Әскері қуатты елдің десі басым
Әскери қызмет және Қазақстан Республикасын қорғау – әр азаматтың парызы әрі мерейлі міндеті. Қазақстанда жыл сайын 18-27 жас аралығындағы әскери міндетін өтеуге толымды жас жігіттер әскерге шақырылады. Астанада биыл күзгі әскерге шақыру науқаны қыркүйек айында басталған болатын. Жоспар бойынша биыл 1200-ге жуық астаналық жас әскери борышын өтемек.
Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша күзде әскерге 20 мыңнан аса азамат әскерге шақырылмақ. Ел Қарулы күштеріне – 10000-ға жуық, Ұлттық ұланға 6 мыңнан аса адам шақырылады, ҰҚК Шекара қызметіне үш жарым мыңға жуық әскерге шақырылушы, Төтенше жағдайлар министрлігіне 300-ден астам және Мемлекеттік күзет қызметіне 250-ден аса адам іріктелмек.
Өткеннен – өнеге, жастарға – тәрбие
16 қазан күні Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың туылғанына 100 жыл толуына орай Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Ағалар ерлігі – ұрпаққа ұлағат!» тақырыбымен әскер қатарына шақырылғандарды шығарып салу салтанатты іс-шарасы өтті. Жастардың әскери-патриоттық сезімін, Отан қорғау жігерін асқақтатып, әскери қызметтің беделін одан әрі көтеру мақсатында өткен бұл іс-шараға ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері, ҚР ҚК ардагерлері, генералдар мен офицерлер, қала мектептерінің оқушылары және «Жас сарбаз» жасөспірімдер мен балалар ӘПК тәрбиеленушілері, курсанттар мен мерзімді әскери қызметшілер, әскери кафедра студенттері қатысты. Салтанатты жиналыста 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде белсенділік танытқан мерзімді әскери қызметшілерге ҚР Қорғаныс министрінің бағалы сыйлығы табысталып, мерзімді әскери міндетін үздік атқарған сарбаздарға білім гранты тапсырылды. Сондай-ақ акция аясында әскери техника мен қару-жарақ түрлері, әскери киім-кешек үлгілері көрмесі өтіп, арнайы мамандар жастарға жан-жақты мағлұмат берді.
Іс-шарада сөз сөйлеген Қорғаныс министрлігінің өкілдері, ардагерлер Ақмола өңірінің тумасы, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың ерлік істеріне тоқталып, бүгінгі жас ұрпақтың бақытты тұрмысы сол батыр бабаларымыздың ерлігінің арқасында келгенін айрықша атап өтті. Жастар да бұл іс-шарадан үлкен тәлім-тәрбие алып қайтты.
– Бүгін біз әскери қарулардың шағын көрмесін көріп, күзгі әскер қатарына шақырылғандарды аттандырып салу салтанатты іс-шарасына қатыстық. «Ағалар ерлігі – ұрпаққа ұлағат!» деген тақырыбы айтып тұрғандай, біз бұл іс-шарадан көп нәрсені түсініп, біраз мағлұматтар алдық. Жалпы отан алдындағы борышын өтеу – әрбір азаматтың борышы. Мен де жасым толғанда мерзімді әскери міндетті аброймен өтеп, жоғары оқу орнының грантын ұтып алсам деймін, – деді М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясының оқушысы Сұлтан Болат.
Әскерге барсаң, артықшылық көп
Әскерге шығарып салу салтанатына қатысқан жастардың «әскерге барсаң тиімділік көп екен, грант ұтып алуға болады екен» деп қызығушылық танытып отырғаны тегін емес.
Биылғы жылдың алтыншы мамырында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Осы заң аясында қорғаныс ведомствосының жасалған жоба, меморандумдар шеңберінде еліміздің жоғары оқу орындары қолдаған, құқықтық сипатқа ие болды. Сонымен қатар, тегін оқу сертификаттарын иеленгендер қосымша артықшылықтарға ие болды. Осы жылдың күзінен бастап мерзімді әскери қызмет кезеңінде өз ерекшелігімен көзге түскен жастар тегін білім алуға мемлекеттік грант алып қана қоймай, стипендия да алады. Бұдан басқа заңда студенттердің осы санатына бірінші оқу жылы ішінде жоғары оқу орындарының жатақханасынан орын бөлу де көзделген.
Сондай-ақ әскерге шақырылғандар қызмет ету кезеңінде және әскерден босатылғаннан кейін екі ай уақытқа несиелік демалыс беріледі. Бүгінгі таңда әскерде қызмет еткен мың жарымнан астам азамат жоғары оқу орындарына тегін, ал ақылы түрде 700-ден астамы оқуға түсті.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, сарбаздардың аналары комитетінің өкілдеріне кез келген уақытта Қарулы күштердің, басқа әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери бөлімдеріне баруға рұқсат етіледі. Сондай-ақ отбасымен бейнеқоңырау сервисі жұмыс істейді. Әрине, мұның бәрі – әскердегі әлімжеттіктің алдын алып, баласын әскерге жіберуден алаңдайтын ата-аналардың көңілін тыныштандыру үшін жасалып жатқан қадамдар.
Жұрт баласын әскерге жіберуден неге қорқады?
Қазір жұрттың көбі баласын әскерге жіберуден қорқады. Өйткені сарбаздар арасында өлім-жітім жиілеп барады. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери қызметкер өзіне қол салуға оқталған. Қазақстан армиясының атына сын болатын осы мәселеге Мемлекет басшысы назар аударып, арнайы комиссия құруды және жағдайды мұқият тексеріп, алдын алу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты екенін айрықша атап өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» деген болатын. Әрине, Мемлекет басшысы бұдан бұрын да бұл мәселеге тоқталып, Ішкі істер министріне де тапсырма берген. Бірақ одан өзгеріп кеткен ештеңе жоқ. Керісінше, әскердегі әлімжеттікке байланысты уақиғалар азаймай тұр. Сау кеткен азаматтың әскерден мәйіті қайтуы немесе ес-түссіз жан сақтау бөліміне түсуі тұтас Қазақстан халқын түршіктіріп тұр. Оның үстіне қылмыстың ашылмай қалуы да бұл мәселенің тамыры тереңде жатқанын айғақтаса керек. Мәселен, былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера орнатылғанын хабарлады. Бірақ биыл жазым болған әскерлер ол бейнебақылауға түспеген. Міне, осындай күдікті мәселелердің көбеюіне байланысты көптеген ата-ана баласын әскерге жібергісі келмейді немесе ебін тауып алып қалуға тырысады. Бұл өз кезегінде әскери міндетін өтеуден жалтаратындардың да қатарын молайтуда. Сонымен сенімі кеткен әскерилер әскер жасына толған жастарды адам барымталағандай көшеде жүрген жерінен тарпа бас салып әкететін әдетке де барды.
Жақында Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қорғаныс министріне армиядағы кез келген келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдауды талап етіп, «Өкінішке қарай, армиядағы жағдай бұған, яғни Президент айтқан талапқа мүлдем кереғар болып тұр. Оның үстіне әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен, соңғы рет олардың жалақысы 2008 жылы ғана көтерілген» деп батыра айтқаны бар.
Әлімжеттіктің алдын алуға бола ма?
Әскердегі әлімжеттіктің әртүрлі себептері бар. Бірақ тәртіпті күшейтіп, жауапкершілікті арттырса, бұл шешілмейтін мәселе емес. Ең бастысы, қазіргі жастарда жанашырлық, отандасына, бір елде жасап жатқан қандасына жанашырлық жоқ. Ертең ер басына күн туып, етігімен қан кешер болса, сол қасындағы сарбаздың өзіне үлкен сүйеніш, тізе қоса отырып соғысатын қанды көйлек қаруласы екенін сезінбейді. Демек, әскердегі азаматтарға психологиялық тұрғыдан берілетін тәлім-тәрбиені де күшейту керек. Бұл жөнінде осыдан бір жыл бұрын доғарыстағы полковник Еркінбек Жайлаубаев былай деген болатын.
– Бұрын Кеңес армиясында рота командирі мен жауынгердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әр солдатқа басымен жауап беретін. Оның бір тал шашының түспеуіне мүдделі еді. Әскери комиссариаттарда елу-алпыс адамды бір психолог тексерістен өткізетін. Қазір екі мың адамға бір психолог көрінеді. Ол үлгере ме? Сосын келіп әскерге шақырушылардың психологиялық жағдайына атүсті қарау орын алып жатады. Мен бірде-бір әскери психологтың арнаулы курстан өтіп, біліктілігін жетілдіріп жатқанын естіген емеспін. Олар өз жұмысына өте салғырт қарайды. Тіпті кей әскери бөлімшелерде психолог қызметін қосымша екінші біреу атқарып жүреді. Міне, осыдан келіп әскердегі суицид көбейіп отыр.
Жалпы әскерге барғандардың амандығына рота командирі басымен жауап беруге міндетті. Бірақ ауызда осылай айтылғанымен, кейде сол командирдің өзі пәленің басында тұр ма деген ойға да қаласың. Егер басшысы мықты болса, ол әскери топтың тәртібі де, машығы да мықты болатыны анық. Бақылау қатаң болса, бейбастақтыққа да жол жоқ. Бұған Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері бөлімнің басшысы, подполковник Нұржан Омаровтың сөзі айғақ. «Қазір әскердегі әлімжеттік туралы жиі айтылады. Бірақ барлық әскери сала сондай деп бәрін қаралауға болмайды. Мәселен, біздің бөлімшелерде ондай жағдай мүлдем болған емес. Себебі бізде тәртіп өте қатаң. Әскердің денесін таңертең, кеш екі уақыт тексеріп, денесінде көгерген, жараланған жерлер бар ма деп қатаң бақылап отырамыз. Егер бір әскердің денесінде қалыпсыздық байқалса, үлкен тексеру басталды. Оның үстіне, жаңадан әскерге шақырылғандарды көне әскерлермен араластырмайды, яғни күзде шақырылған сарбаздар келесі жылы күзде кетеді. Олар жаңа әскермен араласып машық жасамайды. Қазір барлық жерде камералар бар, амандыққа жауапты тұлғалар тағайындалып, олар 24/7 уақыт режимі бойынша іштегі тәртіпті қадағалап жүреді. Олардан бөлек, әскери полиция қызметкерлері әр күні кезекшілікте болады. Міне, осы тәртіптің арқасында біздің бөлімшеде ондай келеңсіз жағдай болған емес» дейді ол.
Қысқасы, қуатты ел боламыз десек, әскер сапасын арттыру аса маңызды. Ал сапалы әскери қосын құру үшін халықтың қолдауы, жастардың сенімі қажет. Әскердегі әлімжеттік тиылмай, әскердің беделі де, сапасы да көтерілмейді.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ