. Күре жолдың жалпы ұзындығы 363 шақырым» деген ақпарат тарады. Бірақ мұның да шындыққа сәйкес келмейтінін біз аталған жолмен Алматыға екінші рет сапар шеккенде (20-25 қыркүйек) байқадық. Атап айтқанда, Қарағандыдан Ақсу-Аюлыға дейінгі жол бөлігі толық ашылғанымен, Ақсу-Аюлыдан Балқашқа дейінгі жол әлі толық қолданысқа берілмеген.

Шала біткен жолдың асфальт жабындысы төселгенімен, 4 жолақты жол толық ашылмаған. Көліктер Ақсу-Аюлыдан Балқаш қаласына дейін жолдың бір бағытымен ғана жүріп жатыр. Жолдың жиегінің құрылыс жұмыстары әлі істелмеген. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қойылатын тосқауыл қоршаулар да толық орнатылмаған. Жол ортасына қойылатын жарық тосатын қалақша темірлер де орнатылмаған. Бір ауыз сөзбен айтқанда, жолдың асфальті төселгенімен, жолдың қалған жұмыстары әлі шаш-етектен. Бурылбайталдан әрі қарайғы жолдың да жағдайы осыған сәкін. Енді күн суытып, қар түсетін болса, бұл жұмыстардың шала қалатыны анық. Осылайша Президенттің 3 жыл бұрын берген тапсырмасы ауыз жүзінде «толық» орындалған болып отыр.

Құрылыс неге ұзаққа созылды?

Ал жол жасау жұмыстары неге осынша созылып, бітпей кетті? Оның да себебі шаш-­етектен. Көлік министрлігі болса, «Құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылуы, көптеген жобаларды іске асырудың басталуы 2019-2021 жылдардағы жол-құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы кезеңімен, жол битумының тапшылығы және COVID-19 пандемиясының әсеріне байланысты персонал мен техниканы жұмылдырудың қиындығымен тұспа-тұс келгенін, сондай-ақ материалдардың қымбаттауы себебінен жобалардың құнын қайта түзетудің ұзақ мерзімді рәсімдері болып табылады» деген уәж айтады.

БАҚ беттерінде жарияланған «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның деректеріне сүйенсек, «Орталық-Оңтүстік жол дәлізі бойында 42 демалыс орны мен 23 қызмет көрсету станциясын салу жоспарланған» делінген. Бірақ біз жүрген жолдың бойынан жаңадан салынып, пайдалануға берілген мұндай көп қосалқы құрылыстарды байқай алмадық. Керісінше, Қарағандыдан Балқашқа жеткенше дәретхана таппай қиналған жолаушыларды көрдік. Яғни жол бойындағы демалыс орындарының, қызмет көрсету орталықтарының жұмысы әлі толық басталмаған. Ал Көлік министрлігі болса, «Аталған демалыс аймақтары мен санитарлық-гигиеналық тораптардың құрылысы «Орталық-Оңтүстік» автодәліздерін реконструкция­лау шеңберінде жүргізілуде. Жұмыс­тарды аяқтау ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған» деген жауаптан аса алмай отыр. Демек, Астана мен Алматының арасындағы жолдың барлық жұмысы толық аяқталғанша әлі бір жыл уақыт бар секілді. Бірақ оған дейін қайта жөндеу жұмыстары да басталып кете ме, кім білсін!?

«Астана – Алматы автожолын салуға қанша қаржы жұмсалды? 7-8 жылға жалғасқан құрылыс жүргізу кезінде жемқорлық фактілері болды ма?» деген сұ­рағымызға министрлік «Автодәліздердегі жобалардың ортақ құны 603,9 млрд тг құрайды, бүгінгі таңда орташа есеппен 450 млрд тг жуық қаражат игерілді. Жемқорлық фактілері тіркелмеген» деді. Бұл жауап Президент Тоқаев пен депутат Қазыбек Исаның сөзін еске салды.

Бес есе қымбатқа жол салатын ел

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқев биыл Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жол мәселесіне тағы тоқталып, автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күре тамыры екенін баса атап өтті. «Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын, сапалы жолдармен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі көтеріледі. Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған» деген болатын.

Бұл мәселені еліміздің Парламент депутаттары да биік мінберден жиі айтып келеді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса еліміздегі жол мәселесіне тоқталып былай деп ашына айтқаны бар:

21-ғасырда Еуропадан шыққан көліктер Қазақстанға келгенде 19-ғасырдағы жолға түсіп кетеді. «Жол мұраты – жету» десек, біздің сапасыз жолдармен жүргенде бұл мақалды ұмытып қаласың. Ел жағдайын жол жағдайына қарап білетін болсақ, біз африкалық Кения мен Танзаниядан да кейін қалдық. Әлемдік рейтингте 93-орында тұратын біздің жолдың сапасы Уганда мен Эфиопиядан да төмен бағалануда. 2007 жыл басталған Батыс Еуропа – Батыс Қытай жобасы әлі біткен жоқ. Бұл жоба осы уақытқа дейін 4 рет несиесін ұзартқан. Жол сапасының нашарлығының тағы бір себебі битомның тапшылығынан. Мұнаймен мақтанатын елде жыл сайын 200 тонна битом жетіспейді. Біздің елде жөнделген жолға 3 жыл, жаңа салынған жолға 5 жыл кепілдік беріледі. Бұл 15-20 жыл, тіпті, 25 жыл кепілдік беретін Еуропадан 5 есе аз. Бірақ Мемлекеттік мекемелер мен компаниялар 3 жыл сайын жолға ақша бөлдіріп отыру үшін осындай саясат ұстанады. Біздің елде жол жөндеуге жыл сайын 500-600 млрд ақша бөлінеді, бір шақырым жолдың құны – 600-700 миллион теңге. Бұл Еуропаның бағасынан екі есе қымбат. Сонда Еуропа екі есе аз ақшаға 5 есе сапалы жол жасайды. Керісінше айтсақ, біздің елде екі есе көп ақшаға 5 есе нашар жол салады. Қазақстанда жолдың сапасын арттыратын полимер қоспасы бар. Бірақ оны компаниялар қоспайды. Неге? Себебі оларға жолдың сапалы болып, ұзақ уақытқа шыдағаны қажет емес, жолға бөлінетін миллиардтаған ақша қажет. Біздің елде жолға ақша құйыла бастаса, жолға қатысы жоқ жемқорлар жиыла бастайды. Әр салада өз маманы отыру керек еді, бірақ бізде су саласында суды, жол саласында жолды білмейтіндер отыр. Жол сапасының нашарлығы – жол апатында қайтыс болғандар санының көбеюінің де басты себебі. 52 мемлекеттің арасында Қазақстан жол апатынан қаза табу көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Сондықтан біріншіден, министрлік, облыс әкімдіктеріне, ҚазАвтоЖолға салынған жолдардың уақытында беруін қатаң міндеттеуі керек. Екіншіден, жол сапасына кінәлі компания шығынды өзі төлеп, жазасын тартуы тиіс. Үшінші, жол сапасын екі-үш есе арттыратын полимерлер қоспасының құны жол сметасына қосылуы керек.

Жол салу жұмыстары мен жол сапасы жайлы айтар сөздің түйі­ні осы! «Астана – Қарағанды – Алматы» күре жолының құрылыс жұмысы уағында аяқталмай, «сақалды» құрылысқа айналып кетуі Президент айтқан себептер мен депутат айтқан деректермен еш қатысы жоқ деп ешкім де кесіп айта алмайды.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button