Руханият

Әскери журналистің жыр әлемі

Астанадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта ақын Мұхарбек Жәкейұлының «Күй болып төгіледі күзгі нотам» атты шығармашылық кеші өтті.

Өмірін әскери саламен, соның ішінде әскери журналистикамен байланыстыр­ған ақын бүгінде Қорғаныс ми­нистрлігінің медиа-орталығында қызмет істейді. Әскери шені – доғарыстағы подполковник. Осы қазан ­айында ердің жасына толған ол кезінде майдангер қаламгерлер, Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов пен ақын, әдебиет зерттеушісі Сағынғали Сейітовтің батасын алды.

Мұхарбек Жәкейұлы студент кезінен ақын болып танылды. Биыл «Күзгі нота» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Оның өлеңдеріне әндер де жазылды. Соның ішінде елге кең тарағаны – досы, журналист Оразәлі Баймұраттың «Үмітім – гүлім» әні. Бұл туындыны талай белгілі әнші шырқады. Атап айтқанда, Тоқтар Серіков, Еркін Нұржанов, Нұржан Төлендиев, Заттыбек Көпбосынов, Асхат Тарғын айтты. Бірақ бұрын ән сөздері тыңдармандарға бұрмаланған күйінде жетіп жүрді. Шығармашылық кеште туындыны «Әдемі-ай» дуэті дұрыс мәтінімен орындады.

Иә, кеште Мұхарбек Жәкей­ұлының өлеңдері мен сөздеріне жазылған әндер салтанат құрды. Туған жер туралы, махаббат пен табиғат лирикасы тақырыбындағы өлеңдерді көрермендер автордың өз аузынан естіді. Сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Топжарған» ақындар клубының мүшелері «Дүр ағам», «Жасын ғұмыр», «Зылиқа» поэмаларын оқыды. «Күзгі нота», «Астана», «Алғашқы махаббат» сынды әндер әуеледі. Мұхарбектің «Біздің ауыл осындай» өлеңінің жазылуына осы кешті жүргізген көрнекті ақын Бауыржан Бабажанұлы себепші болды. Осы өлеңге де ән жазылып, оны Абзал Алпысұлы шырқады. Әдебиеттанушы ғалым Болат Қорғанбек, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы ақынның шығармашылығына тоқталды. Кеш иесіне туған жері Қостанай облысы Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспановтың, Қорғаныс ми­нистрлігі, Жазушылар одағының Қостанай облыстық ­филиалы, Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асановтың, ақын оқыған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультеті, Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың атынан құрмет көрсетілді. Ақынның бір топ достарына «Ахмет Байтұрсынұлы – 150 жыл» естелік медалі тапсырылды.

Аманғали Қалжанов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button