Білім

Қауіпсіз қоғам құру – басты талап

Астана қаласының Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейінде қалалық білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы кеңес өтті.

Жиын Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің төрағалығымен өтті. Жасөспірімдер арасындағы жазатайым оқиғалар мен келеңсіз жайттарды алдын алу және болдырмау, педагогтардың, қызметкерлердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған семинар-кеңеске мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары, қаладағы жекеменшік балабақшалардың меңгерушілері қатысты. Астана қаласы Прокуратурасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға көмекшісі ­Әйгерім ­Өмірзақова, қалалық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қанат ­Нысантаев, Астана қаласы Білім басқармасы басшысы Қасымхан ­Сенғазыев, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Асима Бимендина бала қауіпсіздігіне қатысты баяндамалар жасады, білім беру ұйымдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

– Елордада кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтар саны артқан. 2024 жылдың басынан бері кәмелетке толмағандар 186 құқық бұзушылық жасады, ал кәмелетке толмағандарға қатысты 200 қылмыс анықталды. 97 өз-өзіне қол жұмсау фактісі және 20 буллинг жағдайы тіркелді. Мен әсіресе Құрылыс-техникалық колледжде орын алған оқиғаға назар аударғым келеді, онда 2-курс студентін курстастары соққыға жыққан. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, оның денсаулығына орташа ауырлықтағы зақым келтіріліп, жақ сүйегі сынған. Оқиға оқу процесі кезінде орын алып, ал колледж қызметкерлері жағдайды байқамаған. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды (ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 2-бөлігінің 8-тармағы бойынша). Өкінішке қарай, колледж директоры студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдаған жоқ.

Тағы бір жағдайды атап өткім келеді, «Арзу» мейрамханасының жанында пневматикалық тапаншаны қолданумен болған топтық төбелеске Құрылыс-техникалық колледж бен Басқару колледжінің студенттері қатысқан.

22 қыркүйекте №7 мектептің 15 оқушысы кәмелетке толмағанды ұлтаралық негізде соққыға жыққан. 5 қазанда Кәсіптік-техникалық колледждің студенті есірткі заттарын қолданғаны үшін ұсталды. Бұл тек бірнеше мысал ғана. Әр бала – біздің ұланымыз, біздің болашағымыз, сондықтан, бұл қоғам болып, бала тәрбиесіндегі олқылықтарға, адам түршігерлік цифрларға бейжай қарамай, оны болдырмауға жанымызды сала күресуіміз қажет, – деді Е.Байкен.

Семинар-кеңесте мектептердегі тамақтандыруды ұйымдастыру, әсіресе бракераж комиссияларының жұмысына мән беру және қалалық Психологиялық қолдау орталығы буллингті анықтау мақсатында жүргізілген сауалнама бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу мәселесі талқыланды.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button