Мәдениет

Жапония құрамасы – жеңімпаз

Үстел теннисінен 6-12 қазан күндері аралығында Астана қаласында өткен 27-Азия чемпио­наты өз мәресіне жетті. Аталған біріншілікке 26 елдің 210 спортшысы қатысты. Олардың қатарында Олимпиада және әлем чемпиондары да бар.

Елорда төрінде ұйымдастырылған айтулы додаға елімізден 10 спортшы қатысып, ерлер құрамасы өз тарихындағы ең жоғарғы 7-орыннан көрінді. Жарыс­тың шешуші күні Қазақстан ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, әлемдік үздік теннисшілердің ойындарын тамашалады.

Жүлде кестесі бойынша айтсақ, Жапония 3 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен бірінші орын алса, екінші орынға 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен Қытай жайғасты. Солтүстік Корея 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен үздік үштікті түйіндеді.

Бұл реткі халықаралық додада Жапония мемлекеті үшінші рет жалпы есепте топ жарды. Бұған дейін олар 1974 және 2021 жылы (Қытай пандемияға байланысты қатыспаған) бірінші орын алған.

Әйелдер бәсекесінде жеке сайыстан Солтүстік Корея алғаш рет алтын медаль жеңіп алды. Малайзия елі Азия чемпионатында бірінші рет өз тарихында қола жүлде иеленді. 1972 жылдан бергі Азия чемпионатында тек 10 мемлекет қана жүлде еншілеген.

Ерлер бәсекесінен жеке сайыстан Жапония араға 50 жыл уақыт салып, Азия чемпионатында топ жарса, әйелдер бәсекесінен жұптық сайыста да осы елдің спортшылары өз тарихында алғаш рет алтын алды. Ал ерлер бәсекесінен жұптық сайыста Оңтүстік Корея 32 жылдан кейін ең биік тұғырдан көрінді.

– Бұған дейінгі Азия чемпионаттарында ерлер құрамасы тек 8-орынмен аяқтайтын еді. Осы жолы сол көрсеткішті бір сатыға жоғарылаттық. Әйтсе де, ширек финалда Үндістанды жеңгенде, қола жүлде де алып кетуші едік. Бұйырмады. Жеребе қорытындысы бойынша, әуелі топтық кезеңде Солтүстік Корея түскенде қауіптендік. Себебі бұл ел тек жазғы Азия ойындары, Париж Олимпиадасы сынды ірі додаларда ғана бой көрсетеді. Ойындарын көп көрмегендіктен, қандай тактика ұстау да қиын. Сирек қатысса да, олардың осы Азия чемпио­натында алтынмен қайтқанына куә болдыңыздар. Матч өте қиын өтті. Ал Сауд Арабиясымен өткен кездесуде алдын ала жеңетінімізге сеніп қойғандықтан, өте қиынға соқты. Бұл мемлекетпен Азия чемпионаты алдында да оқу-жаттығу жиынын бірге өткізген едік. Енді алдағы уақытта түрлі жарыстарға қатысып, рейтингті жоғарлатуға тырысамыз. Өйткені Азия чемпио­натында рейтингтің жоғары болғаны да маңызды, – деді ұлттық құраманың мүшесі Алан Құрманғалиев.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button