Басты ақпаратМәдениет

«Кітапханашы күнделігі» көрерменге жол тартты

24 қазан күні елімізде Кітапханашылар күні мерекесі аталып өтеді. Соның қарсаңында осы мамандық иелеріне тарту ретінде «Кітапханашы күнделігі» моноспектаклі жол тартты. Қойылым премьерасы Астананың Музыкалық жас көрермен театрында өтті. Авторы – бас қаладағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Сахналық туындымен аттас кітаптың да жарық көргенін атап өту керек. «Арнайы отырып алып күнделік жазайын дегендіктен емес, шынында бұл екі жыл бойғы ешқандай редакциясыз лықсып келген менің ойларым еді. Шығармашылық ортада, мәдениет, өнердің ортасында біз де адамбыз, неше түрлі күй кешеміз, негізі бұл кітап та, қойылым да – кітапханашы мамандығының мәртебесін арттыру мақсатында ғана жарыққа шыққан дүние. «Кітапты сүймеген – Құдайды сүймейді» дейді Шерхан Мұртаза. Кітапты сүю арқылы кітапханашы болдым. Мені таңдаған мамандық. Кітапханада күллі әлем тоғысады. Әр күні қызық. Сол үшін күнделік жазайын деп шештім. Барлық сұхбаттарымды да осы жерден оқисыз» дейді автор.

Кейінгі жылдары кітап оқуға оралу жүріп жатқан сияқты. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларынан кейін тиісті шаралар қолға алынды. Президент биыл өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек» деген еді. Сонда былтыр Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында көптеген елдің үлгісімен елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу мәселесін көтергенін, Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек екенін атап өтті.

Елордада қала әкімдігі мен қалалық мәслихаттың қолдауымен кітапханалар дамытылып, жаңа кітапханалар ашылып жатыр. Ал «Кітапханашы күнделігі» моноспектаклі мен кітабы – қазіргі заманда кітапханашы қандай болуы керек деген сауалға жауап беретіндей туындылар. Бұл туралы қойылымның қоюшы режиссері Асхат Маемиров айтып отыр.

«Кітапханашы дегенде тек кітап беруші адамның бейнесі елестейді, ал оның өмірінде, жан сарайында болып жатқан тебіреністер, толғаныстар, кітапханашының философиялық деңгейі, танымы қандай болу керек, осы кітапты оқып шыққаннан кейін өзгеріп сала бердім. Ғазиза Құдайбергенқызының осы кітабын кітапханашы болам дейтін адам оқып шығуы керек деп ойлаймын. «Кітапханашы күнделігінде» жалпы кітапханашының интеллектуалдық деңгейі, оның ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы парызы, қарызы, осының барлығы арқау етілген, сондықтан сахнада музыка тілімен жалғыз кейіпкер арқылы жеткізуге тырыстық» дейді режиссер.

Спектакльде бас кейіпкер бейнесін актриса Инабат Ризабек сомдайды. Автордың кітапхана, кітап, жалпы қоғам туралы ойларымен қатар өнер, соның ішінде театр жайында пікірлері айтылады. Музыкалық жас көрермен театры репертуарындағы «Гауһартас» қойылымы жайында да ойымен бөліседі. Оқиға Елена Әбдіхалықованың «Есіңе мені алғайсың», «Дариға-жүрек», басқа да лирикалық әндермен көркемделеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button