Білім

Ең мықты мамандық иесі

Ақордада ұстаздар күніне орайластырған жиын соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ісіндегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ педагогке «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын тапсырғаны белгілі. Соның бірі – Астана қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы  №66 мектеп лицейінің   математика пәнінің мұғалімі,  математика магистрі Күшай Тердікбай.

Атажұртын аңсап келген математик

Моңғолия Мемлекеттік Университетін математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша 1978 жылы бітіріп, 2001 жылы математика магистрі атағын қорғаған Тердікбай ағамыз 2005 жылы  Жапонияның Осака, Токио қалаларында Халықаралық JIСA жобасы бойынша «Білім жүйесін жаңартудың менеджменті» тақырыбында өтілген 45 күндік семинар-курсын тәмәмдаған.

1978-2007 жылдары Моңғолияның қазақ аймағы Баян-Өлгей аймағының білім беру мен әлеуметтік саласында  ұстаздық және басшылық қызметтерді атқарып, 1999-2007 жылдары Аймақ Әкімінің іс басқару орынының Әлеуметтік дамыс бөлімінің бастығы, Білім Мәдениет басқармасының бастығы лауазымында абыроймен іс  атқарды.

2007 жылы атажұртқа қоныс аударып, Астана қаласы Дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінде мұғалім, Математика-информатика-физика кафедрасының меңгерушісі, 2019 жылдан бастап №66 мектеп-лицейінде математика пәнінің мұғалімі болып істейді.  2020 жылдан Білім және ғылым министрлігінің Оқулық орталығының жанындағы математика пәнінің консултативтік кеңес мүшесі, 2021 жылдан Ұлттық Білім Акедемиясының жанындағы Республикалық Оқу әдістемелік кеңестің авторлық бағдарлама және педагогтерді аттестаттау бойынша сарапшысы қызметтерін табысты атқарып келеді.

Атажұртқа оралған аз уақыттың ішінде білімді, интеллектуал талай шәкірттің шамшырағын жағып, тәрбиелеп, үздік математиктің нәтижелерін көрсеткен Күшай Тердікбай елордаға келгелі математик ұстаздардың арасынан суырылып алға шықты.

— Еліміздегі мыңдаған педагогтың арасында атажұртын аңсап келген менің еңбегімді бағалап, лайықты марапатқа ұсынған білім ордасына, Президентке алғысым шексіз. Осы атаққа лайықты болуыға қашанда тырысамын,-дейді Күшай Тердікбай бізбен әңгімесінде қуанышымен бөлісіп.

— Астана – қасиетті өнердің ғана емес, білімділердің де ордасы. Елордадан талайды таңдай қақтырған мықтылар шыққан. Солардың ізін жалғастыру үшін біздің жастар білім мен ғылымға бет бұруы керек. Математиктерге арналған олимпиада, жарыстар, тестілеулер нағыз метематиктерді анықтауға және жас ғалымдардың атын шығаруға үлкен мүмкіндік береді, – дейді ол.

Тердикбай Күшайдың марапаттары:

  • 2024 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы
  • 2024 жылы Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері
  • -2022 жылы ҚР Білім беру ісінің құрметті қызыметкері, 2021 жыл   «Астана қаласының құрметті педагогі» атағы, медалінің иегері                                                   2018 жыл «Үздік ұстаз-2018»  Республикалық  байқауының жеңімпазы, Астана қалалық байқауының бас жүлде иегері.
  • -2013 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Олимпиада шыңына жетелеуші» атағының иегері. — 2013 жылы «Астана қаласы Білім жүйесінің алтын қоры» кітабына есімі жазылды.
  • 2006 жылы Монголия мемлекетінің «Алтын жұлдыз» орденінің иегері.
  • 2001 жылы Монголия Білім беру ісінің озат қызметкері,

Шығармашыл мұғалімнің жетістіктері

  • 2017 жылы ҚР Әділет министрлігінен 2 автторлық бағдарлама, 1-11 сыныптарға арналған 34 оқу әдістемелік құралды қамтыған, “Логикалық математика және ой дамыту” 4-16 жастағы балаларға арналған оқу әдістемелік кешен (ғылыми туынды) шығармашылық еңбегіне  авторлық құқық беріліп, стандарттық, логикалық, олимпиадалық математиканы қамтыған бұл кешенді бағдарлама бүгіндері  республика көлемінде қолданысқа еніп отыр.
  • 2013-2020 жылдары Республикалық «Дарын» ғылыми-педагогикалық орталығының ұйымдастыруымен математика мұғалімдерінің 10 рет өткізілген республикалық семинарларына модераторлық жасап, өз іс-тәжірибесін республика көлемінде таратты. Семинарларға 500-ден астам мұғалім қатысты.
  • 30-дан астам Халықаралық және республикалық математика олипиадалары мен ғылыми жоба конкурстарының алтын, күміс, қола медаль иегерлерін тәрбиелеп, 8 оқушы халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері атанды. 11-сынып бітірген оқушыларының 60-тан артық пайызы Назарбаев және Халықаралық танымал университеттердің грант иегерлері болды. 2019-2024 жылдары даярлаған 66-шы мектептің бастауыш және 5-6 сынып оқушылары жыл сайын қалалық олимпиаданың бас жүлдесін жеңіп алып, олардың ішінде 25 оқушы республикалық олимпиадада 1-3 орын жеңімпаздары атанды.

Димекең атындағы мектептегі нәтижелі жұмыс

— Дінмұхамед Қонаев атындағы  №66 мектеп лицейінде мемлекет қайраткеріне арналған музей бар. Оқушылар осында келіп, Димекеңнің елге жасаған қызметі өмір жолымен танысады. Осында талапты оқушыларды олимпиадаларға дайындаймын, оқыту курстарын өткіземін, шәкірттерімді математиканың қыр-сырына шыңдап, бағыттаймын, — дейді Күшай Тердікбай.

Күшай аға тек мықты математик, үздік ұстаз ғана емес, оқушыларға арнап оқулықтар да жазады. 4-сынып оқушыларына арналған “Логикалық математика және ой дамыту” жұмыс дәптері – жас талапкерлерге таптырмас оқу құралы. Жастай математиканың қыр-сырын меңгеру үшін осындай қарапайым тілмен, өте сауатты жазылған оқулықтар қажет-ақ.
Оқушылар логикалық есептерді жасына сай шешетін болса, оқушылардың ойлау қабілеті дамып, креативті ойлайтын болады.

Атажұртты аңсап келіп, елдегі оқу бағдарламасына өзіндік үлесін қосып, 35 шақты оқулық, бағдарлама жасаған Күшай Тердікбай – замандас педагогтары үшін, кейінгі толқын үшін нағыз ұстаздың үлгісі, әрбір ісі өнеге. Елорда ұстазы әлі талай биіктерді бағындырып, талантты шәкірттерді тәрбиелеп шығарары анық. Осы жолда оған зор денсаулық, ізгілікті ісі алға бассын дейміз. Өйткені, ол секілді мықты мұғалімдер, білікті мамандар – еліміздің біліміне, интеллектуалды жасты тәрбиелеуге ықпалы зор.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button