Басты ақпаратДенсаулық

Екпе – ең тиімді әдіс

Екпенің жұқпалы аурулардың алдын алуда пайдасы туралы жақсы білеміз. Баланы да, ересекті де аурудан қорғаудың ең тиімді әдісі екпе екендігі белгілі. Біз осы ретте контингенті көп Астана қаласындағы №4 емхананың дәрігер-эпидемиологы Айман ДОСАНОВАМЕН сұхбаттасқан едік.

– Айман Мұхтарқызы, емха­на бойынша қанша адам вакцинациялаудан өтті, екпе алды? Қандай препарат қолданылды? Кері нәтиже болған фактілер бар ма?

– 4-қалалық емхана бойынша 6944 адам гриппке қарсы екпе алды, оның ішінде ересектер – 4996, балалар – 1948, жүкті әйел­дер – 115. Кері нәтиже болған жоқ. Вакцинация халықтың барлық топтарына алты айдан бастап қартайғанға дейін салына береді. 2019 жылдан бастап, елімізде халықты тұмауға қарсы иммундау үшін ГРИППОЛ ПЛЮС вакцинасы қолданылады, оның құрамына А (H1N1), А (H3N2) және В тұмауының үш штамы кіреді. Вакцинаның антигендік құрамы тұмау вирустарының циркуляциясына және ағымдағы эпидемиологиялық маусымға болжау нәтижелеріне байланысты өзгереді.

– Вакцинациялау не үшін қажет?

– ЖРВИ таралу маусымында тұмауға бейжай қарауға болмайды. Бұл тыныс алу жолдарының жедел вирустық респираторлық инфекциясы ғана емес. Тұмау өте жұқпалы, жылдам таралатын вирустық респираторлық инфекцияларға қарағанда ауыр және тез асқынды. Сондықтан халық арасында топтық иммунитет қалыптастыру қажет. Ол халықтың едәуір бөлігі вакцинация немесе табиғи түрде берілетін ауру нәтижесінде инфекцияға қарсы иммунитетке ие болған кезде қалыптасады. Мұндай жағдайда инфекцияның таралуы бәсеңдеп, қоздырғышты тасымалдау деңгейі төмендейді. Ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың ең қауіпсіз жолы – халықты тұмауға және ЖРВИ-ге қарсы вакцинациялау. Тұмауға қарсы вакцинация тұмаудың өзінен қорғауға ғана емес, сонымен қатар ЖРВИ қосылу жиілігінің төмендетеді. Тұмау пневмония, жүректің зақымдануы-миокардит, перикардит, жүрек жеткіліксіздігі, синусит және гайморит, бүйрек аурулары – пиелонефрит және гломерулонефрит, менингит, энцефалит сияқты асқынуларымен қауіпті екенін бәрі біледі. Сонымен қатар көбінесе тұмаумен ауыр­ғандарда созылмалы аурулары күшейеді.

Вакцинация халықтың барлық топтарына алты айдан бастап қартайғанға дейін салына береді. 2019 жылдан бастап, елімізде халықты тұмауға қарсы иммундау үшін ГРИППОЛ ПЛЮС вакцинасы қолданылады, оның құрамына А (H1N1), А (H3N2) және В тұмауының үш штамы кіреді

Медицина қызметкері ата-­анаға немесе оның заңды өкіліне профилактикалық егу, ықтимал жанама әсерлер, олардан бас тарту салдары, вакцинадан кейінгі асқынулар туралы толық және объективті ақпарат береді.

Профилактикалық егуді енгізер алдында медицина қызметкері егілетін адамды тексереді.

Алдын ала егуді жүргізудің шарты бойынша тұрғындар жазбаша түрде келісім береді немесе екпе алудан бас тартады.

– Қандай адамдарға екпе алуға болмайды?

– Тауық жұмыртқасының ақуызына аллергиясы бар адамдарға тұмауға қарсы екпе жасалмайды.

Гриппке қарсы бұрын алған кезде аллергиялық реакциясы болған адамдарға жасалмайды.

Қандай да бір созылмалы ауруы бар және ол асқынып тұрса, ондай науқастарға екпе алуға болмайды. Тек ауру ремиссия бергеннен кейін, яғни, дерттің асқынуы басылғаннан кейін ғана вакцина алуға рұқсат етіледі.

Қызуы көтеріліп, жедел рес­пираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) немесе өзге бір вирустық инфекциямен ауырып тұрған кезде де екпе салдыруға тыйым бар. Олар тек вирустық инфекциядан жазылып шыққаннан кейін екі апта өткен соң барып, екпе салдыра алады.

– Адамдар басқа аурулардан қалай сақтанып және күтініп жүруі керек?

– Тұмауға қарсы иммунитет 2-4 апта ішінде қалыптасады және 1 жыл бойы сақталады. Уақытында жасалған тұмауға қарсы екпе өзіңізді қауіпсіз сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан сізден тіркелген медициналық ұйымға барып, тұмау мен ЖРВИ-ға қарсы вакцина алған дұрыс деп санаймын.

Жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау үшін көптеген әдістер бар: жеке және қоғамдық гигиена ережелерін сақтау, салауатты өмір салты, санитариялық қадағалау, профилактикалық екпелер. Жеке гигиенаны сақтау, атап айтқанда, қолды жуу көптеген жұқпалы аурулардың алдын алады. Жеке қорғаныс құралдарын қолдану жұқпалы аурулардың қоздыр­ғыштарының ағзаға енуіне жол бермейді.

– Иммунитетті көтерудің қандай жолдары бар?

– Салауатты өмір салты денсаулықты нығайтады, ал сау дене кез келген инфекциямен тиімдірек күреседі. Салауатты өмір салты ағзаның инфекцияға төзімділігін арттырады. Біз күнделікті микробтармен бетпе-бет келеміз, бірақ ауырып қаламыз ба, жоқ па, көбінесе иммунитеттің бізді қаншалықты қорғай алатындығына байланысты. Егер иммунитет күшті болса, дене оған енген патогендік микро­организмдердің көбеюін тез басып, аурудың дамуына жол бермейді немесе ол жеңіл түрде жүреді. Егер иммунитет әлсіресе, дене инфекциямен тиімді күресе алмайды, микроорганизмдер тез көбейіп, ауру тудырады, асқынулар жиі кездеседі.

Дене шынықтырумен айна­лысу – мықты денсаулыққа бірінші қадам. Әлсіз адам жиі серуендеуі керек. Жаяу жүру – дене шынықтырудың ішіндегі ең қолжетімдісі. Серуенді асықпай, таза ауады өткізу керек.

Жылдам жүру. Ағзаға аздап күш түсірсеңіз, дене қимылыңыз­ға байланысты қан жүгіріп, ағзаңызға оттегі тарайды. Ағза­дағы зат алмасу жылдамдап, тотығу-түзелу жаңаланып, көңіл-күйіңіз көтеріледі, яғни көңіл-күй жақсарса, иммунитет те көтеріледі. Бірінші күні – 1 шақырым, мұнан кейін күндегісін күніге бұл қашықтықты 5 шақырымға дейін жеткізу керек. Қалалық жағдайда жұмысқа дейін немесе жұмыстан кейін бір-екі аялдама жылдам жаяу жүрсеңіз жеткілікті. Иммунитетті көтеру үшін таза ауада серуендеуден гөрі жылдам жүру пайдалырақ.

Салқын сумен жуыну. Иммунитетті көтерудің бұл түрін де ақырындап бастағаны жөн. Алдымен аяқтарыңыздан бастап салқын су құйыңыз, сосын белден төмен қарай, сосын иықтан төмен қарай, ең соңында төбеден бастап төмен қарай салқын сумен құйыңыз. Алғашында 1-2 рет жуынып, уақыт өте көбейтіңіз.

Спортпен шұғылдану. Фитнеске, биге қатысу иммунитетті көтерумен бірге тәніңіздің сұлулығын сақтауға және сұлулана түсуіне көп ықпалын тигізеді.

Құнарлы ас ішу. Тамақтану арқылы да иммунитетті нығайтуға болады. Ішетін тамағыңыз табиғи, дәрумендерге бай болуы қажет. Олар: жеміс-жидек, көкөністер, бал, ет және т.б. Қанты көп тағамдарды және қуырылып дайындалған тағамдарды аз пайдаланғаныңыз жөн, өйткені ол тағамдарды қорыту үшін ағзадағы пайдалы заттар жұмсалады, тиісінше иммунитет әлсірейді.

Пайдалы тұнбалар пайдаланыңыз. Иммунитетті нығайту үшін әртүрлі шөптердің жапырақтары мен тамырларынан алынатын тұнбалар және итмұрын (шиповник) шырыны, алма, лимон, киви, құрма, тағы басқа көкөніс, жемістерді жеудің пайдасы зор.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

P.S: «Ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол ізде» дейді халық даналығы. Ендеше, түрлі инфекциялардан қорғап, адам өмірін сақтаудың қауіпсіз және ең тиімді әдісі – вакцинация екенін ұмытпай, өзіңізді, жақындарыңызды қолдап жүруді ұмытпаған жөн.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button