Қос кітапхана ашылды
Елордада қос кітапхана ашылды. Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов әріптесі Бауыржан Қасымбергебаевпен бірге Шәймерден Қосшығұлұлы көшесі, 8/2 үйдегі №8 көпшілік кітапхананың ашылу салтанатына қатысты. Ал Сығанақ көшесі, 14 мекенжайында №6 балалар кітапханасы жұмысын бастады.
Кітапханалардың ашылуына қатысқан қалалық мәслихат депутаттары, мәдениет саласының өкілдері, кітапхана қызметкерлері және оқырмандар залдарға экскурсия жасап, кітап қорымен танысты.
№8 көпшілік кітапхана қорында қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары, балалар әдебиеті, салалық кітаптар және энциклопедияларды қамтитын 6 мың кітап бар екен.
Ерлан Каналимов салтанатты рәсімде қалалық мәслихат әкімдікпен бірлесіп өткен жылы «Астананың кітапханалар жүйесін дамытуға арналған кешенді жоспарын» әзірлеп, бекіткенін тілге тиек етті.
«Бүгінге дейін 18 кітапханамызға күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп, жаңа форматқа көшірдік. Осы уақытқа дейін 3 жаңа кітапхана ашылса, тағы 1-еуі өзінің ашылу кезегін күтіп тұр. Келер жылы да кітапханалар санын көбейтеміз. Кітап қорын көбейту – негізгі мақсатымыз. Кітап қағаз жүзінде болуы керек. Компьютердегі кітапты оқыған қағаз кітапты оқығандай болмайды. Бұл екеуін адамның қабылдауы да бөлек, одан алар сезімі де басқаша» деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы.
Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева жаңа кітапханада оқырмандарға барлық қолайлы жағдай жасалғанын айтады.
«Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 20-дан астам мекеме кіреді. Биылдан бастап 4 жаңа ғимарат беріліп, соның ішінен кітапхана аштық. Сөйтіп мекемелеріміздің саны 4 кітапханаға көбейді. Қазір жүйеде барлығы 22 мекеме бар. Ашылып жатқан көпшілік кітапханада екі бөлім бар: кітап беру және коворкинг бөлімдері. Оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Күрделі жөндеу жүргізілген. Жиһаздары мен кітаптарына дейін жаңадан сатып алынды. Тағы бір қуанарлығы, кітапхана қызметі тұрғындар үшін тегін. Бүгінгі таңда орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап қоры 800 мыңдай болса, оқырмандарымыздың саны 80 мыңнан асты» дейді ол.
Сондай-ақ екі айтулы дата – қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 50 жылдығы мен еліміздегі мәслихаттардың 30 жылдығына орай кітапханашы-жас мамандар арасында өткен «Ең үздік кітапханашы» байқауының қорытындысы шығып, жеңімпаздар марапатталды. Шығармашылық байқаудың бас жүлдесі – Дубайға жолдаманы №1 балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлкен Ахметова жеңіп алды.
Ашылу салтанаты Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметованың, қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен №6 балалар кітапханасының кітап қоры көркем әдебиет, энциклопедия, балалар әдебиеті және шетел әдебиетін қосқанда, барлығы 3 мыңнан астам кітаптан құралған. Кітапхана 6 жастан және одан жоғары жастағы оқырмандарға арналған. Олар оқу залына барып, бірден кітапханаға жазылып, үйде оқуға жаңа кітаптарды алды.
Төлен ТІЛЕУБАЙ