Басты ақпаратМәселе

Төтенше жағдайда шалт қимылдайды

Ұлт үшін үнсіз, халық үшін қалтқысыз еңбек етіп жатқан жандардың ішінде төтенше жағдай қызметкерлерінің еңбегі ерен қашанда. Олар бейбіт күнде отқа да, суға да түсіп, халықтың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етуден жалыққан емес. Алайда олардың сол бір жанкешті еңбегі қарапайым халықтың көзіне көріне бермейді. Бірақ олардың көріне бермейтін еңбегінің артында өміріміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі жатқанын ойдан шығармағанымыз абзал.

Қанша бөлімше, неше қызметкер бар?

Қазіргі таңда Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде және оның бөлімшелерінде 2 мыңға жуық құтқарушы жұмыс істейді. Сонымен қатар департамент 60-қа жуық өрт сөндіру автокөлігіне жүргізуші қабылдап жатқанын мәлім етті. Айтуынша, төтенше жағдайлар қызметіне қызығатын әр маман үшін барынша жағдай жасалған. Мысалы, жұмысқа қабылданған жас мамандар, ең алдымен, алғашқы арнайы дайындық оқуынан өтеді. Сондай-ақ оларға тәлімгерлер тағайындалып, олардың қыз­метке бейімделуіне көмек көрсетеді. Қызметкерге міндетті әлеуметтік сақтандыру төленеді және ведомстволық емханадан тегін медициналық көмек алу мүмкіндігі қарастырылған. Ал қызметкер денсаулығына байланысты еңбекке уақытша жарамсыз болған жағдайда, еңбекақысын толық көлемде алу қарастырылған әрі оларға кезекке тұру арқылы қызмет пәтері де беріледі, арнайы киіммен толықтай қамтамасыз етіледі. Ал қазір Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жарағында 200-ден аса техника мен 14 жауынгерлік өрт сөндіру бөлімі жұмыс істеп тұр. Өрт сөндіру бөлімшелерінің барлық техникалық құрал-сайманы толық.

Осы жылдың 9 айының нәтижесі бойынша 3877 авариялық-құтқару оқиғасы және авария­лық-құтқару жұмысына шығу тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 9,6 пайызға аз. Міне, осы тіркелген жағдайлардың барысында 194 адам құтқарылып, 258 адам эвакуацияланған, Ал техногендік сипаттағы ­төтенше жағдайлар бойынша 517 оқиға тіркеліп, 39 адам зардап шегіп, 16 адам қайтыс болған

Құтқару жұмысы қарқынды

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, осы жылдың 9 айының нәтижесі бойынша 3877 авария­лық-құтқару оқиғасы және авария­лық-құтқару жұмысына шығу тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 9,6 пайызға аз. Міне, осы тіркелген жағдайлардың барысында 194 адам құтқарылып, 258 адам эва­куацияланған, бір қуанарлығы, авариялық-құтқару жұмысы барысында ауыр зардап шеккендер тіркелмеген. Ал техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар бойынша 517 оқиға тіркеліп, 39 адам зардап шегіп, 16 адам қайтыс болған. Табиғи төтенше жағдайлар бойынша тіркелген 6 оқиғадан 23 адам зардап шегіп, 4 адам қаза болған. Жылу беру кезеңіне де төтенше жағдай қызметкерлері салғырт қарап отырған жоқ.

– Біздің қызметкерлер жыл­дың қай мезгілінде, қай кезеңінде болса да үздіксіз, қарқынды жұмыс істеп келеді. Мысалы, жаз айларында халықты су жағалауларының қаупінен сақтандырса, қыста тұруға жарамсыз казармалық үйлерде, жатақханалар мен саяжайларда тексеру жұмысын үзбей жүргізіп тұрады. Қазіргі кезде қала бойынша бақылауымызда 33 мың тұрғын үй бар. Олардың ішінде 750 отбасы тұрғындардың әлеуметтік-осал топтарына жатады, оның 606-сы қауіпсіздікпен қамтамасыз етілген. 85-іне көміртегі тотығы датчиктері орнатылды, қалған отбасыларда (521) көміртегі тотығы датчиктері орнатылған, батареяларды сыртқы тексеру және ауыстыру жұмысы жүргізілді, – дейді Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев.

Былтырғы жағдайға назар аударсақ, 2023-2024 жылғы жылу беру кезеңінде қалада 188 өрт оқиғасы тіркеліп, 11 адам түрлі деңгейде зардап шеккен. Сондай-ақ 2023-2024 жылғы жылу беру кезеңінде қалада 188 өрт оқиғасы тіркеліп, 11 адам түрлі деңгейде зардап шегіп, 9 адам қайтыс болған.

Астанада биылғы жылу беру маусымы енді ғана басталды. Сондықтан бұдан бұрынғы жағдайлар қайталанбау үшін төтенше жағдай қызметкерлері сақтық шараларын барынша күшейтіп, жұмыс істеп жатыр.

Кейде адам өміріне кез келген жағдайда, оқыстан қауіп төнуі мүмкін. Тіпті өзіңіз де сақтық шараларын ұстанып жүрмесеңіз де, үйіңіздегі электр сымдардан, терезеден өзіңізге немесе балаларыңызға қауіп бар. Сондықтан Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті биылғы 16 шілдеден бастап «Қауіпсіздік құлып» апталық профилактикалық акциясын бастаған болатын. Акция барысында төтенше жағдай қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлерге тексеру жұмысын жүргізіп, балалардың терезеден құлап жарақаттануы мен өліміне байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша ауқымды профилактикалық, түсіндіру жұмысын жүргізген еді.

Орманды өрттен сақтау – басты міндет

Өрт қай кезде де қауіпті. Әсіресе жаз айларында орман өртінің қаупі арта түседі. Оған осыдан 1-2 жыл ғана бұрын болған Қостанайдағы өрт мысал бола алады. Алайда қазір Төтенше жағдайлар министрлігі болсын, Экология және табиғи ресурстар министрі болсын – бәрі де орман аумағындағы өрт қаупін азайту мақсатында жұмыла жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде қазіргі таңда орман өртін ерте анықтау жүйесі орнатылып, олар ормандағы кез келген өрт қаупін алдын алу мақсатында жұмыс істеп тұр. Бұл туралы жуырда өткен Үкімет отырысы барысында Экология және табиғи ресурстар ми­нистрі Ерлан Нысанбаев айтқан болатын. Сондай-ақ ол орман шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары мен орман шаруашылығы мекемелерін өрт сөндіру техникасы және жабдықтармен қамтамасыз ету жұмысы да қарқынды жүріп жатқанын алға тартты.

– Өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден техника мен жабдықтарды сатып алуға 15,9 млрд теңге бөлініп, оған 526 өртке қарсы және патрульдік техника сатып алынса, 2024 жылы еліміздің орман шаруашылығы тарихында алғаш рет 1384 өртке қарсы техника мен 921 тіркеме техниканы сатып алуға 52 млрд теңге бөлінді, оның ішінде лизинг есебінен 40 млрд теңге қарастырылған. Бұдан басқа, орман өртін ерте анықтау жүйе­сін орнату есебінен 961 мың гектар мемлекеттік орман қоры осы жүйенің тұрақты бақы­лауында болады. Келесі жылы осындай жүйе «Семей орманы» резерватында енгізіледі. Соңғы 4 жылда 1300 гектар аумақта жаңа орман питомнигі қайта жаңарып, құрылды, сонымен қатар 1176 гектар аумақта орман питомнигін қайта құру жоспарлануда, – деп атап өтті министр Ерлан Нысанбаев.

Істеліп жатқан жұмыстың бәрі, біріншіден, жеріміздің жасыл желегін арттыру мақсатында болса, екіншіден, табиғат пен адамдарды өрт қаупінен сақтау.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button