Қоғам

Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті

Биыл ІІ дүниежүзілік соғыстың батыры, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл. Кеңес әскерлері мен фашистік неміс әскері арасындағы ұрыста Рейхстагқа алғаш болып жеңіс туын тіккен оның есімі осы ерлігімен тек Қазақстанның ғана емес, бұрынғы кеңес одағының тарихында да мәңгі қатталып қалды. 1924 жылы 19 қазанда дүниеге келіп, майданға 20 жасында аттанған ол соғыста ерлік көрсетіп, елге оралған соң да туған отанының дамуына шексіз үлес қосты, 21 жасында тарихи ерлік жасаған оның есімі тірісінде аңызға айналды. Батырдың ғасырлық мерейтойына орай Астанадағы ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі және Достық үйінде дөңгелек үстел өтті.

Гүл себеттері Астана қаласы әкімдігі, Қорғаныс министрлігі, қалалық Ардагерлер кеңесі атынан қойылды. Ескерткіш алдында сөз сөйлеген Астана қаласы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, тарихшы Әміржан Әлпейісов бұл күнді есте қалатын, ұлттық санамыз бен болмысымызды тербететін ерекше күн деп атады.

— Біздің жерлесіміз, Астана қаласының тумасы Рақымжан Қошқарбаевты – ұлттық мақтанышымыз деу артық болмайды. Себебі сонау Кеңес үкіметі кезінде қазақ халқы осындай азаматымен мақтанды. Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын атап өту – ұлттық жетістігімізді, қазақ халқының ұлы даланың төсіндегі батыр бабаларымыздың ұрпағы екенін дәлелдейтін, тәлім-тәрбиеге алтын бұлақ болатын оқиға. Батыр бабамыздың өмірі, ерлігі жастардың ұлттық рухын көтереді, ұлттық сезімін нығайтады, — деді ол.

Одан әрі батыр есімі ұлықталған дөңгелек үстелге де Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық ішкі саясат басқармасы, қалалық Ардагерлер кеңесі, Р. Қошқарбаев атындағы Қоғамдық қор басшылары мен өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қалалық ҚХА, қалалық Аналар кеңесінің мүшелері және ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы «Айбын» президенттің полкінің әскери қызметшілері қатысты. Жиынға жиналғандар есімі тарихта қалған қазақ сарбазының ерлігі мен батырлығын ұрпақтар жадында мәңгі сақтау мақсатында оның өмірі мен ерлігі жайлы ой-толғанысымен бөлісті.

-Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың нүктесін қойған, аты аңыз тұлға Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толды. Мемлекет басшысы ел тарихында ерекше орын алатын тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайту түсуге зор ықпал ететінін атап өткені белгілі. Осыған орай ел көлемінде түрлі шаралар өткізілді. Қаһарманның есімін мәңгі есте қалдыру үшін елордамызда қаланың ең үлкен, келісті көшелерінің біріне оның есімі беріліп, еңселі ескерткіші тұрғызылған. Биыл жыл басында №44 орта мектеп ресми түрде батырдың атымен атала бастады. Батыр бабаларды ұлықтау ісі мұнымен тоқтап қалмайды. Осы мақсатта елорда әкімдігінің қолдауымен «Рақымжан Қошқарбаев. Рейхстагқа тігілген ту» атты арнайы еңбек жарыққа шығарылды. Жалпы биыл батырдың бір ғасырлық мерейтойына орай қалада 100-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған, — деп Е. Байкен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің Арнайы хатын оқып берді. Сонымен қатар ол атап өткен батыр туралы кітап қатысушыларға таратылды.

— Ұлы Отан соғысына осы Ақмола өңірінен Ленинград, Калининград майдандарына бірнеше дивизия аттанып, жауға қарсы кескілескен шайқаста ерлік көрсетіп, соғысқан. Солардың ішінде ерен ерлігімен елдің есінде қалған батырлар көп. Рақымжан ағамыз да  — солардың бірегейі. Ол Ақмола облысының Қырыққұдық ауданында дүниеге келіп, жастайынан жетім қалып, балалар үйінде өскен. Анасы ерте қайтыс болып, әкесі репрессия құрбаны болған. Соғыс басталғанда 16 жаста болған, соған қарамастан әскерге баруға сұранады. Алдымен Көкшетауда атқыштар полкіне түсіп, Бішкектегі жаяу әскерлер училищесіне жіберіледі. Лейтенант шенін алған соң майданға аттанады. Кеңес әскері Берлинді алғанда ол 300 метр жерді 7-8 сағат еңбектеп жүріп өтіп, 1945 жылы 30 сәуірде жерлесіміз жауынгер Григорий Булатовпен бірге бірінші болып Рейхстагқа Жеңіс туын тігеді. Бұл ерлікті халқымыздың жадында сақтап қалуымыз керек. Кейінгі ұрпаққа жеткізу қажет, — деді  Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов.

Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі Владимир Божко дөңгелек үстел барысында Р. Қошқарбаев тек ерліктің ғана емес, бірліктің де символы екенін атап өтті. Сонымен қатар Астана қалалық Мемлекеттік мұрағат директоры Жангелді Бимолдин, Р. Қошқарбаев атындағы №44 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Арманай Есқұлова және басқа да белсенді азаматтар сөз сөйледі. Солардың ішінде батырдың келіні Қалам Темірова да атасы туралы естеліктерімен бөлісті.

-Менің жолдасым — марқұм Мұқатай батыр ағамның немере інісі болған. Екеуінің әкелері – бірге туған ағайынды бауырлар. Тірісінде бізге қонаққа жиі келіп, соғыстағы естеліктерін айтатын. Рейхстагқа дейін жету оңай болмаған, айғайласа адам дауысы жететін жер болса да, оқ жаңбырдай жауып тұрғандықтан жету мұң болған. Сол кезде ағатайдың аяғына оқ тиіп, әйтеуір сүйегіне дарымай, «туды тігуге күшім жетті» дейтін еді. Қасындағы Булатов «сүйегің аман» деп, жарақатын таңып берген. Осындай дара тұлға, батыр атамызды қашан да мақтан етеміз, — деді ол.

Бұған қоса аты аңызға айналған ұлы тұлғаның әскери мұрасын зерделеу, ата-бабаларымыздың ерлігін ұлықтау және насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизм мен ұлттық сана-сезімді қалыптастыру мақсатында Достық үйінде «Ерлікке тағзым» атты көрме де ұйымдастырылып, оған батырдың 100 жылдығына арналған архив құжаттары қойылды.

 

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button