Астанада оқушылар төбелескені рас па?
Әлеуметтік желіде елордада оқушылар арасында төбелес болып, салдарынан адамдар қаза тапқаны жайлы ақпарат тарап жатыр, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Астана полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Әлеуметтік желілерде Астанадағы №37 мектептің маңында төбелес болып, екі адам қаза тауып, бірнеше адам ауруханаға түскені туралы жалған ақпарат тарағаны анықталды. Төбелестің өзі, сондай-ақ онда қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, – деді Астана полиция департаменті.
Полиция департаментінің мәліметінше, 102 арнасына үй ауласыда жастар жиналды деген хабар келіп түсті. Патрульдік полицияның дер кезінде келіп, жасөспірімдердің бұзақылық әрекеттерінің алдын алды. Олар мән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Полицияның айтуынша, жасөспірімдер бір-бірінің арасындағы қарым-қатынасты анықтау мақсатында жиналған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.