Жыл толды ақын жүрек тоқтағалы
Уақыт қандай жылдам! Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының дүниеден озғанына да жыл толыпты. Ақынның өзі айтқандай, «Шапқан аттай, атқан оқтай» зуылдаған күндерге тоқтам жоқ. Өмірден өткен адам туралы айту өте қиын. Өйткені онымен бірге өткен қимас күндер, қызықты сәттер көз алдыңызға келіп, көңілді мұң торлайды.
Дегенмен Несіпбек аға туралы айтқанда, ол кісімен алғаш танысқан күндер ойыма түседі. 2009 жыл. Бұрынғы Президент мәдениет орталығынан жарық көрген «Мәдени мұра» журналында істеймін. Редакциямен Несіпбек ағаның кабинеті қатарлас болды да, ол кісіні жиі көремін. Күн сайын десе де болады. Кейде кабинетіне шақырып, әңгімеге тартады. Жаңа өлеңдерін оқиды. Әдебиет туралы ойларын айтады. Кейін ол кісі мені өзі басшылық еткен Сәкен Сейфуллин музейіне қызметке шақырды. Осы жылдары ақынмен таныстығым ағалы-інілі жақын сыйластыққа ұласты.
Әсіресе Несіпбек ағамен бірге қазіргі Абай облысына барған сапарым есімнен кетпейді. Осы сапарда бұрын көрмеген ел-жерді көріп, өзгеше күйге бөлендім. Ұлылар туған өңірдің ауасымен тыныстап, тіршілігімен таныстым. Ақынды айрықша қадірлейтін жерлестерінің кісілігіне сүйсіндім.
Несіпбек Айтұлы – әдебиетіміздегі «соғыстан соң туған» буынның белді өкілі. Ұлттық қайнарға қанып өскен ақын әп дегеннен поэзияға өз үнімен, өз жолымен келді. Қазақ жырының мұзбалағы Мұқағали Мақатаев көзі тірісінде бір ғана жалғыз жас ақынға сәт-сапар тілеген. Ол – Несіпбек Айтұлы
Біз Астанадан жеке көлікпен шықтық. Қасымызда ағаның жары Манат апай мен екі немересі болды. Алдымен Арқадағы табиғаты әсем өлкенің бірі – Қарқаралыға ат басын тіредік. Себебі жаугершілік заманда осы өңірде қаза болған, Абылай дәуірінде қол бастаған қаһармандардың бірі шанышқылы Бердіқожа батырға ұрпақтары ас берді. Соған қатыстық. Несіпбек аға Бердіқожа батырдың ерлігі туралы көлемді поэма жазған. Ақын асқа жиналған қауым алдында осы шығармасын жатқа оқыды. Оған оңтүстік өңірден келген батыр ұрпақтары дән риза болып, шапан кигізді. Сол астан кейін ақынның базарлы балалық шағы өткен Шұбартау өңіріне бет алдық. Бұрын аудан орталығы болған Баршатас ауылы – қаншама айтулы тұлға туған қасиетті мекеннің бірі. Тарихы да тым терең. Несіпбек аға жол бойы Шұбартаудың әрбір шоқысы мен қыратының тарихына тоқталып, бұл жерде өмір сүрген батырлар, билер, ақындар туралы сыр саулатты. Балалық шағы өткен ауылы туралы қызықты әңгімелер айтты. Айтпақшы, ақын білім алған Баршатас орта мектебінде Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали, Төлек Тілеуханов секілді көрнекті қаламгерлер оқыған.
Біздің осы сапарымыздың түпкі мақсаты – Үржар ауданында тұратын дауылпаз ақын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллинді көрген қариямен кездесу. Сәкен атамыз 1934 жылы үгіт-насихат жұмысымен Үржар ауданына келіп, осында сегіз ай тұрыпты. Оның осы өңірге келуіне сол кездегі Қазақ АССР-інде адвокат болып істеген Сапарғали Аманбеков пен Лепсі уезіне қарасты Жер бөлімінің инспекторы Рамазан Мұхамеджанов есімді ел азаматтары ықпал жасаған. Ақын Үржарға келгеннен кейін халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, Лепсі уезіне қарасты Елтай, Мақаншы секілді ауылдарды аралаған.
Несіпбек ағамен Үржарға келгеннен кейін Сәкенді көзімен көрген Бестерек ауылында тұратын Әйтікен Әбілқасым деген ақсақалға барып жолықтық. Орта бойлы, мығым денелі кісі екен. Сол кезде қарияның жасы сексеннің бел ортасында болса да, денсаулығы тың, жүрісі ширақ. Жады мықты, кейде Сәкен өлеңдерін төгіп-төгіп жібереді.
«Сәкен Сейфуллин Үржарға келгенде мен жастан асқан сәбимін» деп бастады сөзін қария. – Су тасып жатқан кез болса керек. Ол кісі Бай ата ауылының тұрғындарын жинап, жиын өткізеді. Жиналғандарға кеңес өкіметінің халық тұрмысын көтеруге бағытталған іс-шаралары туралы айтады.
«Біз келешекте іргелі елге айналамыз. Алдағы күніміз жарық болады. Ұрпағымыз бейбіт заманда өмір сүреді» деп жиналған қауымды бірлікке, татулыққа шақырып сөйлепті. Осы сәтте алдыңғы орында отырған шешем бесікте жатқан мені көтеріп, ақынға «батаңызды беріңіз» деп алып барады. Сәкен мені құшағына алып: « Еліміздің болашағы осы балалардың қолында» деп маған батасын беріпті. Анам марқұм «Сәкен ағамыз келбетті кісі екен. Өңіне тіктеп қарай алмадым» деп айтып отыратын. Одан кейін жиылған жұртқа әйгілі әнші Әміре Қашаубаев концерт қойыпты» деп әңгімесін бір қайырып еді Әйтікен қария.
Бір өкініштісі, 1938 жылы Сәкен Сейфуллин ұсталғаннан кейін Үржарда онымен жақын сыйласқан, араласқан 40-қа жуық адам түрмеге қамалған. Солардың ішінде ату жазасына кесілген азаматтар да болған. Соның бірі – ақын Үржарға келгенде сый-құрмет көрсеткен Рамазан Мұхамеджанов.
Осы сапар барысында Алакөлге барып 4-5 күн демалдық. Көлге шомылып, күнге қыздырындық. Ол кісі ерте тұрып, көл жағалап жүргенді сондай жақсы көреді. Әсіресе таңғы таза ауаны ерекше ұнатады. Сонда Несіпбек аға екеуміз армансыз әңгімелестік. Көбінесе әдебиетке келгенде қолдаған ағалары туралы, қаламдас қатарластары жайында көп сыр шертті. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін «Балдырған» журналына қызметке алған көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевты аузынан тастамайтын еді.
Несіпбек Айтұлы – әдебиетіміздегі «соғыстан соң туған» буынның белді өкілі. Ұлттық қайнарға қанып өскен ақын әп дегеннен поэзияға өз үнімен, өз жолымен келді. Қазақ жырының мұзбалағы Мұқағали Мақатаев көзі тірісінде бір ғана жалғыз жас ақынға сәт-сапар тілеген. Ол – Несіпбек Айтұлы. «Өлең өнерімен әуестенуші жастарымыз баршылық. Алайда шынайы шын поэзияны жай ғана еліктеушіліктен айыра білу қажет-ақ. Әртүрлі әр үндес ақындардың дүниеге келуі қуанышты. Мен Несіпбек өлеңдеріне осы тұрғыдан қараймын. Өз жастығы мен жас творчествосына лайық үн аңғардым. Тілі жатық, ойы анық. Өлеңдерінен жасандылық байқалмайды, жастыққа тән от бар. Ағынан жарылып, таусыла талаптану, ізденіс бар. Қайсыбір жастарда ұшыраса бермейтін мүлде бір бөлек сарын еседі. Жасқанба, жас адам, жақсы-жақсы жырлар жаз» деген ұлы ақынның батасы қабыл болып, Айтұлының жылдар өте келе шығармашылығы кеңейіп, қабырғалы қазақ қаламгерінің біріне айналды. Шынында, ақынның ұлттық нақыш пен сезімге толы ойлы өлеңдерін құмартып оқисың. Өткен ғасырдағы 70-жылдардың ортасында өмірге келген «Бас сүйектер» поэмасынан бастап, ақын поэзияда өз қолтаңбасын қалыптастырды. Қарымды қаламгердің елордаға қоныс аударғаннан кейін жаңа тынысы ашылып, тәуелсіздік жолында құрбан болған батыр бабаларымыз бен біртуар тұлғалар туралы 40-қа жуық кең тынысты поэма жазды. Мұндағы кейіпкерлердің кесек образы, шығарманың көркемдігі, шұрайлы тілі – бөлек әңгіме. Сондай-ақ суреткер шығыстың ұлы шайыры Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны», «Ләйлі-Мәжнүн» дастандары мен түріктің VІІ ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны Жүніс Еміре және тағы басқалардың туындыларын тәржімалап, ұлттық аударма өнерінің қазынасын байытты. Балаларға арнап жазған шығармалары да бір төбе. Сонымен қатар ақынның «Ән домбыра», «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Арман», «Дариға, дәурен» секілді әнге жазған сөздерін ел сүйіп тыңдайды.
Не айтса да ағынан ақтарылып сөйлейтін Несіпбек ағамен газет тапсырмасымен екі рет сұхбаттастым. Екеуі де «Астана ақшамы» басылымында жарық көрді. Сонда ақынның: «Барлық қазақ ақындарының темірқазығы – Абай. Мен Абайды бала күнімнен жастанып оқыдым. Бірақ менің жан дүниеме төңкеріс жасаған ақын – Қасым Аманжолов. Қасымның барлық шығармасын бойыма сіңірдім. Кейін менің поэзияда бірден көтеріліп кетуіме шығыстың ұлы шайырларының бірі Әлішер Науаидың дастандарын аударуым себеп болды. Әлішер – барлық түркі халқына ортақ ақын. Ол шығармаларын түрік, парсы тілінде жазған. Бір сөзбен айтқанда, эпикалық жанрға батыл баруыма шығыс поэзиясы тыныс беріп, қанаттандырды» деп айтқаны бар-ды.
Несіпбек аға пір тұтқан Қасым ақын дүниеден өткенде Әбділда Тәжібаев «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы, Біз оны сан айтамыз жоқтап әлі» деп мақала жазыпты. Ақын жүрегі тоқтағанмен, оның екінші рухани өмірі мәңгілікке жалғасады деп сенемін.
Азамат ЕСЕНЖОЛ
Қобыз боздап қалған күн…
Қараөткелде, қазанда, қобыз боздап қалған күн,
Қырдан асып барады жарық күні жалғанның.
…Астананың аспанын алты қазың айналып –
Аққу құстың көз жасы, Есіл, саған тамған күн…
Ақындардың, ағатай, керуені қаралы,
Қараөткелдің кешеден ашылмай тұр қабағы.
Сананы илеп сауалдар…сарнағанда самалы –
Көкала үйрек кеудеңнен – хош, – деп ұшып барады.
Жақын болдың жұртыңа,
Ақын болдың – айыбың, қай тереңге салмадың,
қара өлеңнің қайығын.
…түмен ойдың түйінін түйіп берген, абызым,
Қос қанатын қазаққа қиып берген, шайырым!
Желбіреген байрағы,
Мөлдіреген жыр – тұма,
Ұлы сапар тіледің, ұл боп туып ұлтыңа.
…Тарбағатай тауының тарам-тарам жолдары –
Сені бастап әкелген Абай атаң жұртына…
Кездескенде қалушы ек жарық күндей жарқылдап,
Арғымаққа мінгізіп, ер-тұрманды алтындап…
Астанаға келгенде, іні болып ергенде –
– Бауырым көшіп келді – деп ақ самалдай аңқылдап…
Өмір соңы білгенге бір үміт пен бір күдік,
Бұғалықты үзе алмай булығасың, бұлқынып…
Бізді тастап барасың Абай атаң ауылына –
Қара өлеңнің көзінде мөлдір тамшы тұр тұнып…
Қош, ағатай!
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
17.10.2023 ж.