Қоғам

Мемлекеттік қызметтің жетістіктері мен перспективалары талқыланды

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің ұйымдастыруымен «Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет: жетістіктері мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Оған Парламент Сенатының депутаттары, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы, Парламентаризм институты, Ұлттық экономика министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында заманауи талаптарға сай мемлекеттік қызметті одан әрі жүйелі дамыту жоспарлары, жаңа заңнамалық тетіктерді әзірлеу және енгізу мәселелері талқыланды.

Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров тиімді мемлекеттік қызметтің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Дархан Жазықбай Президент Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі міндеттері және оларды жүзеге асыру жоспарларымен таныстырды. Олар мемлекеттік қызметті адамға бағдарланған және сервистік сипатта ілгерілетуді, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді, адам ресустарын басқару процестерін цифрландыруды қамтиды.

Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметте инновациялық HR құралдарын, сатылас мансаптық ілгерілету тетіктерін енгізу, мектеп және жоғары оқу орындары деңгейінде ерте кәсіптік бағдарлауды қолға алу, жауапты лауазымдарға ротацияны кеңейту, мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту қарастырылатынын айтты.

«Мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасы «Ең алдымен адамдар» қағидасы негізінде мемлекеттік қызметті заман талабына сай жетілдіруге бағытталып отыр. Мемлекеттік қызмет әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру ғана емес, ол ең алдымен мемлекеттік қызметшінің қоғам алдында жауапкершілікті сезініп, заң мен тәртіпке бағына отырып қызмет етуі», — деді Дархан Жазықбай.

Өз кезегінде Сенат депутаттары мемлекеттік қызметті дамыту жоспарына қатысты ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.

Іс-шара аясында депутаттарға мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берген «eQyzmet» жүйесіндегі мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімдерін цифрландыру, кадрлық бизнес-процестерді оңтайландыру жұмыстары таныстырылды. Сондай-ақ қатысушылар мемлекеттік қызметшілердің коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге арналған медиастудияның жұмысымен танысты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button