Есін қашан жияр екен мына жұрт?!
Тек қарынның тоқтығы мен уайымның жоғы емес екен адам баласын аздыратын. Бір жағынан алып қарасаңыз, аш құрсақ жүрмесек те, тоқтықтан тасып жүргеніміз де шамалы. Бірақ бағытымыз беймәлім болып, жұртта қалған күшіктің халін кешудеміз. Тобырдың иіріміне көлденең кеспелтек болатын қарулыны танымайтын, жөн сөз айтар жақсылардың дауысын естімейтін, тұйықта жол көрсететіндерді көрмейтіндей кеселді елді қалай емдерсіз? Көкірек көзі бітеу, құлақ-көзден айырылған қарақұрым қайда бастар екен деп алаңдайтын намысты ерден дәрмен кетті.
Обалы не керек, соңғы кездері өзгелердің жат мәдениетінің ықпалынан бұрылып, өзімізді іздедік. Алайда өткеннің тозаңына тұншығып, өз көшіміздің сүрлеуіне түсудің орнына бітімі бөлек сағым мен елестен құндылығымызды құрау үстіндеміз.
Ұлт құндылығын қайтару үшін 300 жылда сананы торлап алған темір құрсауды бұзып, 300 жыл алдын қаңтарылып қалған көшімізді түзеу керек еді. Сол көштің басында болған орыс санаға қарсы тұрған ақын-жыраудың айтқанын көңілге тоқымадық, сол жылдардағы үлкенді-кішілі тұлғаларымыздың жүріп жолын бағамдамадық, қателігін түземедік. Әлі де өліарада тұрмыз. Алға озарға өткел жоқ. Бүгінгі қоғамдағы дағдарыс осыдан басталды. Ұлттық мүддеге негізделген құндылықтардың жаңа жүйесі мен жаңа әлеуметтік қатынастарды қалыптастыра алмай, арзан ойынға алданып жүрміз. Ұлттық құндылығымыздың іргетасын құрайтын отбасы институты, бала тәрбиесі, ата мен баланың, үлкен мен кішінің қарым-қатынасы қазақи қалыпта сараланып, қадағаланбады. Баланы оқыту-тәрбиелеу жүйесі кәсіп-мамандық таңдауда, еңбек етуде, адал мал табуда мықты негіз болмады. Қандай да бір әлеуметтік бағдарлама болсын ұлттың ұпайын түгендеуге емес, көзбояушылыққа айналды. Ақырында әдеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, дала даналығы, ұлтымыздың өмір сүру тәжірибесі, дінге бекіген өсиет-аманаты ада болып, ұлттық өнердің тозығына қанағат тұттық. Ұлттық ас арамдалып, қазақы киімді қораш көрдік. Қазақы қасиетімен тапқан олжамызды «мынау менікі» деп елді тамсандырып ортаға тастай алмадық. Есесіне біреудің қаңсығы бізге таңсық. Өзімізге өлшеп көруден тартынбадық. Бұл да қазақтың соры.
Ұлттық құндылықтардың, рухани-адамгершілік бағдарлардың негізі – мыңжылдық мәдениетіміз. Оны да бүгінгі «Жаңа Қазақстанның» шалғайына байлап жібердік. Қазақстанның азаматын тәрбиелеуде жеке үлгі болатын құрметтілердің сөзі мен іс-әрекеті еді
Қоғамды топтастыратын нақты тұжырымдалған ұлттық даму идеясы, бәлкім, ортақ мәміле жоғынан болар, ала тонын айналдырып, бүйірден қосылған әдет-ғұрыпты өзімдікі деп өзін-өзі алдарқатып, оны санасы жоқ тобыр іліп әкетіп, «құндылыққа» айналдырып жіберді.
Барар бағытының, өмірден алар үлесін, татар жемісінің дәмін білмеген соң, парықсыздықты – парасат, астамшылықты – дәулет, кішілікті – кемдік, тақуаны сорлы деп таныдық.
Әлем әлеуметтік желінің ыңғайына жығылып, оның да құлағында ойнағандар, яғни қазаққа жаны қастар елдің ойын онға бөлді. Одан басқа ашық-тесік интернеттен ағылған небір ақпарат нөпірі мен оған ғаламдануды тағы қосыңыз, меңдуанаға уланғандай бұқара халық, әйтеуір, бір өзінің бар екенін білдіру үшін жер өртегеннен басқасының бәрін істеп бағуда.
Жұқсыздардың дәурені жүрген, жемқорлық жайлаған заманда қоғам психологиясының ұстанымы өзгеріп, жастардың моральдық деградациясы, адам өмірі құндылығының төмендеуі байқалды. Қоғамдық моральдың құндылық негіздері мен дәстүрлі формаларының тозуы, сол ұлт өкілі ретінде өзінен-өзі жиренетін күн туды. Қазақ болудан намыстанғандар орыс тіліне ұмтылып, бұрынғы кеңестің атеистері мұсылман болуға арланып, тәңіршілдікті ту етуде. Халықты ұлттық мәдениетке, дүниетанымы мен тарихын, табиғи болмысын ашып, жүрегін отарлықтың бұғауынан босатуға жұмыс істелмеді. Билік тарапынан да адамдардың жүрегінің ұлттық астарына үңілген ешкім болмады.
Ұлттық құндылықтардың, рухани-адамгершілік бағдарлардың негізі – мыңжылдық мәдениетіміз. Оны да бүгінгі «Жаңа Қазақстанның» шалғайына байлап жібердік. Қазақстанның азаматын тәрбиелеуде жеке үлгі болатын құрметтілердің сөзі мен іс-әрекеті еді. Өкінішке қарай, әрі кетсе қара күшіне сенетін спортшыларды ұлықтап, ауыз жыбырлатқаннан аспайтын әншілерді асқақтатамыз. Қазақтың өз философиясы, ар-ождан, обал-сауап сияқты моральдық нормалары көмескіленді, шектен шыққан тентекті жинап алатын да ешкімің жоқ. Мейірімділік, жанашырлық, риясыздық, тағы басқа адами қасиеттер қажет етілмейтін күн туды. Осыдан келіп адамдар арасында мәнсіз, мағынасы азғантай алданыш болатын той-томалақты жалпының салтына айналдырып алдық. Отбасы қатынасы, абысын-ажын берекесін келтіріп, бірлігіне бастайын келіннің құрсақ көтергенінен бастап шілдехана, қырқынан шығару, бесікке салу, қалжа, тұсаукесер, тілашар дейтін ырым-жырымы елге сауын айтып, бес жүздеп қонақ шақырып, сәні келіскен тойханада аталып өтетін үлкен тойға айналды.
Отыз күн ойын, қырық күн той дегенің әлі келгеннің де, келмегеннің өлгенде көргені болып тұр. Жаназа, қырқы, асы да бір-бірінен асып түседі. Осы жиыннан ұтылғанымыз – адамға, қазақтың қазаққа деген мейір-шапағаты кеміді. Бетімен ауа жайылған халықты ойға шақыратын, кесімді пәтуа айтатын адамның жоғынан, бар болса аздығынан сөзге тоқтамайтын, ісіне есеп бермейтін өзімшілдер өрге озды. Адам өміріндегі бір қуаныштың ұлы сүргінге ұласқаны соншама, жүрекке шын қуаныш сыйламады. Тойдың дүрмегімен ұзатылған қыздың, түскен келіннің қызығын сезінбейсің. Әке-шеше, ағайын өліп жатса, бауырымдап жоқтай алмайсыз. Бәрі өзге адамның басында болып жатқандай, жұрт жасағанды жасаймын деп арамтер болып, оны салмағына жаншылып, суықтанып, оқшаулана береді.
Бар жиғанын мақтаныш, бәсеке, ешкімнен қалмау үшін жұмсаған соң, тойы да, өлігі де жағымсыз құбылысқа айналып, іштен тынады. Сонда да қарсы тұрар қайран жоқ, бұл баршаның құлдырауына әкелді. Бұл бұқаралық сипат алғаны соншама, ақ-қарасын, жақсы-жаманын ажырата алмай, бір ағынмен бірге ағып барамыз. Осылайша, қазақтың бір қызығы да сорға айналып барады.
«Ресей ХХ ғасырда қазақты таза отаршылдыққа көндірді, отаршылдықпен бірге кедейлік келді. Репрессиялар басталды. Содан дәстүр-салтымыздан, әдет-ғұрпымыздан айырылып қалдық. Қазір қазақтың салт-дәстүрі деп жүргеннің көбі қазақтыкі емес. Бұл – жоқшылықтан шыққан елдің өзінің ойлап тауып, анадан-мынадан көріп жасап жатқан дүниелері. Қазіргі қазақтың тойы – өте жеккөрінішті той. Салт-дәстүрден айырылған, ысырапқа негізделген той. Қазақ ешқашан ысырапшылдыққа жол бермеген, бәрін есеппен жасаған. Қазақтың қалың мал алуы, беруі – бәрі есептеледі. Қазақ отбасы есеппен, ақылмен құрылады. Отбасы мемлекет десек, есеп болмаса бәрі құриды» дейді профессор Жамбыл Артықбаев.
«Өкімет тойды заңмен тоқтата алмайды. «Той тоқтасын, үйлену тойына 150 адамнан артық қатыспасын» деген министр, я депутат жексұрын болады, қалың қазақ тойдан шаршап тұрса да, бәрібір ит терісін басына қаптайды. Ондай «непопулярный» шешімді ешкім мойнына алмайды. Өкіметке тойдың көп болғаны жақсы. Себебі былай: 90-жылдардың бас кезі. Тұрмыс нашарлаған, жұмыс жоқ. Сонда «не істейміз?» дегенде «алты алашқа сауын айтып, той жасасақ, халық бәрін ұмытады!» дегеннің ақылы дағдарған халыққа да сеп болды» дейді журналист Асылхан Мамашұлы.
Сөйтіп той мемлекеттік деңгейге көтерілді. Пәленшенің 200 жылдығы, түгеншенің 300 жылдығы, Таразға, Түркістанға 1500 жыл деген сияқты көбейе берді. Халық проблемасын ұмытып, бір сергіп қалды. Айтыс ақындары домбырасын сабалап, зор үлес қосты (оны айтсаң пәлеге қаласың). Ақтау, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Таразда тойханалардың көшесі бар екен. Басқа қалаларда да солай шығар. Ономастика комиссиясы сондай көшелерге «Дарақылық даңғылы» деген ат берсе ғой…
Айгүл УАЙС