Басты ақпаратРуханият

Журналистер бағбаны

Журналистика – әлемде аз уақыттың ішінде кеңінен тарап, қоғамдық-саяси және әлеуметтік мәселелерде өз орнын тапқан сала. Қазақ халқы үшін журналистика ХІХ ғасырда өріс ала бастады. «Айқап» және «Қазақ» басылымдары – қазақ халқының журналистика саласындағы айшықты беттері.

Журналистика туралы, оның жанр­лық ерекшелігі, қоғамдағы орны туралы дау-дамай, талас, пікірлер бүгінгі күнге дейін толастар емес. Қайта-қайта журналистика деген не, оның этикалық мәселелері дегеніміз не, оның қоғамдағы алатын орны қандай? – деген мәселелер үнемі талас-пікірлер туғызуда.

Журналистикаға мұқият зер салған адам бір нәрсені анық біледі. Ол журналистиканың бағыты, мазмұны, негізінен, тұлғаға байланысты. Тұлға өзінің мектебін қалыптастырып, журналистикаға бағыт-бағдар береді, шәкірттер дайындайды. Журналистиканың бүгіні мен ертеңгісін бағамдайды. Журналистикада тұлғалар болмаса, журналис­тердің жазатын тақырыптары да сүреңсіз болуы мүмкін. Әрі қарай бармай-ақ Кеңес заманынан мысал алсақ, қазақ журналистикасының бағыт-бағдарын анықтауда Шерхан Мұртазаның орны ерекше болды. Ол кісі көптеген шәкірттер дайындап, қазақ журналис­тикасының бағыт-бағдарын анықтап еді.

Журналистика ерекше талантты қажет етеді. Ол – әдебиетші емес, әдебиет сыншысы, әдебиет тарихшысы емес, бірақ осылар туралы қалам тербейтін ерекше адам. Журналист – қоғам өміріндегі белсенді тұлға, оның аңғармайтын, байқамайтын, мән бермейтін тақырыбы болмайды. Осындай күрделі іспен Қайрат Сақ мыр­за белсене араласып келеді. Ол – кәсіби білімі бар журналистік салада әбден ысылған тұлға. Қайрат Сақ мырзаның басшылығымен елімізде жүздеген, мыңдаған шәкірттер даярланды. Олар қазақ басылымдарында қызмет атқаруда.

Қазіргі кезде журналистика сан қырлы. Радиожурналистика, тележурналистика тағысын тағы солай кете береді. Сондықтан журналист бір жағынан саясаткер, экономист, заңгер, тіптен, тарихшы деуге болады. Журналист барлық қоғамдық гуманитарлық білімдерден хабары бар, өте алғыр зерек тұлға болуы керек. Қайрат Сақ мырза Қазақстандағы журналистиканың, әсіресе Тәуелсіздік кездегі жағдайына белсенді араласып, көп еңбек атқарды.

Оның еңбек жолы шетелдердегі қазақтармен мәдени байланыс жасайтын «Отан» қоғамының «Біздің Отан» газетінде тілші қызметінен бастау алады. Араб жазуын жетік білетіндіктен, белгілі библиограф-ғалым Ү.Сұбханбердинамен бірге «Дала уалая­тының газеті» энциклопедия­лық жинағының 4-5 томдарын құрастыруға атсалысты. 1993-1996 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аспирантурасында білімін жетілдіріп, бір мезгілде кезінде саяси қуғын-сүргін салдарынан жабылып қалған «Қазақ» газетін қайта тірілтуге ұйытқы болды, 266-нөмірі болып жалғасын тапқан апталық бас редакторының орынбасары қызметін атқарды. Осылайша атақты алаш басылымының қазақпен қайта қауышуына зор үлес қосуы осы газеттің энциклопедиялық жинағын құрастыруға ұласты. Отандық және шетел ғалымдары жоғары бағалаған «Қазақ» газеті материалдарының жинағы «Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы» баспасынан 1997 жылы жарық көрді.

Қайрат Өмірбайұлы 1996 жылы ҚазҰУ-дың  журналистика факультетіне оқытушылық қызметке шақырылды. Қазақ білімінің қара шаңырағында оқытушылықпен қоса «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы (1998-1999 ж.), «Қазақ университеті» баспасының директоры (1999-2000 ж.) қызметтерін жемісті атқарды. Университет басшылығы 2000 жылы педагогтық және ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалап, аталған оқу орнының «Баспа ісі және редакциялау» кафедрасының меңгерушісі етіп тағайындады. Осы қызметті 8 жыл тапжылмай абыроймен атқарып, 2008 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының шақыруымен «журналистика» кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. 2010 жылы жаңадан ашылған «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының тұңғыш меңгерушісі қызметін атқара жүріп, журналистика және саясаттану факультетінің ашылуына зор үлес қосты. 2011 жылдан бері аталған факультеттің деканы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Қайрат Сақ 2011-2017 жылдар аралығында қоғамдық негізде «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы  директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры міндетінде еліміздің тележурналистикасының дамуына үлкен үлес қосты. ҚР Президентінің ақпарат саласы бойынша сыйлық иелерін іріктейтін комссия құрамында және  сол кездегі ҚР Ақпарат және коммуникация, ҚР Мәдениет және спорт министрліктері ұйымдастырған БАҚ саласы байқауларының қазылар алқасына мүше болып, еліміз журналистикасының дамуына елеулі еңбек сіңірді. 2018 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен бекіген еліміздің әдебиет бағытындағы мемлекеттік сыйлыққа үміткерлерді іріктейтін мемлекеттік комиссия құрамында болды.

Қайрат Сақ ғылыми ізденісінің нәтижесінде 1998 жылы «Қазақ» газетіндегі ұлттық саяси-әлеуметтік мәселелердің жазылуы» деген тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясын сәтті қорғады. 2002 жылы ҚР Ғылым және білім министрлігі ЖАҚ төралқасының шешімімен «Әдебиеттану» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын алды. Оның ғылыми жетекшілігімен 1 ғылым кандидаты, 3 PhD докторы және ондаған магистр диссертация­ларын сәтті қорғады. Қазір 6 PhD докторантына, 4 магис­трантқа ғылыми жетекшілік етуде.

Қайрат Сақ мырзаның бергенінен берері мол тұлға. Қазақ айтады: «Алпыс тал түс» деп. Солай болғай. Қайрат мырза алдында әлі де ұзақ сапар тұр. Ол – қазақ халқының журналистикасының өсу, өркендеу жолдары. Бұл жолдарда Қайрат Сақ мырза сияқты білімді, талантты, болашақты болжай алатын, әр нәрсенің парқын білетін тұлға қажет. Қайрат Сақты мен әл-Фараби атындағы Қазақ университетінде әріптес болған кезден білемін. Сол кездің өзінде Қайрат мыр­за елдің назарын өзіне аударған қарымды журналист болатын. Бүгінде салиқалы ғалым, айтары мол тұлға.

Ғарифолла ЕСІМ,

академик

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button