Басты ақпаратМәдениет

Қоғам шындығын көркем кестелеген

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы-публицист, Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі Жылқыбай Жағыпарұлының «Қыз қыран» және «Қарасарт» кітаптарының таныстырылымы өтті.

Биыл туғанына 70 жыл толған қаламы қарымды қаламгердің соңғы қызмет орны – «Егемен Қазақстан» газеті. Осы басылымда 15 жыл шолушы болып, зейнетке шықты. Таныстырылымда аталмыш газет бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет Жылқыбай Жағыпарұлы бірнеше басылымда жұмыс істеп, соның ішінде «Егемен Қазақстандағы» кезеңде қазақ баспасөзінің дамуына үлкен үлес қосқанын, бұл басылым үшін аяулы тұлға болып қалғанын атап өтті. Қайраткерлік қырларына, қаламгерлік қарымына, «Қарасарт» повесінің ерекшеліктеріне тоқталды. Осы шығарма тәуелсіздіктен кейінгі кезеңнің шындығын, жекешелендірудің салдарын ашық көрсетуімен, жазылу тілінің шұрайлылығымен ерекшеленетінін, көркем фильмге сұранып тұрғанын айтты.

Белгілі ақын, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділбек Ыбырайымұлы «Қарасарт» повесін оқуды бастағанда алғашқы сөйлемдерінен қызықтыра жөнелгенін, шығармада қоғамның бір кезеңнен екінші формацияға ауысуы көркем тілмен кестеленгенін, кеңестік жүйенің күйреген шағы мен тәуелсіз Қазақстанның апыл-тапыл қадамдары әлеуметтік, тұрмыс­тық, психологиялық жағынан жақсы қамтылғанын атап өтті. Жылқыбай Жағыпарұлы «Зар-нала» повесінде қазақтың қасіретін қанын тамшылатып көрсеткенін, жалпы оның әдеби шығармаларын насихаттау керектігін айтты.

Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы «Егер Жылқыбай Жағыпарұлы журналистикаға араласпай, таза жазушылық жолмен жүргенде қазақ оқырманына жазушы ретінде танылар еді, оған аттары аталған шығармалары дәлел» деген пікірін жеткізді.

Жазушы-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қайсар Әлім Жылқыбай Жағыпарұлының азаматтық болмысына, оның араласқан ортасына тоқталды. «Егемен Қазақстан» газеті арқылы Астана шежіресін жазғанын атап өтті. Қаламгер газеттің қара жұмысымен жүріп, еңбекқорлық танытып, тамаша көркем шығармаларды тудырғанын айтты.

Ардагер журналистер, Жылқыбай Жағыпарұлымен қызметтес болған Рахия ­Әлібекова мен Бәдуан Имашұлы қаламгердің «Арқа ажары» газетіндегі кезеңі жайында әңгімеледі. Сонда оның журналистік шапшаңдығын, батылдығын, бір өңірдің ғана емес, ұлттың мәселесін көтергенін, өзінен кейінгі жас журналис­терді тәрбиелеудегі еңбегін айтып өтті. Белгілі журналист, қаламгердің шәкірті Бейбіт Оспан «Қарасарт» кітабына енген «Нарық новеллалары» топтамасының бірнеше әңгімесіне қысқаша тоқталды.  Журналист-жазушы, Астана қаласы әкімінің тұңғыш баспасөз хатшысы Сәдібек Түгел қаламгердің елорда тынысын жазудағы еңбегі туралы айтты.

Жиын барысында ­Жылқыбай Жағыпарұлының кешегі Целиноград-Ақмолада қазақ мектептері мен сыныптарын ашудағы, қазақтың өзекті мәселелерін шешуге белсенді араласуы жайында айтылды. Жазушының жары Қарлығаш Жағыпарова қаламгердің «кухнясы» туралы айта келе, таныс­тырылымға жиналғандарға алғыс айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button