Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдығына арналды
Астана қаласындағы Республикалық Ұлттық кітапханада қазақтың көрнекті ақыны, жазушы Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Рухани іс-шара мен Сәбит Дөнентаевтың «Көркемтай» жинағының қайта басылып шығуына Ақсу қаласы әкімдігі және қалалық мәдениет бөлімі ұйытқы болып, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптеген мерейтойлық жиын барысында Сәбит Дөнентаевтың қайта басылып шыққан «Көркемтай» жаңа жинағының тұсауы кесілді. Бұл жинақ – қазақ әдебиетінің өшпес мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін құнды еңбек.
Салтанатты шараға Павлодар облысынан арнайы делегация қатысты. Олардың қатарында Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Айгерім Абенова, Ақсу қаласы маслихатының төрағасы Мәдениет Омарғалиев, Ақсу қаласының құрметті азаматы Қаршыға Шаяхметов, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысындағы филиалының төрағасы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Елікбай, Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медығат Манапов, ақынның немересі Балқия Дөнентаева, Сәбит Дөнентаев атындағы Ақсу қалалық Мәдениет сарайының басшысы Жамиля Есембаева, журналист Сая Молдайып және ақын, ұстаз Алмас Ақтасов болды. Кештің арнайы қонақтары ақынның немерелері мен жиендері іс-шараға қатысты.
Шараның ерекшелігі – Астана қаласынан келген әдебиет және мәдениет өкілдерінің қатысуы. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының төрағасы, жинақтың құрастырушысы, кеш жүргізушісі, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ғалым Жайлыбай, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, күйші, мәдениеттанушы Қайрат Айтбаев, Шалқар радиосының редакторы Сәрсенғали Жүзбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Баспа ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет сынды зиялы қауым өкілдері болды.
Кеште қатысушылар Сәбит Дөнентаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісіп, оның қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі мен ұлттық рухты көтерудегі қызметі жайлы баяндамалар оқылды. Ақынның өткір тілі мен терең ойлары қазіргі заманғы оқырман үшін де маңыздылығын жоймағанын атап өткен зиялы қауым өкілдері оның еңбектері ұлттық мұра ретінде қастерленіп, болашақ ұрпаққа жеткізілуі тиіс екендігін айтты. Қайрат Айтбаев «Саржайлау» күйін шертті.
Сәбит Дөнентаевтың «Көркемтай» әңгімесі – қазақ халқының тағдырын, елдің әлеуметтік жағдайын, жетімдер тағдырын терең толғаған шынайы шығарма. Оның шығармашылығы бүгінде де рухани азық, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі болып қала бермек.
Шара соңында ақынның шығармашылығына арналған әдеби талқылаулар мен пікір алмасулар өтті. Кештің ерекше маңызы – Сәбит Дөнентаев сынды тұлғалардың рухани мұрасын жаңа заманға сай қайта жаңғырту және оны келешек ұрпаққа жеткізу.
Бұл мәдени кеш қазақ әдебиетінің алтын қорын толықтырып қана қоймай, ұлттық руханиятты байыта түсетін елеулі оқиға ретінде есте қалды.