Телефон нөмірлері eGov арқылы берілуі мүмкін
Қазақстанда телефон нөмірлерін eGov арқылы беру туралы ұсыныс бар. Осы орайда алаяқтықтардың әрекетіне тосқауыл қою қадамдары тиімді болады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Асхат Рақымжанов Қазақстан халқы мәліметтерінің құпиялығын сақтау, алаяқтардан қорғау мәселесіне қатысты сұрақ қойды.
Өз кезегінде А. Оразбек министрлік SIM-карталарды сатуда тиісті шектеу енгізу жоспарланып отырғанын айтты.
«Алаяқтар негізінен WhatsApp және әлеуметтік желілер арқылы әрекет етеді, ал ұялы байланыс операторлары WhatsApp-ты бұғаттай алмайды. Қазіргі кезде операторлар SIM-карталар мен нөмірлерді беріп жатыр. Алайда болашақта азаматтар нөмірлерді Egov.kz порталы арқылы алады. Сонымен қатар, біз бір адамның қолында болатын SIM-карталардың санын шектейміз», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, заңды тұлғалар жұмыс бабында пайдалануға сатып алатын SIM-карталарға қатысты нақты деректерді ұсынады. Себебі қазір нөмірлер бақылаусыз өткізіліп жатыр.
«Таяуда министрлік осындай заңнамалық бастамалармен Парламентке келеді», – деді Асхат Оразбек.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова алаяқтардың тұзағына түспеу үшін не істеу керек екенін түсіндірді.
Қазір алаяқтар негізінен әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы халықты алдап жатыр.